Көсемшені тап
Қазақ тілі: Етістіктен өткенді қайталау
Бұл сабақ жоспары етістік тақырыбын жүйелі түрде қайталап, оқушылардың алған білімін бекітуге бағытталған. Сабақта сұрақ-жауап, деңгейлік тапсырмалар, тест және топтық жұмыс арқылы теория мен тәжірибе қатар қамтылады.
Сабақтың түрі
Білімді бекіту сабағы.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Деңгейлік тапсырмалар
- Тест жұмысы
- Топпен жұмыс
Сабақтың мақсаты
- Етістік бойынша алған білімдерін тиянақтау.
- Сөздік қорын байыту, білімін және іскерлік дағдыларын дамыту.
- Өз ойын дұрыс жеткізіп, әдемі сөйлеуге баулу; адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру.
Сабақ барысы
Ұйымдастыру
Сыныптың назарын сабаққа аудару, жұмысқа дайындау.
Үй тапсырмасын сұрау
Етістік тақырыбын еске түсіру: оқушылардан ауызша сұралады.
Деңгейлік тапсырмалар (топтық жұмыс)
І топ · Шығармашылық
«Ел тілегі — бейбітшілік» тақырыбында етістіктерді қатыстырып әңгіме құрастыру.
ІІ топ · Ізденуші
«Елім барда» өлеңінің 1 шумағынан етістіктерді тауып, талдау жасау.
ІІІ топ · Орындаушы
М. Мақатаевтың «Аққулар, қош болыңдар» шығармасы бойынша семантикалық картамен жұмыс.
Бағалау шкаласы
- Қызыл — 5
- Жасыл — 4
- Сары — 3
Жұмбақ сұрақтар
-
Бір жұрнақ екі етіске ортақ. Ол қай етістер?
Жауабы: өздік етіс және ырықсыз етіс (жұрнақтары: -ын, -ін, -н).
-
Көп адамның қатысуымен істелетін іс қай етіске жатады?
Жауабы: ортақ етіс.
-
Оңнан солға да, солдан оңға да оқысаң — етістік. Ол қандай етістіктер?
Жауабы: қақ, тат.
-
Республикамыздағы өзеннің аты көсемшенің І түрінде айтылады. Ол қандай өзен?
Жауабы: Іл + е (Іле).
-
Есімше тұлғалас жеміс атауы.
Жауабы: бүлдірген.
Деңгейлік тапсырмалар (бекіту)
І топ
Өлең жолдарын сөйлем түрінде жазыңдар. Етістіктерді тауып, тұлғасына қарай талдаңдар.
Кәнеки, нелерің бар, аталарым.
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.
ІІ топ
Салт және сабақты етістіктермен тіркес құраңдар.
- 1. Үйге … / жаңбыр …
- 2. Газет … / қайт …
- 3. Жауды … / дүрбімен …
- 4. Оқы … / қара …
Ескерту: берілген үлгілерді оқушы өз сөзімен толықтырады.
ІІІ топ
Берілген етістіктерден болымсыз және болымды түрлерін бөлек жазыңдар.
Тізім
Көргіз, айтпа, сөйлеспе, өмір, теппе, сыз, барған жоқ, оқытпа, бөгел, шула, ұмытпа, айтқан емес.
«Ойлан, тап» тапсырмасы
І топ
Тек етістіктерден ғана құралған жұмбақты еске түсіріп жазыңдар.
Ти десем, тимейді,
Тиме десем, тиеді.
ІІ топ
Берілген етістіктер қай мақалдарда кездесетінін табыңдар.
Болсаң, бол. Болмай, болмас. Берсең де, берме. Ойнап, ойлап.
- Бірлік болмай, тірлік болмас.
- Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме.
- Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
- Ұлық болсаң, кішік бол.
ІІІ топ
Еңбек туралы Абайдың 6 сөзден тұратын өлең жолын атаңдар.
Еңбек етсең, ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
«Ұйқасын тап»
Кеспе қағаздар таратылады, оқушылар ұйқасын тауып толықтырады.
Сабақты қорытындылау
Сөзжұмбақ: «Етістік»
- 3 әріптен тұратын етістік: кет
- Өзгелік етіс: кетір
- Өткен шақ: кетіпті
- Ортақ етістен жасалған есімше: кетіскен
- Болымсыз етістік: кетпе
- Өзгелік етістіктің болымсыз түрі: кетірме
- Көсемше: кеткелі
Тест тапсырмалары
1) Етістің қай түрі?
Таң ағарып атқан соң, төңірек жаққа қарандық.
- A) өздік
- Ә) өзгелік
- Б) ырықсыз
- В) ортақ
2) Есімше қайсы?
- A) оқы
- Ә) айтып
- Б) келер
- В) өседі
3) Көсемшені тап.
- A) оқы
- Ә) барма
- Б) жиналып
- В) жазуға
4) Сабақты етістікті тап.
- A) шақыр
- Ә) кел
- Б) болып жүр
- В) күркіре
5) Болымсыз етістікті тап.
- A) күт
- Ә) айтыңдар
- Б) сызба
- В) сөйлей
6) Көмекші етістікті көрсет.
- A) ет, де
- Ә) күл, айт
- Б) ойнап
- В) барғыз
Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.
Үй тапсырмасы
«Мен — ертеңгі елдің болашағымын» тақырыбында шығарма жазу.