Мұғалімнің әңгімесі
Сабақ тақырыбы
Мұқағали Мақатаевтың «Сүйемін, өскен Отаным» өлеңіне арналған ашық сабақ.
Мақсаты
Оқушылардың Мұқағали өлеңдері жөніндегі білімін тереңдету, ақын шығармашылығы туралы жан-жақты дерек беру арқылы танымдық көзқарасын қалыптастыру және шығармашылыққа баулу.
Тәрбиелік мәні
Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мәдениетін орнықтыру, ізденімпаздық пен шығармашылыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Баяндау, әңгімелеу
- Іздендіру, сұрақ-жауап
- Сын тұрғысынан ойлау элементтері
Көрнекілік
- Ақын портреті
- Шығармалар жинағы, естеліктер
- Буклет, презентация
Пәнаралық байланыс
- Музыка
- Қазақ тілі
- Тарих
Сабақ эпиграфы
«Қазақ жырының аспандағы азғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз».
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу. Оқушыларға орны ауыстырылған нақыл сөздер таратылып, жаңа тақырыпты анықтауға бағыт беріледі.
Нақыл сөздер
- 1)Отан — оттан да ыстық.
- 2)Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
- 3)Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
- 4)Отан үшін отқа түс — күймейсің.
Сұрақ: Бұл мақал-мәтелдер не туралы? Жауап: Отан туралы.
Осыдан кейін «Туған өлкем — тұғырым» тарауы аясында қазақ поэзиясының аса дарынды өкілі Мұқағали Мақатаевтың «Сүйемін, өскен Отаным» өлеңі талданады.
2) Мағынаны тану
Автор туралы қысқаша кіріспе жасалып, негізгі ой мәтінді оқып-тыңдау барысында ашылады. Сабақ барысында үнтаспадан «Қарасаздың шыбығын жел тербеген» әні қойылады.
Автор туралы қысқаша дерек
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Туған күні туралы екі дерек
Құжат бойынша: 9 ақпан.
Анасы Нағиман апаның айтуынша: 1931 жылғы 8 наурыз.
Оразақын Асқардың дерегіне сәйкес, ақын ес білген шақта сайлау науқанына байланысты куәлікті өзі жаздырып алған.
Азан шақырып қойылған есімі — Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым еңбек адамы: колхозда сушы, шалғышы болып жұмыс істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған; кейін бір қыз және үш ұл дүниеге келеді. Қарындасы мен алғашқы інісі ерте қайтыс болған. Соңғы інілерінің есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш.
Қазақ дәстүрі бойынша алғашқы бала ата-әженің тәрбиесін көреді. Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдағаны туралы естеліктер бар. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, тағдырдың ащы дәмін ерте татиды («Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?»).
Дерек: Ақынның әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза табады.
Сабақтың оқу мақсаты
Мұқағали Мақатаев туралы толық мағлұмат алу арқылы рухани тәрбие жинақтау, өз ойын дұрыс әрі анық жеткізе білу, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Өлеңдерден үзінділер
«Үш бақытым»
Ең бірінші бақытым — Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбатырақ алтыннан нарқым менің. Ал екінші бақытым — Тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім. Бақытым бар үшінші — Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! …
«Нені аңсаймын?..»
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын, Неге аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын. Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің, Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын! Қуат берген дәмің мен тұзың маған, Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған. Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем, Үнін сүйем масаның ызыңдаған. Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар, Ақ бас таулар — самайын ақ басқандар. Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар, Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар, Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!
Бұл өлеңдерде сөз сұлулығы мен ой асқақтығы үйлесім тауып, туған жерге, елге деген махаббат айқын көрінеді. Осы қатардағы ерекше туындылардың бірі — «Сүйемін, өскен Отаным!»
Өлеңге сатылай кешенді талдау
Негізгі мәлімет
- Тақырыбы
- «Сүйемін, өскен Отаным!»
- Авторы
- Мұқағали Мақатаев
- Жанры
- Өлең (поэзия)
- Идеясы
- Туған Отанды, оның сұлу табиғатын жырлау
Құрылымы мен ұйқасы
- Шумақ саны
- 16 шумақ (әр шумақ — аяқталған біртұтас ой)
- Тармақ
- Тармақ — өлеңнің әрбір жолы
- Ұйқас
- Қара өлең ұйқасы (АБАБ)
- Ұйқас туралы
- Соңғы сөздердің дыбыстық үндестігі өлеңнің мазмұнымен сабақтасады
Әдеби-теориялық ұғым
Кейіптеу — табиғат құбылыстарын жандандырып, адам әрекетіне тән қимылмен суреттеу (мысалы: «…уілдеп…»).
Түсіндірме сөздік
- Ескегін — желін, самалын
- Сұлаған — созылып жатқан
Негізгі түйін
Өлеңнің тәрбиелік мәні — отансүйгіштікке баулу, туған жердің қадірін сезіндіру.