Молданың қатыгездігі

Б. Майлиннің «Түйебай» әңгімесін оқытуға арналған сабақ жоспары (6-сынып)

Бұл сабақ жоспары Бейімбет Майлиннің «Түйебай» әңгімесін терең түсіндіріп, кейіпкер характерін ашу, оқушының ойлау және сөйлеу мәдениетін дамыту, сондай-ақ адамгершілік құндылықтарды орнықтыруға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  1. 1 Жазушының кейіпкер характерін шебер сомдайтынын ұғындыру; әңгіме мазмұнын меңгерте отырып, әр кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңілу.
  2. 2 Байланыстырып сөйлеу мәдениетін дамыту; әдеби тілді кеңінен қолдануға дағдыландыру; логикалық ойлау, шығармашылық және әртістік қабілеттерді шыңдау.
  3. 3 Адамгершілікке, бірлікке баулу; қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа төзбеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен ресурстар

  • Ауызша журналға арналған буклет
  • Әңгіме мазмұнына сай кесте-плакат
  • Композициялық-сюжеттік құрылым сызбасы
  • Дебат материалдары: сызба-кесте, атаулар көрсеткіші, буклет, аргументтер мен резолюциялар
  • «Сот залы» көрінісіне арналған атрибуттар
  • Техникалық құрал: үнтаспа (магнитофон)

Сабақ әдісі

Өткен сабақты пысықтау және тереңдете талдау.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Магнитофоннан Бейімбет Майлиннің төмендегі өлеңі тыңдалады:

Сенің зарың — зарлайтыным өмірде,

Сенің арың — арлайтыным өмірде.

Сен не көрсең, мен де соны көрмекпін,

Белді будым ауырға да, жеңілге.

Сен жыласаң — көзден жасым тамшылар,

Сен қуансаң — қайғы-шерім ашылар.

Айт өлеңді, кең даланы жаңғыртып,

Қойшы-қолаң, кеше жүрген малшылар…

Тыңдалым арқылы сабақтың эмоционалдық-идеялық арқауы ашылады.

II. Өтілген материалды тексеру (ауызша журнал)

Сұрақтар арқылы оқушылардың мәтінді түсіну деңгейі мен талдау қабілеті тексеріледі.

  • «Түйебай» әңгімесінде қандай мәселе көтеріледі?
  • Әңгіменің баяндалу ерекшелігі неде?
  • Оқиға қай өлкеде өтеді? Автор табиғат пен орта суретін қалай береді?
  • Биылғы жылы балалар өмірінде қандай өзгеріс болды?
  • Жазушы молданың портретін қалай суреттейді?
  • Молда Түйебайға неліктен өш? Неге басқа қалып қойған балаға сонша шүйлікпейді?
  • Әңгімеде молданың қатыгездігі қандай тәсілдермен ашылады?
  • Молда алдынан кеткеннен кейін Түйебайдың өмірі қалай жалғасады?
  • Неліктен Түйебай «Аштан өлсем де, байдың малын бақпаймын» деп айта алмады?

III. Өтілген материалды тереңдете тексеру

1) Әңгімені бөлімдерге бөлу

Оқушылар әңгімені құрылымдық бөліктерге бөліп, әр бөлімге тақырып қояды.

Бөлім Тақырып Басты оқиғалар
I Қоржынтомар ауылы
  • Ауыл көрінісі
  • Балалардың тірлігі
II Молда
  • Оқу барысы
  • Жұмалық
  • Молданың қаһары
III Сабаққа кешігу
  • Түйебайдың кешігуі
  • Қатыгездіктің көрінісі
  • Оқудан кету
IV Мал соңында
  • Жайлауға көшу
  • Қой соңындағы Түйебай

2) Композиция және сюжет

  • Композиция дегеніміз не?
  • Сюжет дегеніміз не?

3) Әдебиет теориясымен жұмыс

  • Пейзаж деген не? Әңгімеден мысал келтір.
  • Портрет деген не? Молданың портретін мәтіннен тап.

IV. Пікірталас (дебат): кейіпкер характерін ашу

Мақсат — мәтіндегі идеяны талдап, дәлелді пікір айтуға үйрету. Сынып екі топқа бөлінеді.

Жақтаушы топ

Резолюция

«Ғылым үйрен, ашылсын көзің, жастар»

Аргумент

«Адам болатын бала алысқа қарайды»

Қарсы топ

Резолюция

«Аңқау елге — арамза молда»

Аргумент

«Молда көп — молда деген атын сатқан, бас алмай, өтірік соққан шариғаттан»

V. Іс-әрекетке баға беру: «Сот залынан көрініс»

Оқушылар сценарий бойынша сахналық көрініс дайындап, өзіндік дәлел мен пікір айтуға машықтанады. «Сот» атрибуттары (бас киім, мантия және т.б.) қолданылады.

Рөлдер

1) Сот төрағасы
2) Айыптаушы
3) Ақтаушы
4) Хатшы
5) Түйебай
6) Айыпталушы молда
7) Куәгер

Қорытындыда молданың қатыгездігі мен сауатсыздығы әшкереленіп, оның бала оқыту ісінен аластатылатыны жөнінде шешім жасалады.

VI. Топтық тапсырмалар

Негізгі сұрақ: Түйебай өз орнын өмірден тауып, бақытқа жете ала ма?

Шығармашылық бағыт

  1. 1 Түйебайдың болашағын қалай елестетесің? (модуль құрастыр)
  2. 2 Әңгімеге ойтүйін (резюме) жаз.
  3. 3 Әңгімені қалай жалғастырар едің? (аяқтау нұсқасын жаз)

Қазіргі заманмен байланыстыру

  1. 4 Бүгінгі заманда Түйебайдың өмірі қандай болар еді? (модуль)
  2. 5 Теңсіздік заманының болашағы туралы ойыңды жүйеле. (модуль)

VII. Қорытынды

Тұжырым сұрақтары

  • Әңгімені оқу барысында нені үйрендік? Қандай білім алдық?
  • Бүгінгі таңда оқу-білімнің маңызы қандай?

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға «Алаш» деген атты аламын.

Сүйгенім — қазақ өмірі, өзім — қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

С. Торайғыров

Оқушыларға ұлттық болмысты қадірлеу, тарих пен дәстүрді құрметтеу, өнегелі өнерді зерделеу қажеттігі айтылады. Асыл мұрадан тағылым алсақ, бұл — нұр үстіне нұр.

VIII. Бағалау және үй тапсырмасы

Білімді бағалау

Оқушылардың сабақ барысындағы белсенділігі, дәлелді пікір айтуы, мәтінді талдауы және шығармашылық тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.

Үйге тапсырма

«Түйебай» әңгімесінен алған білімдеріңді жүйелей отырып, Түйебайдың болашағы туралы ой-толғау жазып келіңдер.