Сайысқа қатысушыларды сараптау

Шығармашылық тақырып

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Ой-түйін

«Ғылымның апаты – естен шығару және ғылымға қызығушылығы жоқ адамдарға үйретіп, уақытыңды босқа өткізу». — Хадис

Тақырып: «Қазақшаңыз қалай?»

Мақсаты

1) Білімділік

Қазақ тілінің қадір-қасиетін танып, көркемдігін сезінуге, сөз құдіретін түсінуге және оның адам өміріндегі маңызын ұғынуға үйрету.

2) Дамытушылық

Тілдің әуезділігі мен байлығын, шешендігін танытатын нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы дүниетанымды кеңейтіп, ой-өрісті дамыту.

3) Тәрбиелік

Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу және шешендік өнерді бойға сіңіру арқылы қазақ тіліне сүйіспеншілікті қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге үлес қосуға шақыру.

Көрнекіліктер

  • Плакаттар
  • «Ана тілі – рухани даму негізі» кітап көрмесі
  • Ұпай беретін таяқшалар
  • Мадақтау қағаздары
  • Microsoft PowerPoint арқылы безендірілген презентация

Шараның ашылуы

Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

Мұғалімнің сөзі (үзінді)

Тәуелсіздік — бабалардың ұраны,

Бейуақытта бойға таққан тұмары.

Тәуелсіздік — түнектерде тұншығып,

Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.

Қазақ елі, көкке жетті көк туың,

Сен — тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі!

Құрметті ұстаздар! Бүгін біз Қазақ тілі апталығына арналған «Қазақшаңыз қалай?» атты шарамызды ашық деп жариялаймыз. Бұл шарада мұғалімдер сайысқа түседі.

Шараның негізгі мақсаты

Қазақ тілін терең меңгеруге құштарлық ояту, қазақ тілінің кең қанат жаюына үлес қосуға тәрбиелеу, тіл құдіреті туралы түсінікті кеңейту.

Қатысушыларды сараптау

Мақалдың жартысы айтылады, қалғанын қатысушы жалғастырып айтады.

Мақал-мәтелдер (үлгі)

  1. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
  2. Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі.
  3. Түйедей бойың болғанша, түймедей ойың болсын.

Сайыстың жалпы турлары

Әр кезең тіл байлығын, тапқырлықты және есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталған.

1) «Білімді мыңды жығады»

Қазақ тіліне тән дыбыстарға мысалдар тауып, дұрыс жазу.

2) «Бес бармақ — бір тіл»

Ым-ишара мен қол қимылын сөзбен жеткізу.

3) «Кім тапқыр?»

Жазушылардың суреттері бойынша аты-жөнін және шығармаларын атау.

4) «Кім жүйрік?»

Болжау: берілген әңгіменің соңын жалғастыру.

5) «Сөз табу»

Берілген сөзден мүмкіндігінше көп сөз құрастыру.

6) «Есің болса, есте сақта»

Тыйым сөздерді тыңдап, есте қалғанын анықтау.

7) «Асыл сөз»

Сұрақтарға жауап беру арқылы берілген әріптерден сөз құрау.

8) «Жаңылмайтын жақ»

Жаңылтпаш айту және бір әріптен тұратын ең ұзын сөйлем құрау.

9) «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»

Мәнерлеп оқу: 1 минут ішінде қанша сөз оқитынын анықтау (қате ескеріледі).

Қазылар орнықтырар әділдікті, кімдердің жауаптары кәміл шықты. Білім мен тапқырлықтың сайысында жеңіске жетер — нағыз мықты.

Әділ қазылар алқасы 3 адамнан құралады.

Турлар мазмұны (нақты тапсырмалар)

1-тур: «Білімді мыңды жығады»

Қазақ тіліне тән дыбыстарға мысалдар келтіріп, дұрыс жазу.

Нақыл сөз

«Сөз қисынын жүйесі білер, ішер асты иесі білер».

Дыбыстар: Ә, Ө, Ү, Ұ, Ң, Һ, І

2-тур: «Бес бармақ — бір тіл»

Ым-ишара, қол әрекеттерін сөзбен дәл жеткізу.

Нақыл сөз

«Көз — қорқақ, қол — батыр».

Топтама 1

өтірікші • өте жақсы • есуас

Топтама 2

мархабат • түсінбедім • анау

Топтама 3

қош бол • қалайсың • көресің әлі

3-тур: «Кім тапқыр?»

Жазушылардың суреттеріне қарап, аты-жөнін және шығармаларын айту.

Нақыл сөз

«Екпінді болсаң елің сыйлайды, құрбы-құрдас, теңің сыйлайды».

4-тур: «Қиялдау — күнә емес»

Болжау: берілген әңгіменің соңын өз қиялыңмен жалғастыру.

Нақыл сөз

«Шешеннің тілі өткір, шебердің бізі өткір».

Мәтін

Бірде Қожанасыр жолда келе жатып, жолдан бір тауықтың жұмыртқасын көреді. Олжалы болғанына қуанып, жұмыртқаны қолына алып, отыра кетіп қиялдай бастайды.

Қожекең нені қиялдады, әрі қарай не істеді? Әрқайсымыз өз нұсқамызды ұсынамыз.

5-тур: «Сөз шебері»

Берілген сөзден мүмкіндігінше көп сөз табу.

Нақыл сөз

«Жақсы сөз — кілт, көңіл құлпын ашатын».

Берілетін сөз: Жарқанат

6-тур: «Есің болса, есте сақта»

Тыйым сөздер оқылады. Қаншасы есте қалғанын анықтаймыз.

Нақыл сөз

«Аю күшіне сенеді, адам есіне сенеді».

  1. Ұмытып кетпе, есікті теппе!
  2. Ізет танытып, әдепті сақта да, жатқан кісінің үстінен аттама.
  3. Құр бекерге ермекке, бос бесікті тербетпе.
  4. Шаршасаң, сәл аялда, бірақ та жер таянба.
  5. Тарту тарт, тар келместей тақымыңа; мылтық, пышақ сыйлама жақыныңа.
  6. Кеңеске салақ қарама, кір жайма түнде далаға.
  7. Төрге шығып, теріс қарап отырма.
  8. Ұлттық салттан бұлжыма, жұма күні кір жума.
  9. Өзім қумын деме, кісі ақысын жеме.
  10. Қашанда болсын есте: үлкеннің алдын кеспе.

7-тур: «Асыл сөз»

Сұрақтарға жауап беру арқылы берілген әріптерден сөз құралады.

Нақыл сөз

«Көңіл көзін сөз ашар, сөйлемесе кір басар».

1) Қазақ тілі пәні ұнай ма?
2) Досың кім?
3) Әдемі адамның арманы не?
4) Бүгін аптаның қай күні?
5) Сенің көзің қандай?
6) Жігіттер сырға таға ма?
7) Бала оқытатын адам кім?
8) Бос уақытыңда не істейсің?
9) Қандай тағамдар ұнайды?
10) Жасың нешеде?
11) Мақал білесің бе?
12) Есімің кім?
13) Аспанда не бар?
14) Мектеп мұғалімдері қандай?
15) Қар қай кезде жауады?
16) Алма тәтті ме?
17) Кім болғың келеді?
18) Адамдар неден қорқады?
19) Сыныбыңда неше оқушы бар?
20) Қандай қалаларды білесің?

8-тур: «Жаңылмайтын жақ»

Жаңылтпаштарды айту және бір әріптен тұратын ең ұзын сөйлем құрау.

Нақыл сөз

«Сөзің тәтті болсын, ашуың қатты болсын».

  1. Шіл пілге таңданбапты, піл шілге таңданыпты.
  2. Ақ шәйнекке ақ қақпақ, көк шәйнекке көк қақпақ.
  3. Шын еңбекші — өрмекші, өрмекші — шын өрнекші.

9-тур: «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»

Мәтін беріледі. Қатысушы 1 минут ішінде мүмкіндігінше көп сөзді мәнерлеп оқиды. Қателер есепке алынады.

Нақыл сөз

«Жүзден біреу — шешен, мыңнан біреу — көсем».

Қорытынды бөлім

Мадақтау және тілек

Қатысушылар өз көңіл сөздерін айтып, тілектерін білдіреді. Әділ қазылар алқасы қорытынды жасап, жеңімпаздарды марапаттайды.

Абай атамыздың сөзімен түйіндесек: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез».

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Тіл — қасиетті, құдіретті, киелі. Бұл қасиеттер адам бойына ананың ақ сүтімен дариды. Қандай қиындық болса да, тіл өшпейді: ол ұрпағының қанына, жанына өз дәнін сеуіп, мәңгі жасай береді.

Ә. Тәжібаев

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім — мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.

Қ. Мырза Әли

Ана тілің — арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Осындай өлең шумақтарымен қазақ тілі апталығына арналған «Қазақшаңыз қалай?» атты шарамызды аяқтаймыз. Келіп, көріп, баға беріп, ат салысқандарыңызға көп рақмет! Сау болыңыздар!