Екі тілде еркін жазған жазушы

Сабақтың мақсаты

  • Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығымен таныстыру.
  • Оқушыларды ерлікке, елжандылыққа, Отанды қорғай білуге тәрбиелеу.
  • Б. Момышұлының еңбектері мен ерліктері арқылы ой-өрісті, сөйлеу мәдениетін және білім-білік дағдыларын дамыту.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Сабақтың әдісі

Баяндау, сұрақ-жауап

Көрнекілігі

Слайд, кітаптар, суреттер, бүктемелер

Сабақтың барысы

  1. 1

    Ұйымдастыру кезеңі

    Оқушылардың назарын сабаққа аудару.

  2. 2

    Өткен сабақты пысықтау

    Ә. Нұршайықовтың өмірі мен шығармалары туралы қысқаша баяндау.

Сабақтың жоспары

Б. Момышұлының өмірі
Елдік пен ерлік
Тіл жанашыры
Бауыржан — жазушы
Бауыржанның ақындығы
Кітаптарымен таныстыру
Ер есімі — ел есінде

Жаңа сабақты түсіндіру

Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен заманда жауға қарсы шығып, елін де, жерін де қорғаған айбарлы батырлар аз болмаған. Сол биік тұлғалардың бірі — Кеңес Одағының Батыры, халық қаһарманы, аты аңызға айналған қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлы.

Жырламай тұра аламын қалай мұны,

Жеріме жолатпаған мұң-қайғыны.

Қаһарман, жазушы, ақын — дана азамат,

Бауыржан Момышұлы — ел айбыны.

Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осыған орай батырдың ерлік жолы мен шығармашылығына арналған «Батыр — Бауыржан» сабағын бастаймыз.

Бауыржан Момышұлының өмірі

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау елді мекенінде дүниеге келген.

Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болып қызмет атқарды. Кейін бір жарым жыл әскери міндетін өтеп, запастағы командир атағын алады.

Туған ауылына оралған соң қаржы мекемесінде жұмыс істеді. Артынша қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, әртүрлі әскери бөлімдерде командир болады.

1941 жылы даңқты генерал-майор И. В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Майдан даласында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, ерекше көзге түседі.

Соғыстан кейін Кеңес әскери Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Кейін Кеңес Әскери академиясында сабақ береді.

Жазушы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 72 жасында дүниеден өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ қаламгерлерінің ішінде өз ұлтын Бауыржан Момышұлындай сүйетін жазушы жоқ» деп бағалаған.

Жазушы 18 жасынан қалам ұстаған. Оның күнделіктері, естеліктері, хаттары мен танымал шығармалары жинақталған 30 томдық еңбегі Бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен жарық көрді.

Бауыржан Момышұлы өзін «жазушымын», «ақынмын» деп ешқашан ерекше атап айтпаған. Оның шығармаларындағы оқиғалар көбіне өз өмірінен, басынан өткен тәжірибеден алынған.

Тіл жанашыры

Бауыржан Момышұлы қазақ тілінің тағдырына ерекше алаңдаған. Ол: «Қазақ тілінен ажырап, азғын ел атанбасын; ұрпағымыз тарыдай шашырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалмасын. Анамыздың ақ сүтінен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-баба тарихымызды ұмыту» деген.

Бауыржанның даналық сөздері

  1. 1 Именіп жүріп көрген игіліктен қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
  2. 2 Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі.
  3. 3 Мұратыңа жеткенше, дос-дұшпанға сыр берме.
  4. 4 Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады.
  5. 5 Әділдікті мойындау — адал кісінің ісі.
  6. 6 Тіл байлығы мен тіл тазалығы — ұлт мақтанышының белгісі.

Ер есімі — ел есінде

Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай Ресей астанасындағы мектептердің біріне батырдың есімі берілді.

«Жақсының аты өлмейді» дегендей, елімізде де Бауыржан Момышұлы атындағы мектептер ашылып, жас ұрпақты ұлттық-патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беріліп келеді.

Батырдың ерлігін насихаттайтын орталықтар мен мұражайлар жұмыс істейді, кітаптар жазылады, көшелерге батыр есімі беріледі. Бұл — ердің аты ұмытылмайтынының айғағы.

Сонымен қатар 2007 жылдан бері елімізде Бауыржан Момышұлы атындағы нөмірленген «Құрмет белгісі» табысталып келеді.

Батыр ұл — есімдері сақталады,

Жыр болып жүректерде жатталады.

Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,

Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.

Бауыржан — жазушы

Бауыржан Момышұлы — мемлекеттік сыйлықтың иегері, жоғары наградалармен марапатталған тұлға. Әскери жазушылық жолын 1956 жылы нақты дерек пен айғаққа сүйене отырып жүйелі түрде жалғастырды. Екі тілде еркін жазған.

Негізгі еңбектері

  • 1928 — «Өлеңдер»
  • 1940–1941 — «Ұшқан ұя»
  • 1944 — «Қанмен жазылған кітап»
  • 1955 — «Москва үшін шайқас»
  • Повестер, әңгімелер, эсселер, естеліктер, мақалалар

Кітаптар арқылы тұлғаны тану

Бауыржан атамыздың өмірі мен ерлігі — бізге үлгі. Ол туралы жазылған шығармаларды оқи отырып, өмірде ештеңеден қаймықпаған, әділ, бірбеткей, туған халқын шексіз сүйген адамды танимыз.

«Ақиқат пен аңыз» — Ә. Нұршайықовтың сұхбат түрінде жазылған туындысы. Бұл кітап арқылы батыр туралы ақиқат пен аңыздың ара-жігін аңғаруға болады.

«Ұшқан ұя» — балалық шағы мен туған жерге деген махаббатты терең суреттейтін шығарма.

«Москва үшін шайқас» — Мәскеу түбіндегі ерліктерді, Отанға деген ыстық ықыласты айқын танытатын еңбек.

Батырдың келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» шығармасынан ата мен келін арасындағы сыйластық, тәлім-тәрбие, салт-дәстүр құндылықтарын көреміз.

Ж. Егембердиеваның «Өмірінің өзі — дастан» атты еңбегі — Бауыржан атамыздың өмірінің соңғы кезеңдерінде жанында болған жары Жәмила апамыз туралы естелік сипатындағы шығарма.

Қорытынды

Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, артына өшпес із қалдырған тұлғаның ісін ұмытпай, тарихымызды жаңғыртып отыру — бүгінгі ұрпақтың парызы. Елім деп туған ерлердің есімі ғасыр өтсе де ел жадында сақталады. Қазақтың Бауыржандай дара да дана батыры ешқашан ұмытылмайды.