Қызығушылықты ояту Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын баяндау
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Мұғалім
Астана қаласы, №64 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі — Арпабаева Баян Габбасовна.
Пән
Әдебиеттік оқу
Сабақтың тақырыбы
Ы. Алтынсарин — «Өнер-білім бар жұрттар»
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Білім алушыларды Ы. Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, өлеңнің мазмұнына тоқталып, мағынасын ашу және негізгі идеясын түсіндіру.
Дамытушылық
Бір-бірімен ауызекі тілде еркін сөйлесуге, қазақ тілінде сауатты жазуға, сөздік қорды байытуға және мәтіннен негізгі ойды табуға дағдыландыру.
Тәрбиелік
Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелері арқылы адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер
- Оза оқыту тәсілдері
- СТО технологиясы стратегияларын қолдану
- АКТ элементтері арқылы түсіндіру
Психологиялық ахуал
Психологиялық дайындық
Біз балдырған баламыз,
Құстай қанат қағамыз.
Дүниені аралап,
Оқып білім аламыз.
Қызығушылықты ояту
Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүниеге келген. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, Ыбырай атасы Балқожаның тәрбиесінде өседі.
Балқожа би — өз заманының беделді адамдарының бірі. Ол оқу мен өнердің маңызын терең түсініп, бес жасар Ыбырайды Орынборда ашылатын болашақ орыс-қазақ мектебіне алдын ала жаздырып қояды.
1850 жылы мектеп ашылғанда, қабылданған 30 қазақ баласының бірі — Ыбырай болады. Ол сабақты ерекше ынтамен оқып, 1857 жылы мектепті «өте жақсы» бағамен бітіреді.
1859 жылы Ыбырай Алтынсарин Орынбордағы Шекаралық комиссияға тілмаш болып ауысады. Сол кезеңде комиссия төрағасы, шығыстанушы ғалым, профессор В. В. Григорьевпен жақын танысып, оның қолдауына ие болады. Григорьев Ыбырайға өз кітапханасын пайдалануға рұқсат беріп, оқуына кең мүмкіндік ашады.
Осы кітапхана арқылы Ыбырай орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және әлем ағартушыларының еңбектерін, сондай-ақ ұлы тұлғалардың өмірі туралы кітаптарды көп оқиды.
1860 жылы қазақ балалары үшін төрт бастауыш мектеп ашу жоспарланған кезде, Ыбырай Торғай мектебіне мұғалім болуға өтініш білдіріп, рұқсат алады. Алайда мектеп бірден ашылмайды. Сол себепті ол біраз баланы өз үйіне жинап, оқыта бастайды. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады.
Мағынаны тану
Оқулықпен жұмыс
Өлең: «Өнер-білім бар жұрттар»
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі-дағы анықтай,
Білмегенге танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер — жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды...
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.
Өлеңнен түйін
- Өнер мен білім — қоғамды алға бастайтын күш.
- Ізденіс пен еңбек — жас ұрпақтың басты бағыты.
- Техникалық жетістік білім арқылы келеді.
- Жастарға үндеу: қалыспай, үздіксіз ұмтылу.