Жолбарысқа көмек берген кімдер

4-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Тақырып: Кешірім мен келісім

Құндылық: Дұрыс әрекет Қасиеттері: мейірімділік кешірімшілдік адамгершілік

Сабақ мақсаты

Оқушылардың кешірім мен келісімге келу ұғымдарының «Дұрыс әрекет» құндылығынан туындайтыны туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

  • Кешірімді болуға үйрету.
  • Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін дамыту.
  • Мейірімді болуға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Бұл сабақта оқушылар кешірім сұраудың және бір-бірімен келісімге келудің маңызын түсініп, оны күнделікті өмірдегі жағдайлармен байланыстырады.

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу. «5Т» бойынша Шаттық шеңбері (2 минут): оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірімен амандасады және өлең жолдарын бірге айтады.

Адамдарға кешіріммен қарайтын,
Жан жылуы жылылық боп тарайтын,
Кішіпейіл бала болғым келеді,
Айналасын нұрлы күнге балайтын.

Балалар, бір-біріміздің қолымыздан ұстап, алақан арқылы жүрек жылуын сезіну — қандай тамаша, қандай қуаныш!

Оқушылар «кешірім», «келісім», «татулық» сөздері арқылы топтарға бөлінеді.

2) Әңгімелесу

Уақыты: 5 минут

  • Кешірім және келісім дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Кешірім сұраған сәтің болды ма?
  • Кешірім сұрау достықты сақтауға көмектескен кездер болды ма?
  • Кешіре білу қиын ба, әлде кешірім сұрау қиын ба?

3) Үй тапсырмасын тексеру

Уақыты: 8 минут

Тапсырма: «Мақтаншақ жолбарыс» ертегісін оқып келу.

Талқылау сұрақтары

  • Бұлбұл неліктен бақтан ұшып кетті?
  • Жолбарыстың мұңаюының себебі неде?
  • Жолбарысқа кімдер көмек берді?
  • Жолбарыс бұлбұлдан не үшін кешірім сұрады?
  • Кешірімшіл болу әр адамның қолынан келе ме?
  • Айналаңдағы адамдарға мейірімділікті қалай көрсетіп жүрсіңдер?

4) Дәйексөз

Уақыты: 3 минут

Дәйексөз

«Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық».

Дәйексөздің мәні: бір сәттік ашу мен ренішке бола берік татулықты бұзбай, сабырмен сөйлесіп, ортақ келісімге келу.

5) Сергіту сәті

Уақыты: 2 минут

«Қыдырып қайтайық» қимыл-қозғалыс жаттығуы: жеңіл қимылдар арқылы сергіп, көңіл күйді көтеру.

6) Жағдаяттарды талдау

Уақыты: 5 минут

Жағдаят 1

Қали түні бойы сақаларға қорғасын құйды. Ертеңінде ойын үстінде ол Досанның асықтарын ұтып алды. Досан Қалиға ренжіп, кетіп қалды.

Сұрақ:

Сендер Қалидың орнында болсаңдар не істер едіңдер?

Жағдаят 2

Жанар бүгін мектептен көңілсіз оралды. Ол құрбысы Мәдинамен алғаш рет ренжісіп қалды. Үзіліс кезінде ең жақын досы Мәдина Жанардан айнасын сұрады. Досының көңілін қимай, Жанар айнасын берді. Мәдина айнаға қарап, шыр айналып билей бастады. Жанар: «Абайла, айна сынып қалмасын. Оны анам сыйлаған еді. Ол мен үшін ең қымбат сыйлық», — деді. Сол кезде айна жерге түсіп кетіп, сынып қалды. Жанардың көзіне жас келді. Мәдина: «Ой, не болды сонша? Айна деген арзан емес пе?» — деді. Жанар не дерін білмей, тұрып қалды.

Талқылауға сұрақтар:

  • Оқиғаның қалай аяқталғанын қалар едіңдер?
  • Мәдина мен Жанардың достығы қалай жалғасуы мүмкін?
  • Сендер мұндай жағдайда не істер едіңдер?

Мәлімет

Мектеп
Бірлік
Мұғалім
Серкова Р.

Тақырып: «Кешірім мен келісім»