Абзацтық шегіністер

Сынып: 8 Сабақ түрі: дәстүрлі Сабақ типі: жаңа білімді меңгерту Әдісі: түсіндірмелі-көрнекілік, практикум элементтері

Word мәтіндік процессоры: мәтіндік құжатты пішімдеу және пішімдеу режимдері

Сабақ мақсаты

  • Оқушыларды мәтіндік құжатты пішімдеуге үйрету.
  • Мәтінді және оның үзінділерін белгілеу (бөліп алу) тәсілдерін меңгерту.
  • Пішімдеудің негізгі режимдерін қолдану дағдысын қалыптастыру.
  • Мәтінмен жұмыс жасау мәдениетін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Карточкалар
  • Компьютерлер
  • Электронды оқулық

Сабақ құрылымы

  1. 1Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2Үй тапсырмасын тексеру
  3. 3Жаңа тақырыпты түсіндіру
  4. 4Бекіту тапсырмалары
  5. 5Үйге тапсырма
  6. 6Қорытынды

Кіріспе және ұйымдастыру кезеңі

Ұйымдастыру бөлімінде оқушылармен амандасып, қатысымын тексеріп, сыныптың тазалығына назар аударылады және оқушылардың зейіні сабаққа шоғырландырылады.

Үй тапсырмасы

Word мәтіндік процессоры бойынша қайталау: кесте және сурет тақырыптары.

Мәтіндік құжатты пішімдеу деген не?

Мәтін теріліп, өңделіп болғаннан кейін құжатты пішімдеу орындалады. Пішімдеу — мәтіндік құжатты рәсімдеуге арналған әртүрлі әрекеттер жиынтығы. Оны құжатты құру барысында да, соңынан да орындауға болады. Ең бастысы — құжатты баспаға шығармастан бұрын пішімдеуді аяқтау.

Пішімдеу арқылы не істеуге болады?

  • Әртүрлі қаріптерді қолдану
  • Жұмыс өрісінің шекараларын (сол, оң, жоғарғы, төменгі өрістер) орнату және өзгерту
  • Мәтінді бетте туралау
  • Жоларалық интервалды орнату және өзгерту
  • Мәтінді бағандарға бөлу
  • Жиектеудің (шекараның) әртүрлі түрлерін таңдау
  • Рәсімдеуге қатысты өзге мүмкіндіктерді пайдалану

Пішімдеу барысында аспаптар панеліндегі батырмалар, мәзір (меню) командалары, сондай-ақ пернетақта тіркесімдері қолданылады. Пішімдеу әрекеттері символға, сөзге, жолға, абзацқа, бөлімге немесе бүкіл бетке қатысты орындалуы мүмкін. Ол үшін алдымен пішімделетін бөлікті белгілеу қажет.

Мәтінді белгілеу тәсілдері

Мәтінді белгілеудің бірнеше ыңғайлы тәсілі бар. Төмендегі әрекеттер Word-та жиі қолданылады:

Қысқа белгілер

  • Бір сөз: сөзді екі рет шертіңдер.
  • Абзац: абзац ішінде үш рет шертіңдер.
  • Бүкіл құжат: Ctrl + A немесе Правка → Выделить все.

Көлемді белгілер

  • Бірнеше сөз: екінші шерткеннен кейін маус батырмасын жібермей, нұсқағышты сөздердің бойымен жылжытыңдар.
  • Бүкіл жол: маус нұсқағышын жолдың басына апарып, бір рет шертіңдер (нұсқағыш бағдарша түріне ауысуы тиіс).
  • Сөйлем: Ctrl пернесін басып тұрып, сөйлемнің кез келген жерін бір рет шертіңдер.
  • Құжаттың үлкен бөлігі: бөліктің басын шертіп, Shift пернесін басып тұрып, соңын шертіңдер.

Ереже: пішімдеу тек белгіленген мәтінге (немесе курсор тұрған абзацқа) қолданылады.

Пішімдеу режимдері

1) Символдарды пішімдеу

Ең жылдам тәсіл — пішімдеу панеліндегі батырмаларды қолдану. Бірнеше баптауды бірден өзгерту үшін Формат → Шрифт командасын орындаңдар.

2) Абзацтық шегіністер

Әдетте мәтін нөлдік абзацтық шегініспен енгізіледі: «қызыл жол» қойылмайды және сол жақ шеті бойынша тураланады. Абзацтық шегіністерді сызғыштағы маркерлер арқылы қоюға болады: оң шегініс, теріс шегініс және нөлдік шегініс.

3) Туралау

Үнсіз келісім бойынша мәтін сол жақ шекара бойынша тураланады. Туралауды өзгерту үшін:

  1. 1Бүкіл мәтінді немесе қажетті бөлікті белгілеңдер.
  2. 2Аспаптар панеліндегі туралау батырмаларының бірін таңдаңдар.

4) Жоларалық интервал

Жоларалық интервал — абзацтағы жолдардың арақашықтығы. Үнсіз келісім бойынша Одинарный мәні қойылады. Оны өзгерту үшін курсорды тиісті абзацқа орналастырып, Формат → Абзац командасын орындаңдар. Ашылған терезеде Межстрочный тізімінен қажетті мәнді таңдаңдар.

5) Тасымал (перенос) жасау

Мәтін енгізілгенде жол оң жақ шекараға жетсе, Word келесі жолға автоматты түрде өтеді. Алайда жолға сыймаған соңғы сөз келесі жолға көшіп, оң жақ шеті «тегіс» болмай қалуы мүмкін. Ал мәтін ені бойынша тураланса, жол ішінде үлкен бос орындар пайда болады. Мұндай жағдайларда буынға бөліп тасымал қою қолайлы.

Тасымалды баптау үшін мәтін енгізбей тұрып, Сервис → Язык → Расстановка переносов командасын орындаңдар.

Практикалық жұмыс

Тақырып: Мәтіндік құжатты пішімдеу.

Тапсырма нұсқаулығы

  • Пішімдеу панелінің батырмаларын, мәзір командаларын және пернетақта тіркесімдерін қолданып көріңдер.
  • Символ, сөз, жол, абзац және бөлім деңгейінде пішімдеу жасап, айырмашылығын бақылаңдар.
  • Пішімдеу алдында қажетті бөлікті міндетті түрде белгілеңдер.

Бекіту, бағалау және үй тапсырмасы

Білімді бекіту

Жаңа тақырып бойынша тапсырмалар орындалып, нәтижелері талқыланады.

Бағалау

Оқушылардың жұмысы бағалау парағы арқылы бағаланады.

Үйге тапсырма

§19–20 — «Мәтін абзацын форматтау» тақырыбын оқу.