Абайдың қарасөздерінің тақырыптары

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сыныбы
9-сынып
Пәні
Қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы
Абайдың қарасөздері
Сабақтың типі
Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың түрі
Ізденіс сабағы
Әдіс-тәсілдер
Проблемалық ізденіс, талдау, ойын, топтық жұмыс, модульдік оқыту технологиясы
Көрнекілік
Абайдың қарасөздері, слайд
Пәнаралық байланыс
Өзін-өзі тану, Абайтану, өмірмен байланыс

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Қарасөз туралы теориялық түсінік беру; Абай қарасөздерінің сипатын ашу; тақырыптық тұрғыдан талдау; өзіндік ерекшеліктері мен мағынасын айқындау.

2) Дамытушылық

Оқушылардың ой-өрісін, өмірлік көзқарасын кеңейту; сыни ойлау мен байланыстыра сөйлеу дағдыларын жетілдіру.

3) Тәрбиелік

Абай қарасөздерінің тәрбиелік мәнін таныту; адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгендеу.
  • Сабаққа назар аударту, мақсат-міндетті қысқаша бағдарлау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үйге А. Құнанбаевтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін жатқа, мәнерлеп оқу тапсырылған.

3) Өткен тақырыпты пысықтау

а) «Сен – маған, мен – саған» ойыны

Топтар бір-біріне өткен тақырып бойынша сұрақтар қояды.

ә) «Бөшкеден шыққан бас қатырғылар»

  • Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы ғалымдардың қандай пікірін білесіңдер?
  • Абайдың ән-өлеңдерін атаңдар.
  • Реалистік сипаттағы шығармаларына қандай өлеңдері жатады?
  • Абайдың алғашқы өлеңі қандай?
  • Махаббат лирикасына жататын шығармаларын атаңдар.
  • Ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деуінің мәні неде?
  • Ақын өлеңдерінің өміршеңдігі туралы ой айт.

4) Жаңа сабаққа даярлық

Күн тәртібі мен сабақ тақырыбы хабарланады. Абай шығармаларын топтастыру арқылы қарасөздерді арнайы бөліп алып, тереңірек қарастыру мақсат етіледі.

Жаңа сабақ: Қарасөз табиғаты және Абай мұрасы

а) Мұғалімнің кіріспе сөзі: Қарасөз деген не?

Қарасөз (проза) — көркем әдебиеттің ірі салаларының бірі. Өлең сөзден басты айырмашылығы — сөз ырғағы еркін болып, өлеңдегідей тұрақты өлшемге бағынбайды. Қарасөз саясат, публицистика, философия арнасында да жазыла береді. Қарасөзбен жазылған көркем шығармада өмір құбылыстары мен түрлі оқиғаларды баяндаудың өзіндік тәсілдері қалыптасқан.

Мұхтар Әуезовтің пікірі

«Жалпы алғанда Абайдың “қарасөз” дейтін мұралары көркем прозаның өзінен бөлек, бір алуан болып қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан бір алуан көркем сөз түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді». М. Әуезов, 20 томдық шығармалар жинағы, 20-т., 218–219-б.

Осыдан шығатын түйін: Абайдың қарасөздерінің басты ерекшелігі — нақыл, өсиет, ғибрат түрінде берілуі.

ә) Абайдың қарасөздері: жазылу уақыты, саны, мақсаты

Абайдың толық жинағында 1890–1898 жылдар аралығында жазылған шығармалары қарасөздер деп аталады. Абайдың қарасөздері — философиялық мұра. Жалпы саны — 45. Бұған «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты тарихи мақаласы да енгізіледі.

Абайдың 1-сөзінен

«…Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын; керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ…»

Бұл — ел қамын ойлаған ойшылдың өмір, қоғам, тіршілік және адамаралық қатынас туралы көзқарастарының жинақталған көрінісі.

Зерттеу және аударма туралы дерек

  • 1956 жылы Х. Сүйінішәлиев қарасөздерді жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырып, ХІХ ғасырдағы жазба әдебиеттегі маңызды прозалық мұра деп бағалады.
  • Зерттеулер қатарында С. Мұқанов, Қ. Бейсенбиев, Т. Әлімқұлов еңбектері аталады.
  • Қарасөздерді шет тілдеріне аударуға үлес қосқандар: Ғ. Мұқанов, С. Санбаев.
  • 1933 жылы М. Әуезов қарасөздерді мағынасына қарай жүйелеп орналастырған.

Мәтінмен жұмыс: топтық тапсырмалар

1-топ: Ерекшеліктерін анықтау

Абай қарасөздерінен байқалған ерекшеліктер бойынша тұжырым жасаңыздар:

  • Сөйлемдері қысқа, мағынасы терең.
  • Оқырманды ойландыруды, ғибрат беруді мақсат етеді.
  • Көп жағдайда философиялық сұрақ қойып, соған өзі жауап табуға ұмтылады.
  • Кейбір сөздері өзімен-өзі кеңесу, ой-пікірін пайымдау үлгісінде беріледі (бұл — Батыс және орыс ойшылдары жиі қолданған тәсіл).

2-топ: Тақырыптарын топтастыру

Қарасөздерді оқып, тақырыбына қарай жүйелеңіздер:

  • Өмірбаяндық: 1-сөз.
  • Халықтарды салыстыру: 2-сөз.
  • Әкімшілік, тергеу, сот туралы: 3-сөз.
  • Күлкі туралы сын-пікір: 4-сөз.
  • Мақал-мәтелдер туралы: 5-сөз, 24, 29-сөз.
  • Ел мінезін суреттеу: 6, 8, 9, 10, 14, 19, 21, 22, 23, 26, 29, 30, 33, 39, 40, 41, 42, 43-сөздер.
  • Бала психологиясы: 7-сөз.
  • Білім, ғылым, өнер: 18, 25, 31, 32-сөздер.
  • Дін, мораль, тәрбие: 12, 13, 16, 27, 28, 35, 36, 38, 45-сөздер.
  • Адамгершілік, ар-ұят: 11, 15, 17, 18-сөз.
  • Өмір туралы толғаныс: 20, 34-сөз.
  • Нақыл сөздер жинағы: 37-сөз.

3-топ: Түйінін табу

Берілген қарасөздердің негізгі түйінін тауып, мәнерлеп оқыңыздар.

Үлгі (18-сөз)

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақтық».

Дәптермен жұмыс

Абайдың тек афоризмдерден тұратын 37-сөзін дәптерге түсіріп, мағынасын ауызша түсіндіріңіздер.

Өмірмен байланыс

Талқылау сұрақтары

  1. Берілген нақыл сөзді қандай мақал-мәтелмен байланыстыра аласыз?
  2. Осы нақылға қатысты өмірлік көзқарасыңыз қандай?

Нақыл сөздер

  • «Өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың».
  • «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінбейді, қалай аяқтағандығынан білінеді».
  • «Қайратсыз ашу — тұл, тұрлаусыз ғашық — тұл, шәкіртсіз ғалым — тұл».

Білімді бекіту

«Кім тапқыр?» ойыны

Бүгінгі сабақты қорытындылау сұрақтары:

  1. Абайдың қарасөз жазудағы мақсаты қандай?
  2. Қарасөз дегеніміз не?
  3. Абай қарасөздерінің негізгі тақырыптары қандай?
  4. Қарасөздердің ерекшеліктерін атаңыздар.
  5. Қарасөздерді зерттеген және шет тілдеріне аударған тұлғалар кімдер?
  6. Қандай нақыл сөздерді білесіздер?
  7. Абай қарасөздері қай жылдар аралығында жазылған?
  8. Қарасөздерден қандай тәлімдік ой түйдіңіз?

Бағалау

Бағалау белгішелері арқылы оқушылардың өзін-өзі бағалауы ұйымдастырылады.

Үй тапсырмасы

Абайдың 25-сөзін жатқа оқу.