Сөз табы ұғымымен таныстыру және сөз таптары туралы түсінік беру

Сабақтың тақырыбы: Сөз таптары

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды сөз табы ұғымымен таныстыру және сөз таптары туралы түсінік қалыптастыру.

Сабақтың міндеттері

  1. Әрбір сөздің белгілі бір ұғымды білдіретінін, сөйлемдегі сөздердің орны мен олардың өзара мағыналық байланысы болатынын түсіндіру.
  2. Өз бетімен жұмыс арқылы теориялық ойлауын, жазба тілін және байланыстырып сөйлеуін дамыту; шығармашылық қабілетін күшейтіп, пәнге қызығушылығын арттыру.
  3. Білімпаздыққа, еңбексүйгіштікке және ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын
  • Өз бетімен жұмыс
  • СТО әдістері

Сабақтың түрі және көрнекілігі

Сабақтың түрі: аралас

Көрнекілігі: интерактивті тақта, мазмұнды суреттер, кесте

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

  1. Сабақтың мақсатын хабарлау.
  2. Психологиялық дайындық: қыс туралы қысқаша әңгіме.

II. Үй тапсырмасын тексеру

«Ой қозғау» стратегиясы

Өткен материалды бекіту: «Қар лақтыру» ойыны арқылы сұрақтарға жауап беру.

Қайталау сұрақтары

  1. Сөз құрамы нешеге бөлінеді?
  2. Түбір деген не?
  3. Қосымша дегеніміз не? Ол нешеге бөлінеді?
  4. Жұрнақ дегеніміз не?
  5. Жалғау туралы кім айтады?
  6. Жұрнақ пен жалғаудың айырмашылығын дәлелде.

«Қызығушылықты ояту»

Сурет арқылы әңгіме жүргізу.

  1. Бүгінгі ауа райы қандай? Аспанның күйі қандай болып тұр? Бұлтты
  2. Жиі-жиі не жауады? Қар

Ойын: «Бұлттан әріптер жауады»

Сұрақтар арқылы негізгі ұғымдарға жетелеу:

  • Дыбыстардан не құралады?
  • Сөз дегеніміз не?

Негізгі ой

Сөз — заттың атауы

Сөз — қимылдың атауы

Сөз — сапаның атауы

Сөз — санның атауы

III. Негізгі бөлім

Ертегі арқылы түсіндіру

Ерте, ерте ертеде біз білмейтін бір елде сөздер өмір сүріпті. Ол ел Морфология деп аталыпты. Бір күні кең сарайда тұрған сөздер бір-бірімен келісе алмай: «Сен ұзынсың, мен қысқамын. Сен көпшілсің, көп мағына бересің, анаумен де мынаумен де тіркесесің. Ал мен бір мағына беріп, оқшау жүргенді ұнатамын», — деп айтысады.

Мұны естіген хан сөздерді жинап алып: «Өз мағыналарыңа қарай, жауап беретін сұрақтарыңа және өзіндік ерекшеліктеріңе қарай топқа бөлініңдер. Сонда әрқайсыңды жеке отау етіп, бөлек-бөлек үй қылып қоямын», — дейді.

Сөйтіп сөздер ұқсас белгілеріне қарай тапқа бөлініп, әр топқа ат беріледі. Осылайша Морфология елі Сөз таптары еліне айналады.

Тапсырмалар

1-тапсырма

Берілген суретке қатысты сөз таптарын тауып, айтып беріңдер. Мысалы, шаңғы суреті берілсе:

  1. Осы сөздердің мағынасы бар ма?
  2. Оларға сұрақ қоюға бола ма?
  3. Осы сөздермен сөйлем құрайық.
  4. Сөйлемдегі сөздердің орны мен өзара мағыналық байланысы бар ма?

2-тапсырма

Берілген сөздерді кестеге бөліп жазыңдар:

Барды Ауа Елуінші Қоңыр Таза Әнші Үрді Тоғыз

Кеңес: сөздерді мағынасына және қоятын сұрағына қарай топтастырыңдар.