Тапсырмаларды орындауда ережелерді қолдана білу дағдысыинформатикалық терминдік тілде сөйлеу қабілеттері

Сілтеме

Е. А. Вьюшкова, Н. В. Параскун, Б. Қ. Әбенов

Жалпы мақсат

«Ақпарат саны» ұғымын енгізу, ақпараттың өлшем бірліктерімен таныстыру, ақпарат көлемін екілік түрде өлшеу тәсілдерін түсіндіру. Сондай-ақ ақпараттың өлшем бірліктерін және ақпарат беру жылдамдығын өлшеу бірліктерін нақтылау.

Оқушылардың өз бетімен қорытынды шығаруын, ойын ашық айтуын және ойлау қабілетін дамыту; пәнге қызығушылығын арттыру. Есте сақтау, байқағыштық және тапқырлық қабілеттерін жетілдіру.

Оқыту нәтижелері

  • Берілген тапсырмаларды жұпта және топта орындауға үйренеді.
  • Оқушылар өзін және бірін-бірі бағалауға дағдыланады.
  • Ережелерді қолдану, информатикалық терминдермен сауатты сөйлеу дағдысы қалыптасады.

Түйінді идеялар

Оқушылар компьютерде ақпаратты өлшеу тәсілдерін, бит және байт ұғымдарын, ақпарат көлемін екілік түрде өлшеуді, ақпараттың өлшем бірліктерін және ақпарат беру жылдамдығын өлшеу бірліктерін меңгереді.

Күтілетін нәтиже

Мәтіндік ақпараттың санын анықтауды және ақпаратты бір өлшем бірлігінен басқа өлшем бірлігіне ауыстыруды үйренеді.

Жұппен және топпен жұмыс арқылы бірлесіп білім алады, пікір алмасу мәдениеті қалыптасады.

Бағалау критерийлері

Өз бетімен білім алуы

Тақырыпты өздігінен меңгеруі және қорытынды жасай алуы.

Дербес жұмыс

Тапсырманы нұсқаулыққа сай орындауы.

Жұпта жұмыс

Талқылау, өзара көмектесу және ортақ шешімге келу.

Практикалық білімі

Компьютерде файл көлемін, бос/толған орынды анықтай алуы.

Терминдерді қолдануы

Бит, байт, КБ, МБ, ГБ сияқты ұғымдарды дұрыс пайдалануы.

Сабақтың барысы

Өткен тақырыпты пысықтау

«Ақпаратты өңдеу тәсілдері» тақырыбы бойынша еркін-конструктивті тест: бос орындарға қажетті сөздерді жазып, дұрыс жауапты таңдаңдар.

  1. Ақпаратты сақтау үдерісін көрсетіңдер:

    • а) теледидар көру
    • ә) дәптерге жазу
    • б) кітап оқу
    • в) телефонмен сөйлесу
  2. Әдеттегі қойын дәптерді қолданудың мақсаты:

    • а) ақпаратты өңдеу
    • ә) ақпаратты сақтау
    • б) ақпаратты жеткізу
    • в) ақпаратты сақтау, өңдеу және жеткізу
  3. Ақпаратты іздеуге не жатады?

    • а) электронды поштамен ақпарат алу
    • ә) желілер арқылы ақпаратты алыс қашықтыққа жеткізу
    • б) кітап мазмұнымен жұмыс істеу
    • в) мәтіндерді басқа тілге аудару
  4. Ақпаратты жеткізуге мысал болатын үдеріс:

    • а) кітапханадан кітап іздеу
    • ә) телефон арқылы сөйлесу
    • б) музыка тыңдау
    • в) табиғат құбылысын бақылау
  5. Ақпарат алу — бұл:

    • а) үй жұмысын орындау
    • ә) ағаш көшеттерін отырғызу
    • б) музыка тыңдау
    • в) математикадан есеп шығару
  6. Адам үшін ұялы телефон — бұл:

    • а) ақпарат көзі
    • ә) ақпарат қабылдаушы
    • б) ақпарат өңдеу құралы
    • в) байланыс құралы
  7. Мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аудару қандай үдеріс?

    • а) ақпаратты тасымалдау
    • ә) ақпаратты іздеу
    • б) ақпаратты өңдеу
    • в) ақпаратты сақтау

Білу

Мұғалімнің іс-әрекеті

Жаңа тақырыпты игеруге бағыт береді: интерактивті тақта арқылы слайд көрсетеді, күнделікті өмірден мысал келтіруге жетелейді.

Оқушының іс-әрекеті

  • Жаңа сабақ бойынша не білетінін айтады.
  • Мұғаліммен бірге слайдтар бойынша жұмыс жасайды.

Түсіну

Оқушыларға тақырыпты өздігінен меңгеруге мүмкіндік беріледі: әр оқушы мәтінді оқып түсінеді, жұпта талдайды, кейін топта талқылайды.

Дұрыс немесе бұрыс тұжырымдарды анықтайды, түйінді сөздерді (анықтамаларды) дәптерге жазады.

Қолдану

Дарындылық пен жас ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар орындалады.

I топ

Компьютерде сақталған ақпараттың көлемін қарап шығыңдар: Пуск → Компьютер бөліміне кіріп, дискінің қасиеттерін ашыңдар. Толған және бос орын көлемін салыстырыңдар.

II топ

Компьютерде Documents бумасын ашып, көлемі 1 ГБ флешкаға қандай файлдардың сыятынын анықтаңдар.

III топ

«Ақпаратты сақтауға, жеткізуге және өңдеуге болады» мәтінін теріп, ондағы символ саны қанша екенін анықтаңдар.

Талдау

Сыни ойлау дағдыларын дамыту: анықтамаларды тұжырымдау, ережелерді нақтылау және негіздеу.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар

  1. Ақпараттың өлшем бірліктерін атаңдар.
  2. Байт КБ-тан, КБ МБ-тан, МБ ГБ-тан қанша шамаға кем?
  3. 1 байтта неше бит бар?
  4. «Кездесу қыркүйек айына тағайындалды» деген хабарламада қанша көлемді ақпарат бар?
  5. «Алақай! Жазғы демалыс аяқталды!» хабарламасының ақпараттық көлемін өлшеңдер.

Жинақтау

Мұғалім сұрақ қояды, оқушылардың жауаптарына қарай келесі әрекеттер нақтыланады. Қорытындылау үшін қысқа тест орындалады.

Тест сұрақтары

  1. Ақпарат компьютерде қандай түрде сақталады?

    • а) әріптер
    • ә) мәтіндер
    • б) сандар
    • в) нөл мен бірлер
  2. Ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі:

    • а) бит
    • ә) байт
    • б) 1
    • в) әріп
  3. Бір байт — бұл:

    • а) 10 бит
    • ә) 16 бит
    • б) 8 бит
    • в) 4 бит
  4. Бір символдық мәтін әдетте қалай кодталады?

    • а) 1 битпен
    • ә) 1 байтпен
    • б) әріппен
    • в) 10 битпен

БББ кестесі

Оқушыларға «Білемін — Білгім келеді — Білдім» кестесі таратылады және толтырылады.

Бағалау

Топ бағалаушылары топ мүшелерін бағалайды. Мұғалім қорытынды бағаны шығарады.

Үй тапсырмасы

«Ақпараттың көлемі және оның өлшем бірліктері» тақырыбына дайындалып келу.

Қосымша тапсырма

  • Оқулықтың бір бетінің және толық оқулықтың жуық ақпараттық көлемін өлшеңдер.
  • Көлемі 600 МБ және 2 ГБ болатын дискіге осындай кітаптың нешеуі сыюы мүмкін екенін есептеңдер.

Оқушы үй тапсырмасын дәптерге және күнделікке жазып алады.

Рефлексия

Ойтолғау сұрақтары

  1. Мен бүгінгі сабақта не білдім?
  2. Маған қызықты болды...
  3. Маған қиындық тудырған...
  4. Бүгін үйренгенімді болашақта өмірде қалай қолданамын?

Нәтижені бекіту

Оқушылар қысқа жауап береді, өз жетістігін атап өтеді және келесі қадамдарын жоспарлайды.