Табиғат - әлем денсаулығының сақшысы, жаңға дауа шипагер

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, №31 орта мектептің 7-сынып оқушысы — Сығайбаев Бекболат

Табиғат – тал бесігім

Табиғат — мағынасы кең ұғым. Ол — өзіміз тіршілік етіп, өмір сүретін орта; жанға қуат, жүрекке мейірім ұялататын мәңгілік мекен.

Бабалар аманаты: табиғатқа құрмет

Ерте кезден халқымыз табиғаттың кейбір жаратылысын киелі, қасиетті деп танып, оларды өлтіруге, жоюға болмайтынын өсиет еткен. Табиғат пен адамды біртұтас деп қарап, қажетіне жаратып қана қойып, қалғанына зиян келтірмеуді мұрат тұтқан.

Қастерлі орындарды «әулие-бұлақ», «әулие-ағаш» деп атап, көздің қарашығындай қорғаған. Ал қарлығаш, аққу, ұлар секілді құстарды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы деп біліп, ұясын бұзуға, балапанын жоюға, өздерін өлтіруге мүлде рұқсат етпеген.

Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,

Жаным сенен жаратылған өлкемсің.

Қандай жақсы қазақ болып туғаным,

О, туған жер! Тамашасың, көркемсің.

— Өлең жолдары

Туған жердің көркі — табиғат

Иә, туған жер, өскен ел туралы жүрекке жылы сөздердің бәрі табиғат деген таңғажайып ұғыммен астасып жатады. Қазақстанның табиғаты көз тартар: бар сұлулықты өн бойына жинаған, көркемдігімен көңіл баурайтын өлке.

Табиғат — адам баласын әлдилеп өсіретін аяулы орта. Ол көңілге шабыт, сезімге ләззат сыйлайды, жанға тыныштық береді. Табиғат — әлем денсаулығының сақшысы, жанға дауа, дертке шипа.

Кең дала көресің сонау жатқан,

Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.

Асқар тау, айдын шалқар, көл, өзен,

Әке, сол анам еді мені туған.

— Өлең жолдары

Жер — тіршіліктің тірегі

Табиғаттың басты байлығы — жер. «Күте білсең, жер — жомарт» деген халық мақалы тегін айтылмаған. Жер бетіндегі тіршіліктің бәрі қоректік нәрін топырақтан алады.

Топырақ — өмірдің иісі аңқитын қасиет. Ол еңбегіңді еселеп қайтаратын береке; жақсылықтың бастау-бұлағы.

Таза ауа — өмірдің өзегі

Тіршілік атаулының арманы — таза ауа. Ауа — адамға бәрінен қымбат: дем алғанда жан бітіп, бойға күш дариды.

Ауа қымбат — алатын дем қымбат. Таза тыныс — денсаулықтың да, сергек ойдың да кепілі.

Су — тіршіліктің нәрі

Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлықтың бірі — су. Су — адамзаттың тіршілік көзі. Сусыз өмірді елестету мүмкін емес.

Су — жүрекке жыр, көңілге нұр, сезімге гүл сыйлайтын берекелі құндылық.

Су деген тіршіліктің қаны емес пе,

Су деген табиғаттың жаны емес пе?

Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат,

Күміс су, қара жердің сәні емес пе?

— Өлең жолдары

Өсімдік — жасыл әлем

Табиғат — ол өсімдік. Өсімдік — жасыл желек, көк майса, қызыл-жасыл гүлдер. Ол ашыққанда — ас, шөлдегенде — сусын, ыстықта — көлеңке, суықта — пана, ауырғанда — дәрі.

Ал гүл — табиғаттың ең сұлу көркі: көңіл жабырқағанда жұбатып, жанды қуантатын нәзік белгі. Орман-тоғай — елдің дәулеті, таза ауаның қорғаны.

Жануарлар әлемі — табиғаттың сәні

Табиғат — ол жануарлар әлемі. Жүгірген аң, ұшқан құс — табиғаттың әні мен сәні. Бұлбұл — әуеннің иесі, тоқылдақ — орман-тоғайдың емшісі. Ал даланың ажары — ақбөкен.

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Өзге аңға жануарды тең көрмедім.

Көздері мөлдіреген ақбөкенді,

Адамның баласынан кем көрмедім.

— Сәкен Сейфуллин