Жігіт сұлтаны - 2014 сайысыСайыстың мақсаты

Сайыстың тақырыбы

«Жігіт сұлтаны – 2014» мектепішілік сайысы.

Сайыстың мақсаты

Ата салтын ардақтайтын, өз елін сүйетін нағыз қазақ жігітінің қасиеттерін бойына сіңіре алатын ұрпақты тәрбиелеу. Ер балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру, қазақ халқының ұл тәрбиелеу дәстүріне сай әдептілікке, ұстамдылыққа, төзімділікке және батылдыққа баулу.

Көрнекілігі

  • Тақырыптық баннер (жазба, ұран)
  • Шарлар (безендіру)
  • Суреттер (ұлттық нақыш)

Жүру барысы

1-жүргізуші

Бағына бақытты елдің туған ұлан, Бойына бар асылды жиған ұлан. Қазақтың қасиетті жігіттері — Жанына нұр дарыған, жыр дарыған. Дария ой, даналардан бата алғандар, Айнымас алмас қылыш атанғандар. Қазақтың қасиетті жігіттері — Халқына қалқан болған қаһармандар.

Махмұтбай Әмірұлы

Халқымыздың әдет-ғұрпында отбасына ұл баланың келуі ерекше қуаныш саналған. «Ұл туғанға күн туған» деп, оны бақытқа балаған. Себебі қазақ ұғымында отбасының жалғасы мен шаңырақтың иесі — ұл бала.

Сондықтан халқымыз ұл тәрбиесіне айрықша мән берген: ер баланы адамгершілікке, батылдыққа, ептілікке және имандылыққа баулыған.

«Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» — демек, ер жігітке қойылар талап жоғары, сын да көп болған.

Олай болса, құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін 4-сынып оқушылары арасында өтетін мектепішілік «Жігіт сұлтаны – 2014» сайысына қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Нағыз кәусар жігітті, Нағыз қайсар жігітті, Нағыз бұлбұл жігітті, Нағыз дүлдүл жігітті — Анықтайтын кез келді!

1-жүргізуші

Уа, халайық, халайық, Мұнда назар салайық! Ата жолын жалғамақ, Ел дәстүрін қолдамақ, Ел намысын қорғамақ. Ұлдар шықсын ортаға, Бүгін сұлтан атанбақ!

Ендеше, бүгінгі сайысқа қатысатын сайыскерлерімізді қол соғып, қошеметпен ортаға шақырайық!

Музыкалық сүйемелдеу

Ұлытау тобы — «Жұмыр қылыш» күйі

Бағалау өлшемдері

«Жігіт сұлтаны – 2014» сайысында қатысушының ата-бабасын, руын білуі, өнерлі болуы, жан-жақтылығы және зеректігі бағаланады.

Сайыс шарттары

  1. 1) «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер»

    Уақыты: 5 минут

    Өзін таныстыру және жеті атасын қоса айту.

  2. 2) «Ел іші — өнер кеніші»

    Уақыты: 4 минут

    Өз өнерін көрсету: ән айту, би, мәнерлеп оқу, сахналау және басқа да өнер түрлері.

  3. 3) «Білімді жүзден озар…»

    Уақыты: 1 минут

    Викториналық сұрақтарға жауап беру.

  4. 4) «Шебердің қолы ортақ»

    Уақыты: 7 минут

    Түрлі материалдармен жұмыс: сурет салу, қамшы өру және т.б.

  5. 5) «Шынықсам шымыр болармын»

    Уақыты: 3 минут

    Қол күресі, гир көтеру.

Әділқазылар алқасы

Шалқытып мерекеде ән салайық, Өнерпаз өрендерге тамсанайық. Әділдік пен шындықты арқа тұтқан, Құрметті әділқазыларды қарсы алайық!

Сайысымызды бастамас бұрын, байқауға төрелік ететін қазылар алқасымен таныс болыңыздар.