Қыстырма сөздерді орынды қолдана білуге дағдыландыру

Сабақ тақырыбы

Қазақ тілі (4-сынып): Қыстырма сөздер.

Мақсаты

  • Қыстырма сөздердің сөйлем ішінде атқаратын рөлін таныту және жалпы ойға қосатын мағыналық реңктерін байқату.
  • Сөйлем ішінен қыстырма сөздерді табуға үйрету, тыныс белгілерін дұрыс қоя білу дағдысын қалыптастыру.
  • Қыстырма сөздерді орынды қолдануға дағдыландыру, дұрыс әрі мәдениетті сөйлеуге тәрбиелеу.

Міндеттері

  • 1 Жаттығулар арқылы қыстырма сөздердің сөйлемдегі ойға қосатын мағыналық реңктерін ажырата білуге үйрету.
  • 2 Оқушылардың сөйлеу мәдениетін арттыру, ой қорыту, пікір айту дағдыларын жетілдіру.

Күтілетін нәтиже

Топтық жұмыс нәтижесі

Оқушылар өзіндік ізденіске бағытталып, шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын дамытады.

Талдау және пікір айту

Жаттығуларды талдау арқылы еркін ойлау, өз көзқарасын жеткізу, дәлелдеу, тыңдау және тұжырым жасау қабілеттері жетіледі.

Өзін-өзі бағалау

Әр оқушы өзіне баға беріп, өзіндік пайым жасайды; сабақтың тәрбиелік әрі тағылымдық мәнін ұғынады.

Түйінді түсініктер

мағынаны үстемелеу қолдау жорамал пікір сенім сөйлем мүшесі бола алмайды

І. Кіріспе

Тренинг: «Мен сенің бойыңнан мына қасиеттерді көргім келеді…»

Оқушыларды төмендегі қасиеттер бойынша топқа бөлу: өз-өзіне сенім, бір-біріне қолдау көрсету, кез келген құбылысқа жорамал жасау, өз пікірін ортаға салу.

Оқушылар мұғалімнің қолындағы әртүрлі қасиеттер жазылған парақшаларды суырып алады. Қасиеттері бірдей оқушылар бір топқа жайғасады.

Бағалау

Алдын ала бағалау парақтары ұсынылады. Оқушылар сабақ бойы өзара бағалау тәсілімен жұмыс істейді.

Жұптық және топтық жұмыс

І–ІІ топ

«Аа» дыбысынан басталатын сөздер құрау:

  • зат есім
  • сын есім
  • сан есім
  • етістік

ІІІ–ІV топ

«Аа» дыбысынан басталатын жеміс атауларын жазып, сол сөздермен сөйлем құрау.

Құрастырылған сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне талдау.

Негізгі сабақ

«Бәріміз бірге» кезеңі: 1-жаттығу

Жаңа сабақты түсінуге дайындық ретінде 1-жаттығу орындалады. Екі бағандағы сөйлемдер салыстыра оқылып, мағына айырмашылығына талдау жасалады.

Топтық жұмыс: қыстырма сөздің мағынасы

Тапсырма бойынша бірінші бағандағы қалың қаріппен берілген сөздердің сөйлемге қандай мағыналық реңк қосып тұрғанын анықтаңдар.

І топ

Меніңше, бұл – өте мықты адам.

Бұл – өте мықты адам.

Мұнда меніңше сөзі сөйлеушінің сенімін, өз көзқарасын білдіреді.

ІІ топ

Біз бүгін, әрине, күндегіден ертерек шығамыз.

Біз бүгін күндегіден ертерек шығамыз.

Мұнда әрине сөзі сөйлеушінің қолдауын, нақтылау реңкін білдіреді.

ІІІ топ

Бәлкім, бұл жұмысты ертеңге қалдырған шығар.

Бұл жұмысты ертеңге қалдырған шығар.

Мұнда бәлкім сөзі сөйлеушінің жорамалын білдіреді.

Ескерту: Қыстырма сөздер сөйлемге қосымша мағына реңкін үстейді және сөйлем мүшесі бола алмайды.