Ата - бабаларымыз

Іс-шара туралы

Өнерлі отбасы шығармашылық сайысы (2-сынып) ата-аналар мен балаларды бір арнаға тоғыстырып, отбасы тәрбиесі туралы білімді кеңейтуге және тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттауға бағытталған.

Өтілетін орны

АКТ залы

Түрі

Ата-аналар мен балалардан құралған командалар арасындағы сайыс.

Мақсаты

  • Ата-аналар мен балаларды сайысқа қатыстыра отырып, отбасылық тәрбие туралы білімдерін кеңейту.
  • Тәрбиенің үздік үлгілерін насихаттау.
  • Ата-аналардың мектеппен, мұғаліммен және басқа ата-аналармен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру.
  • «Мектеп — отбасы — бала» байланысының тиімді үлгілерін іздестіру.

Көрнекілігі

Әр отбасыға арналған слайд-шоу, бейнесюжеттер, сондай-ақ ән мен би номерлері ұсынылады.

Сайыс құрылымы

Сайыс 3 айналымнан тұрады. Әр айналымда қатысушылар 3, 4, 5 ұпайлық жүйе бойынша бағаланады.

1-айналым

Таныстыру (отбасылық визитка)

2-айналым

Өнерлі жұлдыздар

3-айналым

Отбасым — менің тірегім

Сценарий барысы

Басталуы

Музыкалық фонмен көрермендер, әділқазылар және қатысушылар орындарына жайғасады. Интерактивті тақтадан отбасы туралы бейнеролик көрсетіледі.

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар! Бүгін 2 «В» сыныбы және мектепалды даярлық тобы ұйымдастырған «Өнерлі отбасы» сайысына қош келдіңіздер!

Ата-ана — асқар тау алдымдағы,
Әрқашан асқақтайсың алдымда әлі.
Өзің берген өнеге, тәрбиеңмен,
Бақыттымыз жанұя бауырындағы!

2-жүргізуші

Жылжи берші, кезім емес жасқанар,
Бөгей алмас білім атты тас қамал.
Отанның аяулысы боларсың,
Отан деген отбасынан басталар!

Нұр жаусын дарындардың талабына,
Күш бітсін күн айттырған жанарына.
Сәт-сапар тілейміз біз бүгін міне,
Өнерлі отбасылардың қадамына!

Әділқазылар алқасы

Әділдікпен баға беретін әділқазылар алқасымен танысайық:

  1. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
  2. Ата-аналар комитетінің мүшесі
  3. Ата-аналар комитетінің мүшесі

Қатысушыларды тіркеу және «Шаттық шеңбері»

Қатысушы отбасылар ортаға шығып, жарты шеңбер құрайды. Әр отбасының анасы әділқазылар үстелінен реттік нөмір алады. Жүргізуші әр отбасының нөмірін дауыстап хабарлайды, ал әділқазылар белгілеу жүргізеді.

«Шаттық шеңбері» тренингі (өлең жолдары):

Шеңбер болып тұрайық,
Алақанды ашайық.
Жүрекке жылу салайық,
Жиналған жылы шуақты,
Бір-бірімізге сыйлайық.

Музыкалық нөмір

Отбасылар дайын болғанша, 2 «В» сынып оқушылары ағылшын тілінде “I Love You, MUMMY!” әнін орындайды.

Отбасы туралы ой

Ата-бабамыз: «Бала — адамның бауыр еті», «Балалы үй — базар» деген. Өйткені бала — өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі. Отбасы — қоғамның негізі. Баланың ертеңгі күні жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты.

I айналым: Таныстыру

Бұл айналымда әр отбасы өздерінің отбасылық визиткасын таныстырады. Айналым соңында әр командаға ұпай саны беріледі.

Жүргізуші сөзі (үлгі)

Жақсы адам кімге болсын болар пана,
Мол оның тал бойында ақыл-сана.
Көркіне ақылы да сай келетін
...тер отбасы ортамызда!

Қуантады білімімен бәрімізді,
Қол соғып қарсы алайық енді оны:
...тер отбасы келіп қалды,
Татулықты ту еткен отбасы бұл.

Жігітке ақыл, білім жарасады,
Нағыз ер халқыменен санасады.
Сайысқа бар күшімді саламын деп
...тер отбасы таласады.

Аналар бар өнерін салар анық,
Өнегелі тәлімді алған қанып.
Ал ендеше таныстырып өтейін мен,
...тер отбасын бөліп жарып.

Бағалау және көрініс

I айналым аяқталған соң жүргізуші ұпайларды дауыстап оқиды. Осы сәтте мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері «Отбасы — бақыт мекенім» тақырыбындағы суреттерін және тақпақтарын ұсынып, жұмыстарын әділқазылар алдына қояды.

Қосымша өнер нөмірі

2 «В» сынып оқушысы Мақсұт Ботагөз испан биін орындайды.

2 «В» сынып оқушыларының отбасы туралы тақпақтары

Аружан

Атамнан басталар,
Әжемнен қосталар,
Отбасым мыналар:
Ең жақын адамдар —
Әкем мен анам бар,
Бір туған ағам бар,
Бір туған әпкем бар.

Ерасыл

Әр сөзімді жаттаған,
Жүрегінде сақтаған,
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ анам!

Расул

Ата отыр — кәріміз,
Қуат берер дәріміз.
Әулиедей аялап,
Ардақтаймыз бәріміз.

Іңкәр

Әжем менің — ақ әжем,
Ақыл беріп үйреткен.
Аппақ әжем, пәк әжем,
Мейіріммен тербеткен.

Нұрбек

Жан әке, асқар тауым — сен менің,
Өрлігіңнен қуат алып келемін.
Мен — тал шыбық, сен — ормансың қорғаным,
Көкке бойлап өсу — менің арманым.