Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерінің емдік қасиеттері

Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерінің емдік қасиеттері

Алғы сөз

Қазақстанның қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болуы үшін ақылды, ойлы, дарынды жастар қажет. (Н. Ә. Назарбаев)

Бүгін білім беру саласының алдында шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалық ашуға ұмтылатын, бірегей ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Қоғамның жедел дамуы болашақта ғылым мен техниканы, өндірісті алға сүйрейтін бүгінгі мектеп оқушыларына тікелей байланысты.

Оқушылардың өзіне деген сенімін арттыру, шығармашылығын дамыту және бастауыш сыныптан бастап ғылыми-зерттеушілікке баулу — мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне тәуелді.

Мұғалім алдындағы негізгі міндеттер

  • Білім мазмұнын және оқыту әдіс-тәсілдерін түрлендіру арқылы білім сапасын арттыру.

  • Бастауыш сыныптан бастап «кішкентай ғалымдарды» даярлауда зерттеушілік ізденіске, зерттеу жұмыстарына баулу.

  • Баланың алғырлығы мен зеректігіне қарай дарындылығын анықтау және дамыту.

  • Әр оқушы бойындағы ерекше қабілетті байқай білу: күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында, үйірмеде жүйелі бақылау және әділ бағалау.

Зерттеушілік қабілетті дамыту үшін мына талаптар маңызды: ұстаз біліктілігі; оқушы мен ұстаз арасындағы сенімді қарым-қатынас; туа біткен қасиетті қолдау; отбасының жағдайы мен ата-ананың қолдауы.

Бастауыш сынып мұғалімдерінің жас ерекшеліктерін ескеріп, шығармашылықпен жұмыс істеуі бүгінгі талапқа сай жас зерттеушілерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Үкібаева Ы. З.

Зерттеудің мақсаты

Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерінің дәрілік қасиеттерін тану, ажырата білу, олардың емдік мүмкіндігін анықтау және салауатты өмір салтын насихаттау.

Зерттеудің міндеттері

  • Туған өлкеде өсетін және бөлме өсімдіктерін зерттеу арқылы олардың адам мен қоғам өміріндегі маңызын ашу.

  • Бұл өсімдіктердің бағалы емдік қор екенін дәлелдеу.

  • Өсетін жерін, өсу ерекшелігін анықтап, қоршаған ортаны тану және өсімдіктердің адам өміріндегі қорғаныш рөлін ұғындыру.

Зерттеудің өзектілігі

Туған жерде өсетін дәрілік өсімдіктердің құпиясын аша отырып, адамзатты табиғатты қорғауға, аялауға шақыру. Табиғат әлемінің адамға берері мол екенін дәлелдеу.

Аннотация

«Өсімдіктердің емдік қасиеттері» тақырыбындағы зерттеу жұмысын таңдағаныма және жүйелі түрде зерттей бастағаныма бір жылдан асты. Сынып жетекшім мен ата-анамның қолдауы арқасында көптеген іс-шаралар атқарылды.

Зерттеудің алғашқы қадамы дәрілік өсімдіктер туралы жалпы мәлімет жинақтаудан басталды. Осы мақсатта мектеп және аудан кітапханаларына тұрақты барып, деректер жиналды. Сонымен қатар аудандық аурухана қызметкерлерімен және халық емшілерімен жиі жүргізілген сұхбаттар да пайдалы болды.

Келесі кезеңде аулада және бақшада өсетін дәрілік өсімдіктерді (итмұрын, түймедақ, жусан, бақбақ, қалақай, өгейшөп) жинау, теру, өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бос уақытта бөлме өсімдіктерін өсіріп, баптап, күтіп отырдым әрі олардың қандай ауруға, қай мүшесіне қолданылатынын зерттедім.

Зерттеу барысында алоэ, герань, золотой ус, жусан, түймедақ, итмұрын сияқты өсімдіктердің шипалы қасиеттері мол екеніне көз жеткіздім. Осы өсімдіктерді пайдаланып, мектеп жасындағы балалар мен жас сәбилер де жеңіл қабылдайтын, дәмі жағымды емдік өнімдер (мысалы, табиғи дәмдеуіштер қосылған сусындар немесе кәмпит пішіндес дәрілер) жасалса, тиімді болар еді.

Ұсыныстар

  • Оқушыларға өз өңірінің дәрілік өсімдіктерін таныту үшін жазғы демалыста мамандармен немесе мұғалімдермен бірге топсеруендер ұйымдастыру.

  • Мектеп ішінде емдік қасиеті бар бөлме өсімдіктерін өсіріп, күтіп-баптап, зерттейтін арнайы бұрыш ұйымдастыру.

  • Дәрілік өсімдіктер мен олардың емдік қасиеттерін кеңінен таныстыратын мамандандырылған дәріханалар ашу.

  • Дәрілік өсімдіктерге табиғи дәмдеуіштер қосып, балаларға ыңғайлы, жағымды дәмі бар өнімдер жасау.

Егемен, тәуелсіз елде өмір сүре отырып, салауатты өмір салтын сақтай білейік!

Кіріспе

«Өсімдік — өмір кепілі» қағидасын ұстана отырып, өсімдіктердің емдік қасиеттерін зерттеуге бел будым. Бұл тақырыпты таңдауыма сынып жетекшім мен анам ықпал етті. Кішкентайымнан бөлме өсімдіктерін өсіріп, күтіп-баптауды ұнататынмын.

Уақыт өте тек бөлме өсімдіктері ғана емес, жалпы өсімдіктердің адам өміріне, денсаулыққа тигізетін пайдасы мен қасиеттері қызықтыра бастады. Қоршаған ортаның адамға әсері орасан зор. Соның ішінде дәрілік өсімдіктердің адам өміріндегі орны айрықша.

Қазақ халқы ерте заманнан дәрілік өсімдіктердің сырын біліп, әртүрлі ауруларды емдеуге шебер қолданған. Бұл білімді тереңірек меңгеру үшін мектеп және аудан кітапханаларынан деректер жинақтадым, Хромтау қаласындағы дәріхана қызметкерлерімен кездесіп, емдік өсімдіктер туралы мағлұмат алдым. Өз учаскелік дәрігерім, терапевт Қайрашева Сауле апаймен сөйлесіп, өсімдіктердің қолданылу жолдарын нақтылай түстім.

Отбасымызда анам Алтынай Шоқылқызы емдік мақсатта бөлме өсімдіктерін көп өсіреді. «Ана көрген тон пішер» демекші, 1–2 сыныптан бастап мен де бөлме өсімдіктерінің емдік қасиеттерін танып-біле бастадым. Бөлме өсімдіктерінен алоэ (кейде «столетник» — «жүзжылдық» деп те аталады), герань, фикус, золотой ус, кактус сияқты түрлерін өсіремін.

Жаз айларында бақшамызда өсетін аскөк, меруертгүл, бақбақ сияқты өсімдіктерді, сондай-ақ далада жиі кездесетін түймедақ, өгейшөп, жусан шөптерін теріп, кептіріп, емдік мақсатта қолданамын.

Қазіргі технология дамыған заманда ауаның ластануы әртүрлі аурулардың көбеюіне әсер етіп отыр. Сол себепті өсімдікпен емдеудің жолдарын білу көптеген адамға пайдалы. Өкінішке қарай, аяғымыздың астында өсіп тұрған шипалы өсімдікті тани бермейміз. Егер әрбір саналы азамат табиғат сыйын танып, орнымен пайдалана білсе, бұл — салауатты өмірдің бір кепілі болар еді.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Сондықтан табиғат сыйлаған дәрілік өсімдіктерді тану, оларды зерттеу және қасиетін ашу — мен үшін басты мақсат.

Бөлме өсімдіктерін зерттеу сәтінен көрініс.

І. Негізгі бөлім

Халқымыз ерте заманнан дәрілік өсімдіктердің құпиясын білген және оларды әртүрлі ауруларды емдеуге шебер қолданған. Шипалы өсімдіктерден дәрі жасау тәсілдері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақстан табиғи жағдайы әртүрлі орманды, далалы, таулы аймақтардан тұрады. Республика аумағында шамамен 6000-ға жуық өсімдік түрі кездеседі, соның 500 түрінен дәрілік заттар алынады. Мұндай байлықты игеру үшін дәрілік өсімдіктерді танып-білу мен зерттеудің маңызы зор.

Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бируни, әл-Джуржани еңбектері де емдік өсімдіктерді танып, пайдалануға ықпал етті. Деректерге сүйенсек, жер жүзіндегі дәрілердің шамамен 40%-ы өсімдіктен дайындалады. Қазіргі кезде шөппен емдеу әдістері кеңінен қолданылып жүр және үй жағдайында пайдалануға да қолайлы.

Дәрілік өсімдіктердің құндылығы

Қай заманда да адам өсімдік өнімдерінің тағамдық қасиетімен қатар, емдік қырын да бағалаған. Қазіргі таңда аллергияның көбеюі, иммунитеттің әлсіреуі сияқты құбылыстар жиі байқалғандықтан, дәрілік өсімдіктердің маңызы арта түсті.

«Мың теңге тұратын дәрі шарбақтың дәл түбінде өсіп тұр.»

Халық мақалы

Қазақ емшілерінің қолданған дәрі-дәрмектерінің қайнар көзі — табиғаттағы өсімдіктер дүниесі. Демек, айналамызда өсіп тұрған дәрілік өсімдіктерді танып, білімімізді толықтырып, қажет кезде орнымен пайдалану — әр адам үшін пайдалы.

Өңірлік мысалдар: Хромтау маңы

Хромтау ауданы маңындағы елді мекендерде дәрілік өсімдіктер көптеп өседі. Олардың қатарына түймедақ, итмұрын, бақбақ, өгейшөп, жусан, аскөк, киікоты сияқты түрлерді жатқызуға болады.

Сәндік өсімдіктер мен «арамшөптің» пайдасы

Шипалы өсімдіктер қатарына кейбір сәндік өсімдіктер де кіреді. Олардың көбі әсемдігімен ғана емес, құрамындағы физиологиялық белсенді заттардың арқасында денсаулыққа пайдасымен де құнды. Мысалы, меруертгүл, шегіргүл, гүлшетен сияқты өсімдіктерді атауға болады.

Сондай-ақ бау-бақшада қаптап өсетін кейбір «арамшөптердің» де пайдасы зор: бақбақ ертеден «өмір нәрі» деп аталған, ал қалақай — дәруменге бай өсімдік. Сондықтан өсімдікті отап тастауға асықпай, алдымен оның пайдалы қасиетін танып алған дұрыс.

Дәрі жасауға қолданылатын бөліктер және жинау ережесі

Дәрілік мақсатта өсімдіктің сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі, шайыры және тұқымы қолданылады. Әр бөліктің емдік қуаты әртүрлі болғандықтан, ең күшті кезеңінде жинау — сапалы дәрі-дәрмек алудың маңызды шарты.

Практикалық қағида

Жиналған өсімдікті топырақ пен кір-қоқыстан тазартып, түріне қарай көлеңкеде немесе самал жел өтетін жерде кептіріп, дұрыс сақтау қажет. Бұл — емдік қасиетті сақтаудың негізгі кепілі.