Менің төрт бұрышым, төрт қабырғам тең

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы қысқаша мәлімет

Білім беру саласы
Таным
Бөлімі
Қарапайым математикалық түсініктер
Тобы
«Балапан» ортаңғы тобы
Тақырыбы
Геометриялық пішіндердің ғажайып әлемі

Мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Таным саласы бойынша алған білімдерін тиянақтау.

Білімділік

Геометриялық пішіндер, сан мен санау, апта күндері бойынша меңгерген білімдерін анықтау және бекіту.

Тәрбиелік

Ойын шартын сақтап ойнауға, ұйымшылдыққа, көпшілдікке, шыдамдылыққа, сабырлылыққа және шапшаңдыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық

Сандарды тура және кері санауға үйрету; логикалық ойындар арқылы қиялын, ой-өрісін және есте сақтау қабілетін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Геометриялық пішіндер жиынтығы
  • Тура және кері санауға арналған сандар
  • Санауға арналған қонжық маскалары
  • Алма ағашының макеті
  • Шығармашылық ойынға арналған кілемшелер (пішіндер салынған)
  • Киюге арналған «күлдіргі» сандар пішіндері
  • Сандар салынған қалташалар

Сабақ барысы

1) Шаттық шеңбері

Күннің көзі ашылып,
Көкте шуақ шашылып,
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.

Амандасу — үлкенге,
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанекей бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге:

Сәлеметсіздер ме, апайлар?!

2) Кіріспе әңгіме

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетімізде ғажайып пішіндермен танысамыз.

Ерте, ерте, ертеде «Математик» атты патшалықта Есепбике деген ханша өмір сүріпті. Оның әдемі сарайы болыпты. Ханша сол сарайда жалғыз тұрыпты. Бір күні ішін пысықтырған ой мазалап, былай деп армандапты:

«О, шіркін! Менің мынадай сарайымда көп достарым болса ғой! Олармен бірге есеп шығарып, ойнап, көңіл көтерер едім».

3) Ғажайып пішіндер сарайға қонаққа келеді

Үшбұрыш

Тапсырма: апта күндерін қайталау

1-тапсырма

Үшбұрыш: «Кім бар мына әсем сарайда? Рұқсат болса, кірейін».

Ханша: «Мен Есепбикемін. Сен кімсің?»

Үшбұрыш: «Мен үшбұрышпын. Менің үш бұрышым, үш қабырғам, үш төбем бар. Мен үйдің төбесіне ұқсаймын».

Ханша: «Кіру үшін тапсырманы орында».

Бір аптада неше күн бар?

Жауабы: бір аптада жеті күн бар.

Дүйсенбіде доп ойнадым далада,
Сейсенбіде серуен құрдым қалада.
Сәрсенбіде сурет салдым сәндетіп,
Бейсенбіде би биледім әндетіп.
Жұма күні жидек тердім ағаштан,
Сенбі күні кино көрдім клубтан.
Жексенбіде үйде болдым, дем алдым —
Осылайша өте шықты бір апта.

Төртбұрыш

Тапсырма: 0–5 аралығында тура және кері санау

2-тапсырма

Төртбұрыш: «Бұл сарайда кім тұрады?»

Ханша: «Мен Есепбикемін. Сен кімсің?»

Төртбұрыш: «Мен төртбұрышпын. Менің төрт бұрышым, төрт қабырғам бар. Мен теледидарға ұқсаймын».

Ханша: «Үйге кіру үшін тапсырманы орында».

1-ден 5-ке дейін тура және кері сана

Тура санау

0 1 2 3 4 5

Кері санау

5 4 3 2 1 0

Дөңгелек

Тапсырма: логикалық есеп

3-тапсырма

Дөңгелек: «Бұл әсем сарайда кім тұрады?»

Ханша: «Мен Есепбикемін. Сен кімсің?»

Дөңгелек: «Мен дөңгелекпін, менің бұрышым жоқ. Мен допқа және күнге ұқсаймын».

Ханша: «Үйге кіру үшін мына тапсырманы орындайсың».

Есеп

Алма ағашта бес алма —
Қандай тәтті жесе алма.
Бесеуін де жеп қойсаң,
Қалады онда неше алма?

Жауабы: 0 алма.

Санамақ

Төрт қонжық орманда,
Келе жатты қорбандап.
Біреуі шаршады,
Әрі қарай бармады.

Шаршы

Тапсырма: 1–5 санауға арналған санамақ

4-тапсырма

Шаршы: «Мен шаршымын. Менің төрт бұрышым бар, төрт қабырғамның бәрі тең».

Ханша: «Онда сен менің тапсырмамды орында».

1-ден 5-ке дейін санамақ айтып бер

Бір дегенің — бесігіңді түзедің,
Екі дегенің — егеменді ел едің.
Үш дегенің — ана тілің асылың,
Басқа тілден мәртебесін асырдың.
Төртіншің — төреліктен таймаған,
Нұрсұлтанды хан тағына сайлаған.
Бес дегенің — берекелі болғаны.

4) «Көршісін тап» ойыны

Балалар сандардың «көршілерін» (алдыңғы және кейінгі сан) табады. Ойын барысында зейін, жылдам ойлау және санау дағдылары бекітіледі.

Назар аударатын тұстар

  • Алдыңғы сан — берілген саннан 1-ге кем.
  • Кейінгі сан — берілген саннан 1-ге артық.

5) Шығармашылық жұмыс: «Кілемшені толтыр»

Балалар кілемшедегі пішіндерге сәйкес қиық пішіндерді өз орнына орналастырады.

Пішіндерден не құрастырамыз?

  • Үй
  • Күн
  • Шырша
  • Үйдің терезесі мен есігі

6) Сергіту сәті

Бес кәмпитім көп еді,
Сараңдығым жоқ еді.
Бір кәмпитім атаға,
Бір кәмпитім әжеге,
Бір кәмпитім мамаға,
Бір кәмпитім папаға.
Өзіме де жете ме?

7) Рефлексия және қорытынды

Сабақ соңында балалардың белсенділігі бағаланып, тапсырмаларды орындағаны үшін мадақтау сөздері айтылады. Геометриялық пішіндер туралы түсініктері, санау дағдылары және ойын ережесін сақтау мәдениеті қорытындыланады.

Қорытынды: Бүгін біз пішіндерді танып, санауды қайталап, ойын арқылы білімімізді бекіттік.