Әділ қазы алқасын таныстыру

Сыныптары 2 «А», 2 «Б», 2 «В»
Тақырыбы «Спорт – денсаулық кепілі»
Мақсаты

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, қимыл-қозғалыс қабілеттерін дамыту, денсаулықты нығайту.

Түрі Эстафеталық жарыс

Кіріспе өлең жолдары

Береке де осында, мереке де осында — бүгін бізде думанды сайыс!

Қырандардың қасына көңіл қойып қараңыз: жалындап тұр ғой баламыз!

Үш топ болып жарысайық, қол соғып қарсы алайық!

Топ таныстыру және ұран

  • 2 «А» — «Барыс» тобы
  • 2 «Б» — «Тұлпар» тобы
  • 2 «В» — «Сұңқар» тобы

Өнерге биік сеніңіз, думанға қызық келіңіз!

Әділқазы — ел сенген. Әділ бағасын беріңіз.

Әділқазылар алқасы

Әділқазылар алқасы таныстырылып, жарыстың әділ өту шарттары еске салынады.

Қызады бүгін той-сайыс, ортамызды ашайық!

Ән мен күйді көтеріп, інжу-маржан шашайық.

Ырыс-дәулет мол болсын, жарысты енді бастайық. Ал, қанекей, жол болсын!

Эстафеталық жарыс кезеңдері

Әр кезеңде топтық ұйымшылдық, жылдамдық, ептілік және ой ұшқырлығы бағаланады.

1) Топ таныстыру, ұран

Әр топ өз атауын, ұранын таныстырады.

2) Кедергілер арасымен жүгіру

Қатысушылар белгіленген кедергілерден өтіп, эстафетаны келесі ойыншыға тапсырады.

3) «Аспазшы» ойыны

  • Аспазшының киімін киеді.
  • Жіпке ілінген тәттіні қол көмегінсіз жейді.
  • Аспазшы құралдарын алып келіп, келесі ойыншыға тапсырады.

4) «Кім жүйрік?» — велосипед жарысы

Қатысушылар белгіленген қашықтықты велосипедпен жүріп өтеді.

5) Логикалық сұрақтар

1. Бес тышқанның құлағы қанша?

Жауабы: 10

2. Қыста су неге айналады?

Жауабы: мұзға

3. Қалың ағаш өсетін жер қалай аталады?

Жауабы: орман

4. Қойдың төлі қалай аталады?

Жауабы: қозы

5. Жеті сиырдың мүйізі нешеу?

Жауабы: 14

6. Түтін шығаратын қондырғы қалай аталады?

Жауабы: мұржа

7. Қосылғыштардың мәні қалай аталады?

Жауабы: қосынды

8. Ата-анасының бірінші баласы қалай аталады?

Жауабы: тұңғыш

9. Төрт үстелдің аяғы нешеу?

Жауабы: 16

10. 12 айды бір сөзбен ата.

Жауабы: жыл

11. 1 сағатта неше минут бар?

Жауабы: 60

12. Патша өлсе, баласы не болады?

Жауабы: жетім

6) «Кім жылдам?» — киіндіру эстафетасы

Жүгіріп барып тұрған балалардың киімдерін кезекпен кигізіп, эстафетаны жалғастырады.

7) «Кенгуру» жарысы

Үлкен допты қысып ұстап, секіріп жарысады.

8) «Сурет құрастыру»

Команда болып пазл жинайды.

9) Сынып жетекшілер сайысы

Шарды мүмкіндігінше тез әрі үлкен етіп үрлеп, жарып жіберу.

10) «Қара жорға» би сайысы

Топ болып би билеп, ырғақ пен үйлесімділікті көрсетеді.

Жұмбақтар және ұлттық ойын

Топпен жұмыс: жұмбақтардың шешімін тауып жазып, ортадағы торкөз арқылы қазақтың ұлттық ойынының атауын шығарады. Содан кейін сол ойынды атап, қысқаша түсіндіреді.

Жұмбақтар (1 топ)

  1. Мен жүгірсем, ол да жүгіреді. Мен мүдірсем, ол да мүдіреді.
  2. Тәтті, тәттінің іші қатты; қаттының іші тәтті.
  3. Көреді бәрін өзгенің, көре алмайды өздерін.
  4. Ұрсаң қатты зырлайды, жерге қарғып тұрмайды. Тиіп кетсе басыңа, ешбір зиян қылмайды.
  5. Асты тас, үсті тас, ортасында шандыр бас.

Жұмбақтар (2 топ)

  1. Аспанға ұшар бу болып, жерге қайтар су болып.
  2. Басы тарақ, арты орақ.
  3. Кезікті бір жануар, үстінде екі тауы бар.
  4. Бойы бір қарыс, сақалы екі қарыс.
  5. Сүйенбесе тұра алмайды, сен мінбесең жүре алмайды.

Ұлттық ойын: «Теңге алу»

Ыдыстағы теңгені (домалақ тақтайшаны) қаппен секіріп барып алып, қайтадан жүгіріп келу керек. Кім бірінші болып теңгені көбірек жинаса, сол топ жеңіске жетеді.

Қорытынды және марапаттау

Жарыс заңы ежелден: жеңімпаз болудың шарты — еңбектену, жалықпау.

Біреу озса сайыста, біреу артта қалады. Жеңілгендер ренжімей, тараса — бізге жарасады.

Сайыс шарттары бойынша қорытынды шығарып, жеңімпаздарды анықтау үшін сөз әділқазыларға беріледі.

Келгендеріңізге және қатысқандарыңызға көп-көп рақмет!

Қызылорда облысы, Шиелі кенті

№46 А. С. Пушкин атындағы мектеп-лицейі (КММ)

Бастауыш сынып мұғалімі: Сейтханова Индира Сейтханқызы