Достықты қадірлей білуге тәрбиелеу

Сабақтың тақырыбы: Доссыз өмір — бос!

Бұл тренинг сабағы достықтың мәнін тереңірек түсінуге, өзара сыйластық пен сенімге негізделген қарым-қатынасты бағалауға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Достық туралы оң көзқарас қалыптастыру.
  • Оқушылардың достық жайлы ой-пікірін дамыту.
  • Достықты қадірлеуге тәрбиелеу.
  • Адал дос таба білуге баулу.

Сабақтың әдісі

Тренинг, пікірлесу, сұрақ-жауап, көрініс арқылы ой қорыту.

Көрнекілігі

Достық туралы нақыл сөздер, ойшылдардың пікірлері, шағын сахналық көрініс.

Кіріспе сөз

Достық — адамдардың бір-бірін шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы. Ұлы философтар мен ақын-жазушылар ғана емес, ұстаздар мен педагог-психолог ғалымдар да достықтың мәніне үңіліп, оның сырын ашуға талпынған. Бұл — достықтың адам өміріндегі орнының айрықша екенін көрсетеді.

Бүгін біз жас ұрпақ арасында «Дос. Жолдас. Құрбы-құрдас» тақырыбында пікірлесу кешін ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз — достық туралы ойларды тыңдау, достықты қадірлеуге шақыру және адал дос таба білуге бағыт беру.

Мұса Жәлел айтқандай:

Шын дос үшін қалайда
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда
Досың менен қасыңды.

Осы ойды негізге ала отырып, баршаңызды достық туралы сырласуға шақырамыз. Ойларымызды жинақтап алғанша, «Достар әнін» тыңдайық.

Ойшылдардың достық туралы ойлары

Марк Туллий Цицерон

Ежелгі Римнің мемлекет қайраткері әрі шешені Марк Туллий Цицерон достықтың пайдасы мен ықпалын ерекше бағалайды:

«Достық өз бойына қаншама сан алуан пайдалы нәрселерді біріктірген десеңізші! Қайда барсаңыз да, ол сізге қызмет етеді; ол барлық жерде бар; ол ешқашан да мезі қылмайды; ешқашан да орынсыз килікпейді; ол сәттілікке жаңа сәуле береді, ал ортақтасқан сәтсіздіктер өз уытын жоғалтады».

Достық — өмірдің өзіндей сан қырлы, сан бояулы құндылық. Сондықтан оны бірер сөйлеммен толық сипаттау қиын. Дегенмен Цицеронның сөзі достықтың негізгі мағынасын дәл ашады: ол қуанышты көбейтеді, қиындықты жеңілдетеді.

Аристотель

Ежелгі грек философы Аристотель достықты өмірдің ең қажетті тіректерінің бірі ретінде қарастырған:

«Достық — өмір үшін ең қажетті нәрсе, өйткені ешкім ешқашан да игілікке түгел ие бола тұрса да, дос-жарансыз өмірді қаламайды».

Талқылау: Досқа лайық адам қандай?

Осы тұста оқушылардың ой-пікірін тыңдау маңызды: достықты анықтайтын белгі не, адамды «адал дос» ететін қасиет қандай?

Абылайдың пікірі

Адамдар арасындағы достық сезімі — бір-бірін қажетсінуінен, құрметтеуінен, шынайы тілектестігінен, сенімінен байқалады. Нағыз дос — қамсыз күнде ғана емес, әсіресе қиын-қыстау сәтте іркілместен қасыңнан табылатын, риясыз әрі есепсіз жомарттық танытатын жан.

Абай армандағандай, сын сағатта: «Мұнан менің қай жаным аяулы?» деп, жанынан табылып, бірге тұра алатын адам ғана досқа лайық.

Көрініс: Істің үстіндегі достық

Достық — сөзбен ғана емес, нақты әрекетпен көрінетін қасиет. Төмендегі шағын көрініс осы ойды айқындайды.

1-көрініс

Марал мен Қарлығаш

Маралдың етігі жыртылып қалғандықтан, ол бірнеше күн қатарынан сабаққа келмей қалады. Мұны байқаған сыныптасы Қарлығаш оны іздеп үйіне келеді.

Қарлығаш: Марал, көптен бері сабақта жоқсың ғой. Ауырып қалған жоқсың ба?

Марал: Жоқ, ауырған жоқпын. Етігім жыртылып қалды. Жаңасын алуға қазір үйде ақша болмай тұр.

Қарлығаш: Мен етігімді жөндетіп алып келе жатыр едім. Әзірше киетін басқа етігім бар. Сен кие тұр.

Марал: Анаң ұрыспай ма?

Қарлығаш: Анамa түсіндіріп айтамын.

Марал: Рахмет!

Марал етікті киіп алады да, Қарлығашпен бірге сыртқа шығып кетеді. Осы сәтте достықтың ең қарапайым, ең шынайы көрінісі байқалады: бөлісу, түсіну, қолдау.