Тілім менің, тілім менің - тірлігім

Тілді сүю – тал бесіктен

ҚР Тілдер мерекесіне арналған әдеби кештің мазмұны мен өту барысы.

Тақырыбы

Тілді сүю – тал бесіктен

Көрнекілігі

Тіл туралы ақындардың ойлары ұсынылған презентация.

Мақсаты

  • Ана тілі — халықтың жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі екенін ұғындырып, ана тіліміздің асқақтауына үлес қосу.
  • Оқушыларды қазақ елін, қазақ тілін қастерлеуге, ой-өрісін кеңейтуге, шешендік өнердің қыр-сырын тануға тәрбиелеу.
  • Тілдің қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Іс-шараның өту барысы

Кештің бағдарламасы музыка, жүргізушілер сөзі, әдеби монтаж және ән орындауларымен өрнектеледі.

Кіріспе бөлім

  • Қазақ биі.
  • Асылбек Еңсеповтің «Балалық шақ» күйі (5 «Г» сынып оқушылары).

Жүргізушілердің құттықтау сөзі

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Тілді сүю – тал бесіктен» атты Тілдер мерекесіне арналған кешімізді ашық деп жариялаймыз! Қазақ тіліміз — ана тіліміз. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде үлкен мәртебеге ие болды. Мұны қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды.

2-жүргізуші

Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі — жаһандық экономикаға кірігу тілі. Бұл ой Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылып, елжандылық пен тәрбиенің, сондай-ақ ағылшын тілі пәнінің маңызын айқындай түседі.

Әдеби монтаж

Оқушылар ана тілінің қадір-қасиетін өлең жолдары арқылы жеткізеді.

1-оқушы

Тілім менің — тірегім, дінім менің.
Тілсіз қандай болады күнім менің?!
Өз халқыма жетеді өз мәнінде,
Өз тілімде оқылса жырым менің.

2-оқушы

Тілім менің — қуатым, күшім менің,
Күшім кетсе, не болар ісім менің?!
Тілсіз өмір бар десе, түсінбедім,
Тілімменен тірлікті мүсіндедім.

3-оқушы

Тілім менің — асылым, арым менің,
Арым кетсе, не пайда барым менің?
Бас кескендер тілімді кесе алмаған,
Тілден бұрын кетеді жалын, дедім.

4-оқушы

Тілім менің — қазынам, қасиетім,
Қасиетім бар әлем бас иетін.
Тілі жоқтың түрі жоқ, түбірі жоқ,
Бола көрме, ана тілі, қасіретім.

5-оқушы

Тілі өлсе, болмайды тірі халық,
Бірі өліп, тұра алмас бірі қалып.
Басқа емес, өз ана тілінде тек
Тіршілігін білдірер ұлы халық.

6-оқушы

Тілім менің — ғасырлардан аманат,
Аманатқа адал болсын қанағат.
Ар-намысқа келтірмейік жаман ат.
Қазақ болып туылдың ба — ендеше
Өз тіліңді өзгелерге бағалат.

Құттықтау сөз және әндер

1-жүргізуші

Бүгінгі кешімізді ашу үшін мектебіміздің басшысы Көшкінбаева Әлия Сейдуәлиқызына сөз береміз. (Директор құттықтау сөз сөйлейді.)

  • Ән: «Туған жер» — 7 «А» сынып оқушысы Жағыппарова Ләйла.

2-жүргізуші

Тілі жайында толғанбайды кім бүгін?
Тіл жайында үгіттейді кімді — кім?
Сан мың жылдан сарқылмаған бұлағым!
Тілім менің, тілім менің — тірлігім!

  • Ән: «Мереке» — 5 «Г» сынып оқушысы Айкүміс.
  • Ән: «Ассалаумағалейкум» — 7 «Б» сынып оқушысы Айбасов Айдархан.

1-жүргізуші

Тіл — табиғаттың адамға берген сыйы. Әр халықтың өз тілі бар. Жер жүзінде қанша ұлт болса, сонша тіл бар. Тіл тағдыры — ел тағдыры. Тіл — байлық, тіл — қазына.

  • Ән: «Қырманға кел, қалқатай» — Кенжебекова Ақбаян.

2-жүргізуші

Тіл — рухтың күре тамыры. Тілден үлкен ана жоқ.
Тіл шегінсе — ұлт мүлде жоқ, әрі ұлттық сана жоқ.
Өз анасын шетке тебу рухсызға бақ па екен?
Бұл ғасырлық зұлымдықты қай қу ойлап тапты екен?

1-жүргізуші

Көркей, көгер! Тежеу болар кім енді?!
Мәңгүрт тектес жау тумасын анадан,
Дін бөлініп, жік шықпасын арадан.
Тұмарымдай қасиетті тіліме
Қуат берсін деп тілеймін Алладан!

Қорытынды

Кештің негізгі идеясы — ана тілін құрметтеу, оның ұлт өміріндегі орнын терең сезіну, және жас ұрпақты сөз қадірін ұғынуға тәрбиелеу.