Алтыншы сөз табы

Сабақ жоспары (6-сынып)

Тақырып

Еліктеу сөздер

Сабақ түрі

Білік пен дағдыны қалыптастыру сабағы.

Көрнекілігі

Мультимедиа, сөзжұмбақ.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, суретпен жұмыс, мәтін құрау.

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, сурет.

Мақсаттары

  • Білімділік: еліктеу сөздердің мағыналық ерекшелігін таныту, оқушылардың лексикалық сөздік қорын дамыту, білім-білік-дағдыны қалыптастыру.
  • Дамытушылық: халықтық педагогика тұрғысынан тәрбиелеу, сөз өнерін қадірлей білуге үйрету.
  • Тәрбиелік: байланыстырып сөйлеуге жаттықтыру; жинақылыққа, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, туған халқының салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың жүру барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Үй тапсырмасын тексеру: 298-жаттығу.

II. Жаңа сабақ

1) Еліктеу сөздер: түрлері мен ерекшелігі

Еліктеу сөздер мағынасына қарай екіге бөлінеді: еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер. Бұл бөліну айналадағы әртүрлі дыбысқа немесе қимыл-әрекет пен көрініске еліктеуді білдіруіне байланысты.

Еліктеуіш сөздер (дыбысқа еліктеу)

Түрлі дыбыстарға еліктеуден туындайды: тарс, сарт-сұрт, тасыр-тұсыр, салдыр-гүлдір, арс-арс, т.б.

Бейнелеуіш сөздер (көрініс, қимыл-қалпын бейнелеу)

Көру арқылы сипаттайды: маң-маң, сылқ, жалт, морт, қисаң-қисаң, ербең-ербең, т.б.

Мәтінмен жұмыс (тақтаға жазылатын мысал)

Сеңдей тұтасқан сіреу қарды мықты аттар күтірлетіп бұзып келеді. Кейде сәл нәрсеге елең етіп, құлақтарын тіге қалады. Сол тұяқтары сіреу қарды күрт-күрт басқан сайын, жалдары дір-дір етеді. Теңіз беттен жапалақтап қар жауып тұр.

Ә. Нұрпейісов

Оқушылар сөйлемдердегі еліктеу сөздерді тауып, мағыналық түрлерін ажыратады. Мәтіндегі күтірлетіп, күрт-күрт, дір-дір сияқты сөздер құбылыс пен заттың дыбысына, сыртқы көрінісіне, қимыл-әрекетіне еліктеуден туғандықтан, еліктеу сөздер деп аталады.

2) Оқулықпен жұмыс

Оқушылар 299 және 303-жаттығуларды орындайды.

3) Ой қозғау

а) Дыбысты білдіретін үлгілер

  • Қаз қаңқылдайды.
  • Қарға қарқылдайды.
  • Сауысқан шық-шық етеді.
  • Бақа бақылдайды.
  • Жылан ысылдайды.
  • Ит ырылдайды.
  • Тауық қыт-қыттайды.

ә) Қимыл-қалпын, реңін білдіретін үлгілер

жымыңдау, сылқ-сылқ, сақ-сақ, қарқ-қарқ, ыржың-ыржың, жымиып күлу, шиқ-шиқ күлу, ыржақтау.

4) «Ойлан, тап!» (әдебиетпен байланыс)

Оқушылар әдебиет пәнінен өткен шығармаларды еске түсіріп, берілген сөйлемдерден еліктеу сөздерді табады.

Жүрегім лүп-лүп етіп, алқымыма тығылады.
Б. Соқпақбаев, «Менің атым Қожа»
Өзі құп-қу болып сылқ етіп құлап бара жатыр.
Б. Соқпақбаев, «Менің атым Қожа»
Федоровтың көз оты жарқ етіп, дүние тұманданып, теңселіп бара жатқандай болды. Федоров жалт етіп, тұздай көк көзімен Еламанға қадала қарады.
Ә. Нұрпейісов, «Балықшылар»
Кісендер даусы гүрс-гүрс етеді.
Ш. Мұртаза, «Тұтқын бала»
Ақша маңдайлы, кең сұлу жүзді Үмітей ашық үнмен сыңқ-сыңқ етіп, үй ішіне естірте күледі.
М. Әуезов, «Біржан сал — Абай аулында»

5) Шығармашылық жұмыс (суретпен жұмыс)

Тақырып: «Жайлауда». Төмендегі сөздерді қатыстырып қысқа мәтін құрастырыңдар: қарш-қарш, маң-маң, абыр-сабыр, дабыр-дұбыр.

6) Кеспе қағаздармен жұмыс

Еліктеу сөздерге морфологиялық талдау жасау.

7) Сөзжұмбақ

  1. Бесінші сөз табы.
  2. «Биік» сөзінің антонимі.
  3. «Әдемі» сөзінің синонимі.
  4. «Үлкен» сөзінің антонимі.
  5. Күшейткіш үстеу.
  6. Төртінші сөз табы.
  7. Тұйық етістіктің жұрнағы.
  8. Алтыншы сөз табы.
  9. Етістіктің ерекше түрі.
  10. Етістің түрі.

III. Бекіту (сергіту сәті)

Жұмбақтарды шешіп, жауаптарын дәлелдеңдер.

Қалқиған ұзын құлағы, елеңдеп қорқып тұрады.

Жауабы: қоян

Тарпаң-тарпаң тарбиған, түрі жаман жарбиған.

Жауабы: тасбақа

Көк көйлекті жеңешем, көлбең-көлбең етеді. Желмен ұшып кетеді, жер түбіне жетеді.

Жауабы: түтін

Жылт-жылт еткен, жырадан өткен.

Жауабы: су

Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп.

Жауабы: қаламсап

IV. Қорытынды

Сабақ соңында оқушылар еліктеу сөздердің мағынасына қарай еліктеуіш және бейнелеуіш болып бөлінетінін меңгереді. Сонымен бірге еліктеу сөздердің басқа сөз таптарынан ерекшелігі — көбіне көмекші етістіктермен тіркесіп, қайталанып не қосарланып келуі.

Мысалдар

сарт етті, саңқ-саңқ етті, бұрқ-сарқ етіп қайнады.

V. Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.

Үйге тапсырма

Еліктеу сөздерді қатыстырып, 2–3 мақал-мәтел жазып келу.