Үй шаруасын атқарғанда сиқырлы сөздер айтыңыз
Үй шаруасын атқарғанда «сиқырлы сөздерді» қолдануға болады. Байқасаңыз, адам бір нәрсеге қызығып отырса, оны орнынан тұрғызып, басқа жұмысқа жұмсау қиын. Кейде тамаққа отыру да, теледидарға назар аудару да екінші орынға ығысады. Ал күнде қайталанатын жұмыстан шаршаған сәтте «жатып ұйықтай салсам екен» деген ой келеді.
Мұндай күйден шығудың бір жолы бар: іш пыстыратын күнделікті шаруаны қызықты процеске айналдыру. Ол үшін адам бойындағы шексіз «сиқырлы күшті» оятуға көмектесетін Симорон атты психологиялық әдіске сүйенуге болады. Бұл тәсіл жалқаулықты жеңуге және ойды серпілтуге ықпал етеді.
Көңіл күйді дұрыс баптау
Кез келген іске кіріспес бұрын көңіл күйді соған қарай ыңғайлап алыңыз. Өз-өзіңізге былай деңіз:
«Мен жай ғана үй жинап шықпаймын! Мен ішкі кеңістігімді тазартамын!»
Күнделікті шаруаны «сиқырлы әрекетке» айналдыру
Төмендегі ойлар — үй шаруасын орындау кезінде ішкі мотивацияны көтеріп, істі ойынға айналдыруға көмектесетін қарапайым сөз тіркестері. Мақсат — әрекетке жаңа мағына беру.
Терезе жуу
«Мен жарық әлемнің терезесін тазартып жатырмын. Барлық тілегім жоғарыға анық көрінуі үшін еш кедергі қалмасын».
Сәбіз үккіштен өткізу
«Өткен өкпе-ренішті үгіп жатырмын. Оны кейін жеймін де, табиғи жолмен қорытып, шығарып тастаймын».
Ескі заттарды тастау
«Ескіге кет, жаңалыққа кел!» — деп нық бұйырамын.
Шаң сүрту
«Ғасырлар бойы жиналған сәтсіздіктерді сүртіп жатырмын. Менде сәтсіздік болмайды — бәрі тап-таза, жарқырап тұрады».
Қазанды қырып тазарту
«Бұрынғы қарым-қатынастан қалған ескі қақты қырып жатырмын. Жарқырайды! Тамаша! Демек, жүрегім тынышталып, жаным жай табады».
Кір жуу
«Жер бетінде туындаған барлық проблеманы жуып, жойып жатырмын. Кез келген келеңсіздіктен қорғаймын».
Үтіктеу
«Мен әжімдерді тегістеп жатырмын. Қиындық атаулының қыртысын жазу үшін үтіктеймін».
Тамақ дайындаудағы «сиқырлы сөздер»
Ас үйде сиқырлы әрекеттер тіпті көп. Әр тағамға, әр қоспаға арнайы сөз айтуға болады — дәл осы сәтте өзіңізге маңызды тақырыптарды (махаббат, сәттілік, табыс, бақыт) ойға бекітіп, ниетіңізді айқындайсыз.
Мысал: сорпаға қосатын ниет сөздер
-
«Мен сорпаға көк-сөк салам — сонда мол табысқа жетем».
-
«Сосын сәбіз саламын — сәбіздей тәтті махаббатқа лайық болам».
-
«Сосын күріш саламын — сонда бағалы сыйлық аламын».
-
«Және картоп саламын — сонда сұлу болам».
Рақаттанып «ойнаңыз» — пайдасы көп. Күнделікті шаруаны үнсіз атқарғаннан гөрі, оны өзіңіздің сиқырлы өнеріңізді қосып орындау әлдеқайда қызық. Бүкіл жұмысты тез бітіріп тастағаныңызды байқамай да қаласыз әрі жақсылық атаулыны шақырасыз.
Қорытынды ой
Халқымыз «Жақсы сөз — жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Қосымша ретінде Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» шығармасындағы «Ғажайып сыршы» тарауын оқып шықсаңыз болады.
Дайындаған: Жадыра