Мұнда буынның дауысты дыбысқа байланыстылығына көңіл аударту

Сабақтың тақырыбы

Аңдар. Үй жануарлары. (дауысты, дауыссыз дыбыстар, буын)

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу
  • Көрнекілік

Көрнекіліктер

Суреттер, аңдар мен үй жануарларының иллюстрациялары.

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік мақсат

Оқушылардың дыбыс түрлері туралы түсінігін кеңейту; аңдар мен үй жануарлары жайлы әңгіме жүргізу.

2) Дамытушылық мақсат

Сөздік қорын, тіл байлығын және ойлау дағдыларын дамыту.

3) Тәрбиелік мақсат

Оқушыларды тазалыққа, әдемілікке тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың сабаққа зейінін аудару.
  • Қажетті оқу құралдарын дайындау.
  • Партада дұрыс отыруын қадағалау.

II. Өткенді қайталау

Алдыңғы сабақта меңгерген ұғымдарды пысықтау: жемістер туралы әңгімелету, дауысты және дауыссыз дыбыстарды қайталау, сөздерге дыбыстық талдау жасату.

Қайталау сұрақтары

  • Жемістерге нелер жатады?
  • Жемістердің қандай түрлері бар?

Сергіту сәті

Көжегім, тұршы,
Бетіңді жуғышы.
Айнаға қарашы,
Шашыңды тарашы.
Киіміңді киіш,
Мектепке қарай жүрші,
Орныңа отыршы,
Сабағыңды оқышы.

III. Жаңа сабақ

Тақырыпқа кіріспе

Оқушылар өздері білетін аңдар мен үй жануарлары туралы әңгімелейді. Берілген суреттер арқылы аңдар мен үй жануарларының түрлері таныстырылады.

Негізгі ұғым: аңдар

Табиғат аясында тіршілік етіп, өз қорегін өзі тауып жейтін жануарларды аңдар деп атаймыз. Олардың жүндері қалың болғандықтан, қыста тоңбайды. Табиғатта жабайы аңдардың түрі көп; олардың ішінде пайдалысы да, зияндысы да бар.

Қасқыр мен түлкі — жыртқыш аңдар. Тістері өткір, көздері қырағы, сезімтал. Қажетті қорегін алыстан-ақ иісінен сезеді. Қыста жортып жүріп азығын тауып жейді, әрі қыста ұйықтамайды.

Тілдік жұмыс: дыбыс және буын

  • Суреттегі жануарларды және олардың төлдерін атату.
  • Сөздерге дыбыстық және буындық талдау жүргізу.
  • Буынның дауысты дыбысқа байланыстылығына назар аударту.
  • «Үй жануарлары қалай дыбыстайды?» сұрағы арқылы жауаптарды талдау.

Оқулықпен жұмыс

Оқулықтағы суреттер таныстырылады: қасқыр, түлкі, жолбарыс, арыстан. Әр сөйлемдегі сөз санын анықтату, әр сөздегі дыбыс пен буын санын ажырату жұмыстары жүргізіледі.

Сөйлем құрату үлгілері

  • Мен зообақтан қасқыр көрдім.
  • Түлкі — қу аң.

Қосымша тапсырма

Бие мен құлынның суреттеріне сәйкес сөйлемдер құратып, қысқаша әңгімелеу.

Суреттер арқылы дыбыстардың дауысты не дауыссыз екенін ажырату. Тақтаға сөздер жазып, солардың негізінде дауысты және дауыссыз дыбыстар туралы түсінікті нақтылау. Жекелеген сөздерге дыбыстық және буындық талдау жасату.

Дәптермен жұмыс

  • Дәптердегі берілген суреттерді бояу.
  • 9-беттегі материалдарды пайдаланып, сызба жұмыстарын орындау.
  • Суреттердің атауларын сөз сызбасына түсіру.

Жұмбақ

Мынау оған керегі,
Балды жақсы көреді.
Қыс бойы жылы апанда,
Ұйықтау оның өнері.

Жауабы: Аю

IV. Сабақты қорыту

  • Үй жануарлары мен аңдар туралы қысқаша әңгімелету.
  • Сөйлемдер құрату.
  • Дауысты және дауыссыз дыбыстарды қайталап, бекіту.

V. Үй тапсырмасы

Суреттермен жұмыс жасау.

VI. Бағалау және мадақтау

Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігіне, жауаптарының дәлдігіне және дыбыстық-буындық талдау дағдыларына қарай бағалау жүргізіледі. Үздік жауаптар мадақталады.