Зорыққанның белгісі

Әйелге керек шипа: қауіпті әдет және сарқылуға жақындағаныңды білдіретін 24 белгі

Әйел үшін ең қауіпті әдеттердің бірі — өз энергиясын түгескенше таратып беру. Біреуге көмектесу керек сияқты көрінеді; тіпті аса қажет емес адамдарға да бар күшіңді сарқып беріп қоясың. Есесіне «ол адам мені жақсы көреді» деген үміт күтесің. Бұл — адасу.

Әдетте, бойыңдағы тасып тұрған қуатпен бөлісу оңай секілді. Бірақ бір сәтте аяқ астынан күйзеліске түсіп, өзіңе түк қалмағанын түсінесің. Өзгені қойып, өзіңе де шамаң жетпей қиналасың. Содан әйел бос, жүдеу, әлсіз, қорғансыз күйге түседі: қайда барарын, не істерін білмейді. «Батарейкаң бітті» деп ескертіп тұратын қызыл шам жоқ.

Неге алдын ала тоқтау маңызды?

Күшің біткенде жоспар да, ниет те шашырап қалады. Бұл ең алдымен жұмысқа қабілетке әсер етеді: зауқың соқпайды, бәрі ауыр көрінеді. Дер кезінде тоқтап, қуатты толықтыра алсаң, соншалықты зорықпас едің.

Өкініштісі — әйел өз жан дүниесінің бос қалғанын көбіне тым кеш ұғынады: бар күшін сарқып қойған кезде. Сондықтан ең дұрыс амал — өз ахуалыңды бақылап, таусылуға жақындағанын ертерек сезу.

Эмоционалдық сарқылу жақындағанын білдіретін 24 белгі

  1. 1) Бөтен адамдар ашуыңызды келтіреді.

    Таныс та, бейтаныс та маңызды емес. Тіпті әлеуметтік желідегі мүлде таныс емес адамның жазбасына бола ішің ашуы мүмкін. Реніш — қуаттың азайғанын көрсететін белгі.

  2. 2) Түнде көп ойлайсыз, ұйқыңыз бұзылады.

    Ұйқысыздық — күштің таусылуға жақындағанының айқын белгісі.

  3. 3) Түріңіз жүдеп кетеді.

    Көңіл күй мен ішкі қуат бет жүзінен көрінеді. Көз жанарыңыздың оты бәсеңдесе, өзіңізге уақыт бөліңіз.

  4. 4) Тамақты аз жейсіз немесе ұмытып кетесіз.

    «Қол тимейді, жұмыс көп, тәбет жоқ» деген күй жиілесе — бұл да сарқылудың белгісі: асқазан да, ішкі әлем де босап барады.

  5. 5) Керісінше, тым көп жейсіз.

    Не болса соны талғамай жеу — қауіпті белгі. Артық салмақ жиналып, асқазан ауыруы мүмкін.

  6. 6) Тамақ жасау қиындайды.

    Асыңыз дәмсіз болады, күйіп кетеді, жалпы ниет жоқ. Бұл — «жан дүниеңді толтыру керек» деген тікелей белгі.

  7. 7) Үйдегі гүлдер солып қалады.

    Бәрін дұрыс істеп жүргендейсіз, бірақ гүлдер бәрібір қурай береді. Бұл кей әйелдерде ішкі нәзіктікті, өзін қабылдауды ұмытқан кезде байқалуы мүмкін. Өзіңізге «айнаға қара» деген белгі ретінде қабылдаңыз.

  8. 8) Жақындасуға құлықсыз боласыз.

    Жұбайыңыздың құшағына барғыңыз келмейді, сипауы жағымсыз көрінеді. Егер бұл сіз үшін бұрын қалыпты емес болса және соңғы кезде ғана пайда болса — дабыл.

  9. 9) Ауырып қаласыз.

    Ағза нақты сигнал береді: «дем ал». Бас ауыруы, тұмау, терідегі өзгерістер — өзіңізге назар аудару керек деген сөз.

  10. 10) Ештеңеге зауқыңыз соқпайды.

    Ыдыс жуғыңыз келмейді, үй жинау да ауыр. Бұл — қатты шаршаудың белгісі. Демалыс деген тек телефон шұқылау емес: ұйқыны реттеу, тынығу, қалпына келу керек.

  11. 11) Күйзеліс және жағымсыз ойлар көбейеді.

    Мұны байқасаңыз — қуатыңызды дереу толықтырыңыз. Ойлар әрекетке айналмай тұрып, бағытын өзгерту маңызды.

  12. 12) Таңертең ояну қиын.

    «Тағы жата тұрайын» жиілесе — кеуде босап, жүрек мейірім мен қуатқа мұқтаж болып тұр.

  13. 13) Жақындарыңызға жиі ашуланасыз.

    Күйеуіңізге, балаңызға, ата-анаңызға ренжи берсеңіз — мәселе көбіне оларда емес. Сіздің «құмыраңыз» босап қалған болуы мүмкін, ал салдарын ең жақындарыңыз тартады.

  14. 14) Ешкімді көргіңіз келмейді, сөйлескіңіз келмейді.

    Әйел табиғаты көп жағдайда байланыс пен әңгімеге жақын. Егер үнсіздік ұзаққа созылып, араласу мүлде ауырласа — бірдеңе дұрыс емес.

  15. 15) Өзіңізге қарау қиындайды.

    Шаш тарағыңыз келмейді, киім ауыстыруға зауқыңыз жоқ, күтім тоқтайды. Бұл — шаршаудың асқынған белгісі.

  16. 16) Бар ақшаны өзгелерге жұмсайсыз.

    Балаларға, үйге, жұбайға — бәріне бар, бірақ өзіңізге «ештеңе керек емес» сияқты. Бұл — өте қауіпті симптом: өз құндылығыңызды кейінге ысырып қойғансыз.

  17. 17) Ештеңе қаламайсыз.

    Дүкенде де ештеңе ұнамайды. «Не сыйлайын?» десе, «білмеймін» дейсіз. Бұл — дабыл.

  18. 18) Өзіңіз өзіңізге ұнамай қаласыз.

    Бояну, шашқа күтім, әдемілену мәнсіз көрінеді; айнадан қашасыз, суретке түспейсіз. Бұл да — белгі. Өзіңізді жақсы көруге уақыт бөліңіз.

  19. 19) Қатты алаңдайсыз, бәрін бақылағыңыз келеді.

    Үнемі уайым, күдік, «не болып қалды?» деген ой — жан дүниенің босай бастағанын білдіруі мүмкін.

  20. 20) Ұнайтын емес, тек «ыңғайлы» киімді таңдайсыз.

    Бұлғап алуға қорықпайтын киімдерге әуестік — ішкі нәзіктік пен қуаныштың шетке ығысқанының ишарасы.

  21. 21) Тым жылдам қимылдайсыз.

    Өмір сүріп жатқандай емес, бір нәрсеге асығып бара жатқандайсыз: үй, жұмыс, балабақша. Тіпті жуынудың өзі «тез-тез». Байқасаңыз — баяулаңыз, тыныстаңыз.

  22. 22) «Істеуім керек» деген тізім тым көбейеді.

    «Мынаған — мынаны, анаған — ананы…» деп санаңыз тоқтаусыз жүктелсе, өз бағытыңыздан ауытқыған белгі болуы мүмкін.

  23. 23) «Бәрін өзім істеймін» режимі.

    Көмек сұрамайсыз, бәріне үлгеру керек сияқты. Бұл жиналған қуатты тез сарқып жібереді. Есте сақтаңыз: ішкі әлеміңізді сіздің орныңызға ешкім толтырмайды.

  24. 24) Талқылау, кінәлау, айыптау көбейеді.

    Біреуді жамандау, үкіметті, көршіні, танысты талқылау — сөз болғанымен, қуатты жейтін әрекет. Айтқан сәтте жеңілдеу болуы мүмкін, бірақ артынан ішкі қуат төмендеп қалады.

Өзіңізге «жедел жәрдем» болыңыз

Осы белгілердің біразы сізде бар ма? Онда өзіңізді жақсы көруге уақыт бөліңіз. Ешбір кінәлаусыз ұзақ ванна қабылдаңыз, табиғатқа шығып серуендеңіз. Кейде жалғыз жүрген де пайдалы.

Кітап оқыңыз, көптен бері көргіңіз келіп жүрген 1–2 фильмді көріңіз. Өзіңізге жағатын, «елге пайдасы жоқ» сияқты көрінетін бір нәрсе жасаңыз. Көбіне дәл сол «пайдасыз» нәрсенің пайдасы ерекше болады.

Бірнеше жыл «істеу керек — тиістімін — міндеттімін» режимінде өмір сүрген әйелдер кейде бір жылдық сарқылуды екі апта демалыспен толтырамын деп ойлайды. Бірақ бір жыл бойы өзіңізді тұйық шеңберде ұстасаңыз, екі аптада босап қалған жан дүниені толтырып тастау әрдайым мүмкін емес.

Күш-қуатын сарқып қойған кей әйелдер біршама уақыт «ештеңе істемей» тынығуға мәжбүр болады: ұйықтайды, тамақ жасайды, күнделікті қарапайым тірлікпен ғана жүреді. Бұл — деградация емес. Бұл — қалпына келу кезеңі. Ең маңыздысы — демалғаныңыз үшін өзіңізді жазғырмау.

Ең дұрысы — тоқырауды күтпеу

Көлікке де уақытылы жөндеу жасалады. Сол сияқты, өзіңізге де күтім керек. Әр белгіге мұқият болыңыз. Жан дүниеңіз нұрға толса, өзгеге қамқор болу да жеңілдейді — әсіресе жұмыс пен үйдің арасында тыным таппайтын, өзіне айнадан қарауға да уақыт таппайтын аналар үшін.

Айнадан өзіңізді көрмей жүрсеңіз, өзгені қалай бақытты етпексіз? Белгілер байқалды ма — өзіңізге уақыт бөліңіз. Өзіңіздің жедел жәрдеміңіз өзіңіз болыңыз.

Автор: Ольга Валяева. Аударған: Шынар Әбілдә.