Дастархан көркі - нан
Мақсаты
- Асты қадірлеп, қастерлеуге үйрету.
- Нанның дастарханға қалай келетінін түсіндіріп, оған көптеген адамдардың еңбегі сіңетінін ұғындыру.
- Оқушыларды дәстүрді сақтауға, нанды қастерлеуге және ас ішу тәртібін есте ұстауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
Нақыл сөздер, ас түрлері.
Сабақтың басталуы
Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін біз «Ас — адамның арқауы» атты тәрбие сағатын өткіземіз.
І. Қызығушылықты ояту: Ас дастарханға қалай келеді? (Оқушылардың пікірін тыңдау.)
Мағынаны тану
Нан туралы ақыл-кеңес
- Дүкенде нанның сапасын қолмен ұстап тексермеңіз: бұл тазалыққа да, мәдениетке де сай емес.
- Нанды сатып алғанда міндетті түрде таза дорбаға салыңыз.
Нақыл сөздер
Дүниедегі көп байлықтың ең негізгісі — нан.
Ас жүрген жер — береке.
Дастархан дәмі — киелі.
Дастархан басындағы ырым-тыйымдар
-
1. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды.
-
2. Тамақты жатып ішуге болмайды. Дені сау адам дұрыс отырып тамақтанады. Отыра алмайтын адам ғана жатып ішеді. Сондықтан әдейі жатып ішіп, денсаулығыңызды бұзбаңыз.
-
3. Ас үстінен аттама: астан үлкен емессің.
-
4. Әкесі отырғанда балаға бас тартылмайды.
-
5. Дастарханға алдымен нан әкеліп қойылады.
-
6. Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоюға болмайды.
-
7. Ас ішіп болған соң «тойдым» демей, «қанағат» деу керек.
-
8. «Ертеңгі асты тастама, кешкі асқа қарама» — асқа немқұрайды қарамауды үйрететін сөз.
Балаға ми жеуге болмайды:
Ми жемейді жас бала,
Миды ұсын басқаға.
Былжыр болып өсеміз,
Ынжық болу масқара. -
9. Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды. Бұл — қонақты сыйламау әрі жаман ырым: «жүзің сынып, көңілің жарым болсын» дегенді білдіреді деп сенген.
-
10. Дастарханнан аттауға болмайды.
-
11. «Өле жегенше, ағайынмен бөле же» — бөлісудің қадірін ұқтырады.
-
12. Ас ішу кезінде ізет, сыйластық, инабаттылық сақталуы керек.
Дастархан басындағы дәстүрлер
Дастарханның мәні
- Халық қуанышты да, қайғыны да дастархан басында бөліскен: өсиет айту, бата беру, татуласу, достасу — бәрі осы жерде түйінделген. Сондықтан дастарханды «құт-берекенің белгісі» деп қасиет тұтады.
- Дастархан күнделікті асқа да, үйге келген адамға дәм таттыруға да, той-томалаққа да жайылады.
- Дәм татқан адамдар арасында келісім мен татулықты бекіту рәсімдері орындалған.
Ас ішу мәдениеті
- Тамақты сылпылдатпай, тәртіппен ішу; қасықты оң қолмен ұстау; түзу отыру; тазалық сақтау.
- Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады.
- Дастархан басында адамдар жасына қарай отырады.
- Тамақтан соң ең үлкен әрі құрметті адам асқа бата береді.
- Тамақ ішердің алдында да, кейін де қолға су құйылады; су жылы болғаны дұрыс.
Той дастарханы туралы жыр жолдары
Той дастархан, той үлгі,
Бай дастархан жайылды.
Атап-атап ас қойдық,
Атаға деп бас қойдық.
Су құйдым да құманмен,
Қолына мен әкемнің.
Содан кейін оған мен,
Орамалды әпердім.
Киелі тәмсіл
«Таспен атқанды аспен ат» деп бекер айтпаған. Дастархан дәмі — киелі: дәм татып тұрып уәдеден тайса, «астың киесі ұрады» деп сенген.
Қазіргі дастархан сәні
Қазіргі тойларда дастархан жаю мәдениеті дәстүрге айналған. Онда астың түр-түрі болады. Әсіресе жеміс пен көкөніс — дастарханның көркі.
Балаларға — тортымыз,
Барлық жұртқа — құртымыз.
Балмен піскен қауыршақ,
Балдай тәтті бауырсақ.
Қауын-қарбыз, көкөніс,
Қанша жидек, көп жеміс.
Қане, тойда тойыңдар,
Кәдеден соң ойын бар.
Нан туралы тақпақтар
1-тақпақ
Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан — өмірдің ана сүті арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар?
2-тақпақ
Бір кезде болып нанға зар,
Қадірін білген адамдар.
Әулие тұтып нанды ұстап,
«Нан ұрсын» деп қарғанар.
Нан — ардақты адал ас,
Кәрі-жас одан аттамас.
3-тақпақ
Нанға үлкен жүрекпен қараңдар,
Нанды өмір деп санаңдар.
Нан болмаса қызығың, бақытың —
Құр әуре, далбаса.
4-тақпақ
Нандай жоқ қой асыл дәм,
Жеп үйренген жасыңнан.
Дастарханнан нан кетсе,
Береке кетер асыңнан.
Ей, балалар, балалар,
Болмаңдар сірә нанға зар.
Өмірдің алтын арқауы —
Бар қасиет нанда бар.
Жұмбақтар
Жұмбақ 1
Алға жайып тұз-дәмін,
Келтіреді үй сәнін.
Ол халқымның ақ жаны,
Жақсы дәстүр маржаны.
Кең пейілде арайлы —
Осы жерден тарайды.
Жауабы: дастархан
Жұмбақ 2
Беттескен қос табақ,
Ортасында бас табақ.
Көзбен шоққа ораса,
Дәм піседі тамаша.
Жауабы: тары
Ой салатын тұжырым
Дастархан — тек ас ішетін орын емес. Ол — тәрбие, сыйластық және еңбекті қадірлеу мектебі.
Мақал-мәтелдер
- Қырман басы — береке, көп жүрген жер — мереке.
- Егін ексең — тыңға, шықтым дей бер — шыңға.
- Қоныс көркі — там, дастархан көркі — нан.
- Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.
- Тістем наның қадірін тарыққанда білерсің.
Ас ішу тәртібі
Денсаулық пен мәдениет
- 1 «Тарта жесең — тай қалар, қоя жесең — қой қалар, қоймай жесең — не қалар»: шамадан тыс көп жеуге болмайды.
- 2 Асты асықпай, әбден шайнап жұту керек.
- 3 Тамақ ішіп отырып кітап оқуға, теледидар көруге болмайды.
Тағамның пайдасы
- Әр тағамның құрамында ағзаға қажет дәрумендер болады, сондықтан талғаммен жеу керек.
- Қазақтың ұлттық тағамдары өте пайдалы.
- Ұлттық тағамдарға бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, қымыз-шұбат, құрт және басқа да дәмдер жатады.
Үй тапсырмасы
Үйден дайындап келген ас мәзірін таныстыру.
Бата беру
Ас болған жерде бата беріледі. Ендеше батаға кезек берейік:
Амандық берсін басыңа,
Қадір келсін қасыңа.
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Әумин!
Ой қорыту
Бүгін сендер ұлттық дәстүр туралы сөйлесіп, ырым-тыйымдарды қайталадыңдар. Дастарханға келген әр дәм өздігінен пайда болмайды: оның артында көп адамның еңбегі бар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еңбекті қадірлеңдер.
Сендердің еңбектерің — ата-ананың сөзін тыңдау, тапсырманы орындау және сабақты жақсы оқу.