Әжелерді марапаттау
Тақырып
«Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде»
Мақсаты
- Балаларды әжесін сыйлауға, аналарды құрметтеуге тәрбиелеу.
- Балалардың бойына адамгершілік пен мейірімділік қасиеттерін сіңіру.
Орындау
Ортаңғы «А» тобы тәрбиеленушілерінің орындауында — «Наурыз сазы».
Наурызға арналған жыр-тілек
Қазағым, Наурызың құтты болсын, Көтерген шаңырағың биік болсын. Тілектері ұлтымның қабыл болып, Жақсылығын бір Алла иіп тұрсын.
Наурыз тойы — ақ батамның бастауы, Береке мен бірліктің жалғасуы. Жеті түрлі қасиетті дәмменен, Байтақ елдің бір толады астауы.
Құрметті мерекеге қатысушы қауым! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз құтты болсын! Осы мереке аясында өтетін «Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде» атты сайысымызға қош келдіңіздер!
Сайысқа қатысушылар
Топтар арасында өтетін «Тәтті немерелерімен келген әжелер» сайысын бастауға рұқсат етіңіздер.
Құрметті әжелер, армысыздар, Бәріңіз де есен-саумысыздар. Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де, Үлкен-кіші, жасымыз, кәріміз де. Төрлетіңіз, қадірменді әжелер, Гүл-гүл жайнап біздің мынау төрімізге.
Әжелер ортаға шығады, әуен ойналады.
Таныстыру
- 1 Бағила әже — немересі Ақтілек
- 2 Ықпал әже — немересі Нұржан
- 3 Күлмараш әже — немересі Асылжан
- 4 Күлшаһар әже — немересі Диас
Әділқазылар алқасы
Әжелеріміздің өнеріне әділ баға беру үшін әділқазылар алқасы сайланады:
- Әділқазылар алқасының төрайымы
- Балабақша меңгерушісі
- Балабақша әдіскері
- Қазақ тілі қоғамының мүшесі
- Ардагер ұстаз-ана
Әжемнің саясында ер жеттім мен, Аялы ақ бесікте тербетілген. Әжемдей ақ ниетті абзал жанды Таппаймын айналсам да жер бетінен.
Сайыс кезеңдері
Біздің сайысымыз бірнеше мазмұнды кезеңнен тұрады. Әр кезеңде әжелер мен немерелер өзара бірлік, өнер, тәлім-тәрбие құндылықтарын көрсетеді.
-
I кезең
«Сәлем — сөздің анасы»
Таныстыру: әже мен немере өздерін таныстырады.
-
II кезең
«Өнерлі өрге жүзеді»
Қатысушылар өз өнерін ортаға салады.
-
III кезең
«Халық тәлім-тәрбие бастауы»
Сұрақтар мен тапсырмалар: суретті тапсырмалар барлық қатысушыға бірдей беріледі.
-
IV кезең
«Әжелердің таңсық тағамы-ай»
Қазақтың ұлттық тағамдары: таныстыру және пайдасын айту.
-
V кезең
«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын»
Әжелер — қолөнер, немерелер — әжесіне арнаған сыйлығын сурет арқылы көрсетеді.
-
VI кезең
«Әжемнің ақыл қоржыны»
Ырым-тыйымдар, бата түрлері және баланың жеті жасқа дейінгі салт-жоралары.
Ашылу сөзі
Сайыс басталар алдында ашылу сөзі мен ақ тілегін айту үшін балабақшамыздың меңгерушісі, бүлдіршіндеріміздің қамқор анасы Бағым апайға сөз беріледі.
Мерекелік өнер көрсетілімдері
Ән
«Апатай»
Ересек топ тәрбиеленушісі Дәуреннің орындауында.
Ән
«Анашым»
Ортаңғы «Б» тобы тәрбиеленушісі Бибінұрдың орындауында.
Көрсетілім
«Жас дәуірдің түлегі»
Ересек топ тәрбиеленушісі Анелдің орындауында.
Наурыз келді, ал тойлаңдар, жараңдар! Келген мына мерекеге қараңдар. Шашу шашып ақ жаулықты әжелер, Тойда бүгін ойнап-күліп тараңдар!
II кезеңге ұран
Аңыз болған жоғалмай сан ғасырға, Салт-дәстүрі халқымның жалғасуда. Қолөнері әдемі сәнділікпен, Көз тартып ұрпақтарға алмасуда.
Той көңілі
Жарасады міне, енді, нағыз тойдан қашпасақ. Таласады кімде-кім өлең-жырдан бастасақ. Қайғы-мұңды дәл бүгін ысырып кейін тастасақ. Салт-дәстүрмен жарыса, қайта құрып жаңаша. Жарыса өнер көрсетіп, той тойлайық тамаша!
IV кезең: ұлттық тағамның қадірі
Жұмбақ
Тентек болсам — ашылып, Жақсы іс қылсам — асырып, Маған сақтап жүреді, Тәттісінде жасырып.
Түсіндірме
«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы» деп сипатталатын көктем мезгілінде адам бойында әлсіздік пен шаршау байқалатыны белгілі. Себебі күзде жиналған дәрумен қоры азаяды. Осындай уақытта ертеде әжелеріміз денеге сіңімді, жұғымды тағамдарды әзірлеп, қуаттандыруды дәстүрге айналдырған.
Бұл кезеңде әжелер өздері дайындап әкелген қазақтың ұлттық тағамдарын таныстырып, олардың қажеттілігі мен пайдасын айтып өтеді.
V кезең: қолөнер және бала қиялы
«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» кезеңінде әжелер қол шеберлігін көрсетсе, немерелері әжесіне қандай сыйлық сыйлағысы келетінін сурет арқылы бейнелейді.
Ән
«Әдемі-ай»
Ортаңғы «Б» тобы тәрбиеленушісі Меңсұлуның орындауында.
Би
«Айгөлек»
Айгөлек-ау, айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек. Айдай толған кезімде, Би билеймін дөңгелеп.
Ересек топтың биші қыздары шақырылады.
VI кезең: «Әжемнің ақыл қоржыны»
Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік құралдарының бірі — тыйым сөздер, ырымдар, баталар және салт-дәстүрлер. Мұндай өнеге баланы жаман әдеттен, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандырады.
Тапсырма барысы
Сандықшаның ішінде қоржындар болады. Қатысушылар қалаған қоржынды таңдап алып, ішіндегі сұраққа жауап береді.
Ана жанын әже болсаң ұғарсың, Алдыңдағы ол — биік құзар шың. Немере үшін кеуде керіп мақтанып, Немере үшін биіктен де құларсың.
Қорытынды және марапаттау
Қорытынды шығару сәті
Сайыс қорытындысы шыққанша «Анашым» әнін ересек топ тәрбиеленушісі Аймырза Нұрболат орындайды.
Одан кейін әділқазылар алқасының шешімі тыңдалады.
Әділқазыларға алғыс
Өнерменен көрсетейік біздер қызмет, Әділқазы, сіздерге де көп-көп рахмет! Көрсетпесін өмір-өзен ешбір тауқымет, Ризамыз ата-анаға жүрген демеп!
Қатысушы әжелерге өз тілегін айтуға мүмкіндік беріледі.
Әженің ақ тілегі — тәбәрік
Немере үшін ең мейірімді жан — әже. Ақ сүт берген аналардың анасы да — әже. Немересін, шөбересін «жан жүрегім, жарығым» деп жүрегіне теңейтін де — осы әже.
Сол себепті қадірлі қауым, әжелердің ақ тілегін көпшілік үшін тәбәрік деп білеміз. Ендеше, әжелеріміздің бүлдіршіндерге арналған лебізін тыңдайық.
Бір әжеге арнайы тілек айтуға сөз беріледі.
Марапаттау
Әже мерейі күн көзімен пара-пар, Тұла бойға қуат беріп таралар. Өмірімізге шуақ шашып әрқашан, Көп жасаңыз, ақ ниетті аналар.
Бүгінгі сайысымызға қатысқан аяулы асыл әжелерімізге, апаларымызға үлкен алғыс айтамыз. Сіздердің үлгі-өнегелеріңізді өскелең ұрпақ жалғастырады. Балаларыңыздың ортасында аман-сау жүре беріңіздер!
Қорытынды
Әжелер марапатталады.
Алғыс
Баршаңызға көп-көп рахмет!