Сөйлемнен үстеуді тауып, сұрақ қой

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа әзірлігін тексеру, сыныпты жұмысқа бағыттау.

II. Өтілген тақырыпты пысықтау

Семантикалық карта арқылы және тақтада екі етістікке сатылай кешенді талдау жүргізіледі.

Семантикалық карта (бағыт)

Етістік Негізгі Туынды Болымды Болымсыз Салт Сабақты Есімше Көсемше Тұйық
Кел
Ойлама
Айтқан
Барамын
Сөйлемеу

Тапсырма: сөйлемнен етістіктерді тауып, сатылай кешенді талдау жасаңыздар.

Мысал 1

Дала тіршілігі басталғалы тұр.

Басталғалы тұр

  • Құрамына қарай: екі құрамды.
  • Тұлғасына қарай: туынды; бас (зат есім) + -та жұрнағы арқылы қимылды білдіретін сөз жасалған, екі сөздің тіркесуі арқылы берілген.
  • Құрылысына қарай: күрделі.
  • Лексикалық мағынасы: қимылды білдіреді.
  • Грамматикалық мағынасы: етістік, болымды, салт; көсемше тұлғалы; ырықсыз етіс жұрнағы бар; тұр көмекші етістігімен тіркескен.
  • Сөйлемдегі қызметі: баяндауыш.

Мысал 2

Мен көрмеген болдым.

Көрмеген болдым

  • Құрамына қарай: екі құрамды.
  • Тұлғасына қарай: туынды; екі сөздің тіркесуі арқылы жасалған.
  • Құрылысына қарай: күрделі.
  • Лексикалық мағынасы: қимылды білдіреді.
  • Грамматикалық мағынасы: етістік, болымсыз, сабақты; есімше тұлғалы; жіктік жалғауы I жақта.
  • Сөйлемдегі қызметі: баяндауыш.

III. Жаңа сабақты меңгерту: Үстеу

Осы уақытқа дейін морфологияның бірнеше бөлімдерімен таныстық: зат есім, сан есім, сын есім, етістік. Бүгінгі жаңа тақырып — үстеу.

Анықтама

Тілімізде қимыл-іс әрекеттің әртүрлі белгісін (амалын, тәсілін, мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын т.б.) білдіретін сөздер үстеу деп аталады.

Мезгіл

Биыл өнім жақсы шықты.

Үстеу: биыл

Амал-тәсіл

Мен жаяу келдім.

Үстеу: жаяу

Қимылдың сипаты

Асан ентігіп сөйледі.

Үстеу: ентігіп

Бұл мысалдарда биыл, жаяу, ентігіп сөздері етістікпен тіркесіп, қимылға қатысты мағына береді. Дегенмен сөйлемде осындай мағынада қолданылған сөздердің бәрі бірдей үстеу бола бермейді.

Сөйлемде қимылдың, іс-әрекеттің немесе сын-сапаның әртүрлі белгілерін, жай-күйін білдіріп, әдетте грамматикалық тұлғалармен түрлене бермейтін сөздер үстеу деп танылады.

IV. Жаттығу жұмыстары

269-жаттығу

Көшіріп жазыңдар. Үстеулерді табыңдар. Сұрақ қою арқылы олардың қай сөзге қатысты екенін айтыңдар.

270-жаттығу

Мәтінді оқып шығыңдар. Үстеулерді табыңдар, олар қатысты сөзге сүйеніп сұрақ қойыңдар.

V. Үлестірме материалдар

Тапсырма 1

Сөйлемнен үстеуді тауып, сұрақ қой. Дыбыстық талдау жаса.

Қарлығаш мәтінді жылдам оқып шықты.

Тапсырма 2

Сөйлемді көшіріп жазып, үстеуді тап. Сұрақ қой. Сол сөзге дыбыстық талдау жаса.

Айжан сабаққа ерте келді.

VI. Сабақты бекіту: «Конькиші» ойыны

Тақтаға конькишінің суреті ілінеді. Оқушы сурет артына жасырылған сұрақты таңдап, жауап береді.

Сұрақ 1

Үстеуді тап: Ілгері қарай жүре бердім.

Сұрақ 2

Үстеу дегенді қалай түсінесің?

Сұрақ 3

Үстеудің ең басты ерекшелігі қандай?

Сұрақ 4

Үстеуді тап, сұрақ қой: Поездан әдейі түсіп қалды.

Сұрақ 5

Үстеу сөйлемде қандай сөз табымен жиі байланысады?

Сұрақ 6

Берілген сөйлемде үстеу қандай қызмет атқарып тұр? Еріншектің ертеңі бітпес.

VII. Үстеуі бар мақал-мәтелдер

Оқушылар құрамында үстеуі бар мақал-мәтелдер айтып, ішіндегі үстеулерді табады.

  • Еріншектің ертеңі бітпес.
  • Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
  • Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады.
  • Көш жүре түзеледі.
  • Қайтып келер есікті қатты жаппа.
  • Еріншекке бүгіннен ертең оңай.
  • Ерте жатып, кеш тұру — еріншектің белгісі.

VIII. Үй тапсырмасы

Үй тапсырмасы мұғалімнің жоспарына сәйкес беріледі.

IX. Оқушыларды бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырма орындау сапасына қарай бағалау жүргізіледі.