Аралдан ұшқан аққулар
Сабақтың тақырыбы
Мөлдір бұлақ – жасыл құрақ.
Мақсаты
Оқушылардың адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік туралы түсінігін дамыту.
Міндеттері
- Табиғат тұтастығы туралы ұғымдарын кеңейту.
- Табиғатты сақтау мен аялау сезімдерін дамытуға ықпал ету.
- Табиғатқа сүйіспеншілікке, мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелеу.
Құрал-жабдықтар
- Диапроектор
- Аудиокассета
- Үнтаспа
- Ноутбук
- Түсті қалам
- Ватман
Сабақта қолданылатын модульдер мен әдіс-тәсілдер
Пәнаралық байланыс
Кіріспе: «Шаттық шеңбері»
Мұғалім оқушыларды шеңберге шақырады. Оқушылар мұғаліммен және бір-бірімен сәлемдеседі. Балалар үнтаспаға қосылып «Аралдан ұшқан аққулар» әнін орындайды.
«Аралдан ұшқан аққулар»
Сөзі: Ш. Сәриев • Әні: С. Бәйтереков
Құстардың қайда базары?
Тарқаған, түсіп ажары.
Жаралы жүрек жандардай
Төмендеп теңіз назары.
Бұлттардай жүзген ақ ала,
Жападан жалғыз шағала.
Қоштасқан қайран Аралмен,
Қайғылы, мұңды жағада.
Қайырмасы:
Қия алмай қанат қағады,
Қона алмай ұшып барады.
Мөлдіреп құстар жанары,
Аралым.
Ең алғаш сені көріп ем,
Аққуды теңіз көгінен.
Толмайтын орны – өмір ең,
Аралым.
Жыл сайын көктем жетеді,
Сені іздеп құстың мекені.
Ұясыз қалған аққулар
Қона алмай ұшып өтеді.
Айдынды шалқар, Аралым,
Балалық шағым, жанарым.
Айдында жүзген құсың ем,
Алыстап кетіп барамын.
Сабақты ұйымдастыру
Сынып топтарға бөлініп отырады. Қағаз қиындыларына сөздер жазылады: әр оқушы бір сөзден алады. Сөздерді біріктіргенде мақал-мәтел шығуы тиіс. Мақалды құраған оқушылар бір топ болып орналасады, топбасшы сайлайды.
Тақырыпты ашуға арналған сұрақтар
- Табиғаттың адам өміріндегі маңызы қандай?
- Табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қалай түсінесіңдер?
- Табиғатқа қамқорлықтарыңды қалай білдіресіңдер?
Мәтінмен жұмыс
Ақселеу Сейдімбектің «Бетпақдала» мәтіні оқытылады. Диапроектор арқылы «Аңшы» мультфильмінен үзінді көрсетіледі.
Оқушылар мәтінді оқып, мультфильмнен алған әсерімен салыстырады. Түсінігін сурет арқылы қағазға түсіреді. Әр топтан бір оқушы шығып, салған суреттері бойынша әңгімелеп береді.
Тапсырма: табиғат тұтастығын сақтау
Оқушылар табиғат тұтастығын сақтау жөнінде ұсыныстар айтып, оның маңызын дәлелдейді. Ұсыныстарды түрлі форматта ұсынуға болады:
- Сызба
- Жоба
- Кесте
- Сурет
- Модель
- Ауызша жауап
Шығармашылық тапсырмалар
1-топ
Жойылып, құрып кету қаупі төніп тұрған табиғат атынан өтініш хат жазады.
2-топ
Табиғатты қорғау және сақтау бойынша жоба жасайды.
3-топ
Табиғатқа қатысты тыйым сөздерді жинақтап жазады.
4-топ
«Табиғатты қорғаймыз» тақырыбына өлең шығарады.
Сергіту сәті: «Судан қайықпен өту» ойыны
Әр топтан бір оқушы шығады. Екі шетке мәре сызығы белгіленеді. Оқушының қолына екі ақ парақ беріледі. Парақты кезектестіріп аяғының астына қою арқылы «судан өтіп», мәреге мүмкіндігінше жылдам жетуі керек.
Ой қозғау: мысал әңгіме
Теңіз жағалауында бір бала еңкейіп-тұрып, қолын сермеп, әлдебір нәрсені істеп жүрді. Мұны қызық көрген бір кісі жақындап келсе, бала жағалауға шығып қалған теңіз жұлдызшаларын теріп, қайта суға лақтырып жатыр екен.
– Жігітім, сен қызық адам екенсің. Жағалау көптеген шақырымға созылып жатыр, ал мұнда мыңдаған теңіз жұлдызшасы бар. Сен олардың бәрін суға қайтара алмайсың ғой. Оның үстіне, мұның мәні бар ма? – деп сұрады әлгі кісі.
– Иә, бәрін құтқара алмайтыным рас. Бірақ мен суға тастаған әрбір теңіз жұлдызшасы үшін бұл үлкен мәнге ие, – деп жауап берді бала.
Талқылауға арналған түйін
Үлкен өзгеріс әрдайым шағын әрекеттен басталады: бір дұрыс қадам — бір тіршілікті сақтап қалуы мүмкін.
Қорытындылау
Жазылым
Оқушылар «Мен сені қорғаймын…» тақырыбына шағын эссе жазады.
«Жүректен жүрекке»
Оқушылар жүрекше қағазға «Мен үшін табиғат маңызды, өйткені…» сөйлемін аяқтап жазады және тақтаға іледі.