Күй анасы кім

Ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Музыка

Білім беру саласы: Шығармашылық, қатынас

Тақырыбы: Домбырасыз ән қайда Ұлттық құндылық Тыңдау • Ән айту • Қимыл-қозғалыс

Мақсаты

  • Білімділік

    Домбыра аспабы туралы білімдерін кеңейту. «Ән», «әнші», «күй», «күйші», «сазгер», «ақын» ұғымдарын түсіндіру.

  • Дамытушылық

    Күй тыңдату, ән айтқызу арқылы балалардың домбыраға қызығушылығын дамыту.

  • Тәрбиелік

    Домбырамен ән айту арқылы ұлттық өнерге баулу.

Әдіс-тәсілдер мен мазмұн

Ән тыңдау / айту

Қ. Шілдебаев — «Домбыра» әні

Күй тыңдау

Құрманғазы — «Адай» күйі

Әуенді-қимылды би

«Көңілді аспаптар» биі

Музыкалық-дидактикалық ойын

«Аспапты тиісті орнына қой»

Музыкалық аспапта ойнау

Домбыра

Көрнекіліктер

  • Күйші, сазгерлер туралы слайдтар
  • Домбыраның құрылысы туралы материалдар
  • Музыкалық аспаптар жинағы
  • Ойын атрибуттары (қоржын, асық, суреттер)

Сабақ барысы

1) Кіріспе: көңіл күйді көтеру

Саз жетекшісі балаларды көңілді әуен ырғағымен қарсы алып, «Жылу шеңберіне» шақырады, амандасады және шаттық әнін орындатады.

Шаттық өлеңі

Біз қандаймыз, қандаймыз —

Шұғылалы таңдаймыз.

Күлімдеген күндейміз,

Ренжуді білмейміз.

Қуанамын мен де,

Қуанасың сен де.

Қуанайық, достарым,

Арайлап атқан күнге!

2) Қызығушылықты ояту: «Қоржындағы құпия»

Диалог

Саз жетекшісі: Балалар, менің қолымнан не көріп тұрсыңдар?

Балалар: Қоржын.

Саз жетекшісі: Осы қоржында не бар екен, қарайын.

Саз жетекшісі қоржыннан асық алып көрсетеді.

Саз жетекшісі: Бұл не?

Балалар: Асық.

Түсіндіру

Бүгінгі сабақта қазақтың ұлттық ойыны «Асық ату» арқылы әр қадамда нені үйренетінімізді анықтаймыз. Алдымен асық ататын баланы санамақ арқылы таңдаймыз.

Асық құлатқан бала тақтада жабулы тұрған қағазды ашып, суреттегі нысанды атайды.

3) Негізгі бөлім: домбырамен танысу

1-сурет: Домбыра

Саз жетекшісі: Тақтадағы суреттен нені көріп тұрсыңдар?

Балалар: Домбыра.

Саз жетекшісі: Бүгін біз қазақтың ұлттық аспабы — домбыра туралы айтамыз. Домбыра неден жасалады?

Балалар: Ағаштан жасалады.

Саз жетекшісі: Домбырада не орындалады?

Балалар: Күй де, ән де орындалады.

2-сурет: Теледидар

Экраннан шеберханада домбыраның жасалу жолдары көрсетілген бейнетаспа көрсетіледі. Балалар әсерімен бөліседі.

Сұрақ

Саз жетекшісі: Бейнетаспа сендерге ұнады ма?

Балалар: Ұнады.

3-сурет: Құлақ — тыңдау

Саз жетекшісі: Құлақ бізге не үшін керек?

Балалар: Есту, тыңдау үшін.

Балалар зейін қойып, үнтаспадан Құрманғазының «Адай» күйін тыңдайды.

Саз жетекшісі: Сендер не тыңдадыңдар?

Балалар: Күй тыңдадық.

Саз жетекшісі: Күйдің сөзі бола ма?

Балалар: Жоқ, болмайды.

Саз жетекшісі домбырада күй ғана емес, ән де орындалатынын атап өтеді.

Саз жетекшісі: Күйдің атасы кім? Күйдің анасы кім?

Балалар: Күй атасы — Құрманғазы ата, күй анасы — Дина әже.

4-сурет: Ауыз — сөйлеу және ән айту

Саз жетекшісі: Ауыз бізге не үшін керек?

Балалар: Сөйлеу және ән айту үшін.

Жаңа ән: Қ. Шілдебаев — «Домбыра»

Саз жетекшісі: Әннің сөзін кім жазады? Ал музыкасын кім жазады?

Балалар: Сөзін — ақын, музыкасын — сазгер жазады.

Саз жетекшісі: Қандай сазгерлерді білесіңдер?

Балалар: Ибрагим Нүсіпбаев, Қуат Шілдебаев, Ахмет Жұбанов, Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Бекболат Тілеуханов.

Саз жетекшісі әнді домбыраның сүйемелдеуімен орындап береді. Балалар мұқият тыңдайды.

Талқылау

  • Ән ұнады ма?
  • Әнде не туралы айтылады?
  • Ырғақ қандай: жай ма, тез бе?
  • Көңіл күйі қандай: көңілді ме, әлде баяу ма?

Дауысқа дайындық

Саз жетекшісі: Әнді таза, әдемі айту үшін не істейміз?

Балалар: Дауысымызға жаттығу жасаймыз.

Саз жетекшісі: Музыкада неше дыбыс бар?

Балалар: Жеті дыбыс: До, Ре, Ми, Фа, Соль, Ля, Си.

Балалар орындықта денені тік ұстап отырып, жеті дыбысты әндетіп айтады: жоғарылаған сайын дауысты күшейтіп, төмендеген сайын бәсеңдетеді.

Орындау

Балалар Қ. Шілдебаевтың «Домбыра» әнін үйреніп, бір шумағын жаттап орындайды.

4) Қимыл-қозғалыс: «Көңілді аспаптар» биі

Тақтадан биші қыздың суреті ашылады. Балалар шеңбер құрып, «Көңілді аспаптар» биін орындайды.

5) Ойын: «Аспапты тиісті орнына қой»

Сюжет

Соңғы суретте ойнап жүрген балалар бейнеленеді. Саз жетекшісі «ғажайып қорапты» көрсетіп, оның ішінде қызықты тапсырма бар екенін айтады.

Ойын шарты

Балалар ұйымшылдықпен «Аспапты тиісті орнына қой» ойынын ойнайды: музыкалық аспаптарды тиісті орнына сәйкестендіріп орналастырады.

6) Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін біз не үйрендік?
  • Теледидардан не көрдік?
  • Қандай аспаппен таныстық?
  • Қандай әуенге би биледік?
  • Қандай ойын ойнадық?

Күтілетін нәтиже

Білуі керек

  • «Ән», «әнші», «күй», «күйші», «сазгер», «ақын» сөздерінің мағынасын біледі.
  • Ән мен күйді ажырата алады.

Меңгерді

  • Музыкалық аспаптарда ырғақпен ойнау дағдысын меңгерді.

Жасай алады

  • Дауысқа арналған жаттығуларды орындай алады.
  • Би қимылдарын үйлесімді жасай алады.