Деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы

Сабақ туралы мәлімет

Пән

Қазақ тілі

Сынып

4-сынып

Сабақтың тақырыбы

Зат есімнің септелуі

Сабақтың мақсаты

I. Білімділік

Зат есімнің септелуі туралы жалпы түсінік беру және оқушыларға зат есімнің септелу жолдарын меңгерту.

II. Дамытушылық

Өз ойын еркін айтуға дағдыландыру, оқушылардың өзіндік жұмыс дағдыларын қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін дамыту.

III. Тәрбиелілік

Отансүйгіштікке тәрбиелеу, үлкендерді сыйлауға баулу, сыныпта ынтымақтастық пен жауапкершілік сезімін нығайту.

Сабақтың әдісі мен тәсілдері

Әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • Ой бөлісу

Тәсілдері

  • Сөзжұмбақ шешу
  • Жаттығулар арқылы бекіту
  • Сұрақ-жауап арқылы қорытындылау

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сыныпты жаңа сабаққа дайындау.
  • Оқу құралдарының түгелдігін тексеру, сабақ мақсатын қысқаша хабарлау.

2) Өткен тақырыпты қайталау

Сұрақ: Буын үндестігі дегеніміз не?

Сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай қосымшалардың да бірыңғай жуан немесе бірыңғай жіңішке түрде жалғануын буын үндестігі деп атаймыз.

Өткен сабақ бойынша қысқаша қорытынды жасалып, негізгі ұғымдар еске түсіріледі.

3) Жаңа сабақ: Зат есімнің септелуі

Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстыру үшін жалғанатын жалғаулар септік жалғаулары деп аталады.

Қазақ тілінде жеті септік бар. Зат есімнің септік жалғаулары арқылы өзгеруін зат есімнің септелуі дейді.

4) Кестемен жұмыс: Септіктер

Септіктің аты Сұрақтары Жалғаулары
Атау септік Кім? Не?
Ілік септік Кімнің? Ненің? -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің
Барыс септік Кімге? Неге? Қайда? -ға, -ге, -қа, -ке
Табыс септік Кімді? Нені? -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті
Жатыс септік Кімде? Неде? -да, -де, -та, -те
Шығыс септік Кімнен? Неден? -нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен
Көмектес септік Кіммен? Немен? -мен, -бен, -пен

Ескерту: Жалғауды дұрыс таңдау үшін буын үндестігі мен дыбыс үйлесімін ескеру қажет.

5) Кітаппен жұмыс

10-жаттығу: «Шеңбер», «ата» сөздерін септеу

«Ата»

  • А.с. ата
  • І.с. ата…
  • Б.с. ата…
  • Т.с. ата…
  • Ж.с. ата…
  • Ш.с. ата…
  • К.с. ата…

«Шеңбер»

  • А.с. шеңбер
  • І.с. шеңбер…
  • Б.с. шеңбер…
  • Т.с. шеңбер…
  • Ж.с. шеңбер…
  • Ш.с. шеңбер…
  • К.с. шеңбер…

Оқушылар жалғауларды кестеге сүйене отырып дұрыс қойып, әр септіктің сұрағын ауызша айтады.

12-жаттығу: «Адасқан сұрақтар» ойыны

Жеті көбелекке септік сұрақтары жазылады, ал жеті гүлге септік атаулары жазылады. Оқушылар көбелектерді өз гүліне «қондырып», сұрақ пен септікті дұрыс сәйкестендіреді.

6) Сергіту сәті

Бір дедім — биіктедім,
Екі дедім — елеңдедім.
Үш дедім — үміттендім,
Төрт дедім — түгелдендім.

7) Сөзжұмбақ арқылы бекіту

Төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы негізгі ұғымдар қайталанады:

  1. «Кім? Не?» сұрақтарына жауап беретін сөз табы?
  2. Жеті септіктің біріншісі.
  3. «Кімді? Нені?» сұрағына жауап беретін септік.
  4. Табыс септігінің жалғаулары.
  5. Сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстыратын жалғаулар қалай аталады?
  6. «Кімнің? Ненің?» сұрағына жауап беретін септік.
  7. «Қандай?» сұрақтарына жауап беретін сөз табы.
  8. «Не істеді? Не қылды?» сұрақтарына жауап беретін сөз табы.
  9. Ілік септігінің сұрағы.
  10. «Кімде? Неде?» сұрағына жауап беретін септік.
  11. Зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына жұмсалатын сөз табы.
  12. Зат есімнің түрлері.
  13. «Қашан? Қайда? Қалай?» сұрақтарына жауап беретін сөз табы.
  14. Етістіктің 2 шағы қалай аталады?
  15. Етістіктің 3 шағы қалай аталады?
  16. Өз алдына толық мағынасы жоқ сөздер қалай аталады?
  17. Күрделі сөздің түрлері.

Мақсат: сұрақтарды нақты ажырату, септік атауларын есте сақтау және жалғауларды дұрыс қолдану.

8) Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

15-жаттығу.

Бағалау

Сабаққа белсенді қатысуы, тапсырмаларды дұрыс орындауы және сұрақтарға жауап беруі бойынша бағаланады.