Мұғалім сөзі. Сабақтың мақсаты

Сабақ туралы мәлімет

Сынып
9-сынып
Пән
Қазақ әдебиеті
Мұғалім
Жанзақова Рахия
Тақырып
Шешендік сөздер — құнды мұра, асыл қазына (презентациясымен). Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би
Сабақтың типі
Жаңа білім беру
Сабақтың түрі
Дәстүрлі емес
Әдісі
СТО (Блум таксономиясы)
Көрнекілігі
Билер суреттері, тірек сызбалар
Құрал-жабдық
Интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс
Тарих, қазақ тілі

Сабақтың мақсаты

Білімділік

  • Шешендік сөздің түрлері мен ерекшеліктері туралы білімді тереңдету.
  • Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің өмірі мен тарихи тұлғасын таныту.
  • Ділмарлыққа қатысты әңгіме-аңыздарды талдатып, мазмұнын меңгерту және құрылымын түсіндіру.

Дамытушылық

  • Шешен сөздердегі өткір ойды тану, талдау дағдысын жетілдіру.
  • Шығармашылық ізденіске бағыттау.
  • Мәнерлеп оқу шеберлігі мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Тәрбиелік

  • Ел бірлігін қадірлеген билердің тұлғасын үлгі ету.
  • Халықтық мұра — шешендік сөзді және салт-дәстүрді сақтау құндылығын ұғындыру.
  • Шешендік өнерді құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, сабақ мақсатына назар аударту, сыныптың жұмыс ырғағын қалыптастыру.

II. Үй тапсырмасын сұрау: «Зымыран сұрақтар»

  1. Халық ауыз әдебиетінің салаларын ата.
  2. Шешендік сөздер дегеніміз не?
  3. Шешендік өнердің құндылығы мен қиындығы туралы қандай ойлар айтылады?
  4. Шешендік сөздердің өзіндік ерекшеліктері қандай?
  5. «Дүниеде не өлмейді?» деген сұраққа қалай жауап берер едің?

III. Жаңа сабақ: Блум таксономиясы бойынша кезеңдер

Сабақ құрылымы оқушының түсінуінен бастап, талдау мен жинақтауға дейін бірізді өрбиді.

Білу

«Үш пайғамбар» атанған билер туралы мәлімет.

Түсіну

«Атаның сөзі — ақылдың кені» интеллектуалды ойыны.

Қолдану

«Үш кемеңгер, дүлділім» атты шағын көріністер.

Талдау

Семантикалық карта арқылы тақырыптарды сәйкестендіру.

Жинақтау

Шешендіктің бір тармағы ретінде мақал-мәтелдермен жұмыс.

Бағалау

«Не үйрендім? Не білдім? Жүрегіме не түйдім?» рефлексиясы.

Зерттеуші А. Янушкевичтің әсерлі пікірі

Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін, асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім. Бұдан бірнеше күн бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім. Сонда мен тумысында Демосфен мен Цицерондарды естіп-білмеген жандардың жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болдым.

Ал бүгін менің алдымда оқи да, жаза да білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес...

Мұғалім сөзі

Атақты зерттеушіні таңғалдырған шешендер мен ақындардай, Жиренше шешен «жақсылар» деп атаған тұлғалар қатарында бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бар. Бүгінгі сабағымыз осы үш би мұрасына арналады.

Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,
Асқар тау Қазығұрттай білім еді.
Бірі күн, бірі туған айдай болып,
Заманға сәйкесімен келіп еді.

Қазанғап Байболұлы

Ендеше, өткен бабалардың өнегелі сөздерін тыңдайық.

1) Топтық жұмыс (бейнежазбадан үзінді)

Әр топ өздері дайындап келген материал бойынша сөйлейді. Жауап барысында экраннан билердің суреттері көрсетіледі.

  • I топ

    Төле би

  • II топ

    Қазыбек би

  • III топ

    Әйтеке би

2) «Атаның сөзі — ақылдың кені» интеллектуалды ойыны

Ойын шарты: ұяшықтарда берілген би-шешендердің сөздерін немесе өлең жолдарын жалғастыру, авторын анықтау және мазмұнын түсіндіру.

50 ұпай

«Тегімді менің сұрасаң, Дулаттан тарап өрбіген, Жаныстан шыққан Төле едім…» — өлең жолын жалғастыр.

50 ұпай

«Жаманға да бақ қонатын күн болады, Біреудің өтірігі шын болады…» — кімнің сөзі? Әрі қарай жалғастыр.

40 ұпай

«Жаңбыр жаумаса — жер жетім…» — кімнің сөзі? Жалғастыр.

30 ұпай

Бұқар жыраудың «бірден онға дейін санның мағынасы» туралы сұрағына Қаз дауысты Қазыбек қандай жауап берген?

30 ұпай

Қалмақ ханы Қоңтажыға Қазыбек бидің айтқан сөзін айтып бер.

20 ұпай

Қазыбек бидің «Кім жақын? Не қымбат? Не қиын?» деген үш сұраққа берген жауабын айт.

20 ұпай

«Екі адам керіссе, оның арты — қызыл шоқ. Біз үш жүз керіспейік, келісейік…» — кімнің сөзі? Жалғастыр.

10 ұпай

«Ашу деген — ағын су, алдын ашсаң арқырар…» — кімнің сөзі? Жалғастыр.

10 ұпай

«Суалмайтын суат жоқ, тартылмайтын бұлақ жоқ…» — кімнің сөзі? Жалғастыр.

3) Шағын көріністер

Әр топ алдын ала дайындаған сахналық көрінісін ұсынады.

  • I топ: «Әнет баба мен Төле»
  • II топ: «Қазыбек бидің төрелігі»
  • III топ: «Әйтеке бидің билігі»

4) Семантикалық карта

Тапсырма: берілген шешендік сөздер мен тақырыптарды Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бимен сәйкестендіру.

Тақырып / тұжырым Төле би Әйтеке би Қазыбек би
1 «Он жұмбақтың жауабын тапқан би»
2 «Алты атасын арқалап жүргенді сендерден көрдік»
3 «Жаңа үйреткен жас тұлпар»
4 «Ынтымағы бар елді жау алмайды»
5 «Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге көш»
6 «Күлтөбенің басында күнде жиын»

Ескерту: кесте оқушылардың орындауына арналған. Сәйкестендіру жауаптары сыныппен бірге талқыланады.

5) Шешендіктің тағы бір тармағы — мақал-мәтелдер

Сұрақтарға мақалмен жауап беру.

I топ

Сиырдың сүті қай жерінде?

Жауабы: Сиырдың сүті тілінде.

II топ

Не сипағанды білмейді?

Жауабы: Сиыр сипағанды білмейді.

III топ

Қандай бала сүйкімді?

Жауабы: Күлшелі бала сүйкімді.

IV. Жаңа сабақты бекіту

Үш пайғамбар атанған үш би туралы әңгімелер мен нәрлі сөздерден алған білімге сараптама жасаймыз. Ел мұңын мұңдаған, халқына қызмет еткен билер бойындағы қасиеттер арқылы оларды тағы қандай қырынан таныдық?

Топтастыру стратегиясы: «Би» тұлғасының қырлары

  • Ойшыл
  • Ғалым
  • Тәрбиеші
  • Елші
  • Мәмілегер
  • Заңгер
  • Саясаткер
  • Қоғам қайраткері
  • Шешен
  • Психолог
  • Ақын

V. Қорытындылау және рефлексия

Оқушылардың жауабына сүйене отырып, сабақта төмендегі сұрақтарға қайта ораламыз:

  • Не үйрендім?
  • Не білдім?
  • Осы сабақтан жүрегіме не түйдім?

Шынайы шешен — жарқын тұлға. Билеріміздің қазақ елі төріндегі жарық жұлдыздардай дара бейнесін таныдық. Жиренше шешен «жақсылар» деп бағалаған шешендеріміздің рухы биік екені даусыз.

Ұрпақ — сендер олардың ұлағатты сөздерін ұмытпай, жаттап, айтып жүрсеңдер, аттары халық жадында мәңгі сақталады. Ескерткіш-мүсіндегі қияға көз тіккен бабалардың отырысы — ел іргесінің мығымдығын аңғартқандай.

Төл тілімізде сөз кестесін төгілткен, әділдікке жүгінген арыстар армандаған Тәуелсіздігіміз баянды болғай.

VI. Бағалау

Оқушы алдымен өзін-өзі бағалайды, кейін мұғалім қорытынды баға қояды.

VII. Үй тапсырмасы

«Шынайы шешен — жарқын тұлға»

Шағын шығарма-ойтолғау жазу.