Желдің дыбысы
Қызылорда облысы · Қазалы ауданы · Ғ. Мұратбаев ауылы
№15 «Балдәурен» балабақшасы · музыка жетекшісі: Жаманқара Гүлнәр
Тақырып
Сиқырлы музыкалық үйшік
Мотивациялық-қозғаушы кезең
Балалар музыка залына жай әуенмен кіреді. Тәрбиеші балалардың назарын далаға аударып, қыс мезгілінің ерекшеліктерін сұрайды: күн салқын, қар жауып тұр, жел соғады.
Одан кейін бүгін орманға саяхатқа шығып, Сиқырлы музыкалық үйшікке бару керектігін айтады.
Қозғалысқа негізделген тапсырма
Шеңбер бойымен жүріп, орманда кездесуі мүмкін аңдардың жүрісін музыка ырғағына сай бейнелейміз: аю, түлкі, қасқыр, қоян.
Табиғат құбылысы
Боранның дыбысы естіледі. Балалар қысқы желдің әсерін, қардың ұшқанын елестетеді.
Ұшатын кілемшемен «Сиқырлы үйшікке» сапар
Тәрбиеші: «Сиқырлы үйшікке ұшатын кілемшелермен барып көргілерің келе ме?» — деп сұрайды. Кілемшелерді шеңберлей жайып, балалар екеуден отырады.
«Жел ұшырып кетпесін» деп, бір-бірінің қолынан ұстап, көздерін жұмады. Жайлап көтеріледі, аспанға шыққандай болады. Жел басылғандай сезіледі.
Тыңдау сәті
Балаларға Бетховеннің «Тыныштық» әуені тыңдатылады.
«Айналамызда аппақ бұлттар қалқып жүр. Қолымызбен бұлттарды ысырып, қар ұлпаларын ұстап көрейік», — деп қиялды оятады.
Алыстан кіп-кішкентай үйшік көрінеді. Балалар «жайлап қонады», құлап қалмай, аман-есен жерге түседі. Көздерін ашқанда — алдарында Сиқырлы үйшік.
Сиқырлы құлып және музыкалық белгілер
Үйшік ішінде музыкалық аспаптар бар, бірақ есігі құлыптаулы. Есіктің үстінде белгішелер көрінеді.
Нота белгілері
Тәрбиеші: «Бұл — нота белгілері. Музыкада 7 дыбыс болады: до, ре, ми, фа, соль, ля, си. Кәне, дауыстап айтып көрейік!»
Сондай-ақ скрипка кілті көрсетіледі. Құлыпты скрипка кілтімен ашып көргенде — бірден ашылмайды.
Кейіпкердің пайда болуы
Осы сәтте күшіктің абалап үрген дауысы естіледі. Ол өзін Ақтөс деп таныстырады: «Мені осында құйын ұшырып әкелді. Содан бері үйшікті күзетіп отырмын».
Ақтөс: «Бұл үйшікті Аяз сиқырлап тастаған. Есікті ашу үшін терезелерге жапсырылған барлық шарттарды орындау керек. Сонда құлып ашылып, мен де босаймын».
Тәрбиеші балаларды жігерлендіреді: «Қорықпа, Ақтөс! Біз барлық шартты орындап, үйшіктің сиқырын қайтарамыз. Сосын бірге қайтамыз». Балалар келіседі.
Ізденіс-ұйымдастырушы кезең: құлып шарттары
1-құлып: жұмбақ және дауыс жаттығуы
Жұмбақ
«Ойнаңдар да ойлаңдар, сәбіз мұрын кімде бар?»
Жауабы: Аққала (қардан жасалады).
Балалар «Аққала» туралы дауыс жаттығуын орындайды. Осыдан кейін терезенің құлпы ашылады.
Ішінен аққалаға қажет заттар көрінеді: сыпырғы, шелек, сәбіз мұрын.
Қимылды ойын: «Аққаланы кім жылдам киіндіреді?»
Балалар екі топқа бөлініп, аққаланы тез әрі дұрыс «киіндіру» ойынын ойнайды.
2-құлып: ән айту
Келесі құлыпта «Балапанға — ән салайық» деген жазу және белгі беріледі. Балалар Аязға арнап ән орындайды.
Ән айту
Халық әні «Сәулем-ай» әуенімен: «Аяз, аяз» әні.
3-құлып: «Қолғап» ертегісі
Құлыпта қолғаптың суреті, жанында маскалар бар. Ақтөс: «Ертегіні ойнау керек», — дейді.
Ертегі-ән
Халық әні «Хайләйлім» әуенімен «Қолғап» ертегі-әнін айту.
Балалар рөлдерге бөлініп, ертегіні сахналайды. Рөл алмаған балалар ертегі-әнді сүйемелдеп айтып тұрады.
4-құлып: «Биле-биле» және якут биі
Келесі белгіде «Балапан» суреті және билеп жатқан қыздар бейнесі бар. Балалар «Биле-биле» бағдарламасын еске түсіріп, якут биін үйренеді.
Қысқаша мәлімет
Якутия халқы жазы салқын, қысы өте суық өңірде өмір сүреді; Ресей Федерациясының құрамына кіреді. Музыкасында даңғыра тәрізді ұрмалы аспаптар жиі қолданылады.
Би қимылдарын балалар кезекпен көрсетеді: бірінші қимылды — Нұрбақыт, екінші қимылды — Аягөз және т.б. Соңында барлық қимыл біріктіріліп биленеді.
Есіктің ашылуы және аспаппен орындау
Ақтөс қуана үріп қояды: үйшіктің есігі ашылады. Балалар бір-бірін құттықтап, ішіндегі музыкалық аспаптарды алады.
Ұрмалы аспаптар
Балаларға ұрмалы аспаптар, асатаяқ, сылдырмақтар таратылады.
«Аяз, аяз» әнін ырғағын сақтай отырып, аспаппен сүйемелдеп орындайды.
Рефлексивті-түзету кезең: қайту және қорытынды
Қайту уақыты келгенде балалар аспаптарды орнына қояды. «Үйшіктің сиқыры ашылды. Біз мұнда тағы да келеміз», — деп қоштасады.
Қайта ұшу
Балалар ұшатын кілемшелерге отырып, қол ұстасып, көздерін жұмады. Боран мен жел дыбыстары естіледі. Олар балабақшаға «ұшып» келеді де, жайлап қонады.
Сұрақ-жауап арқылы қорытындылау
- Бүгін біз қайда бардық?
- Не көрдік?
- Қандай шарттарды орындадық?
- Қандай ән айттық, қандай би биледік?
- Қандай ойын ойнадық? Қандай ертегіні қойдық?
Соңында Ақтөс балаларға алғыс айтып, сыйлығы бар екенін жеткізеді. Балалар мадақталып, сабақ әсерлі нотамен аяқталады.