Бүгін біз шексіз қуаныштымыз
Мақсаты
Оқушылардың әліппеден алған білімдерін ортаға салу және байқату; олардың ой-өрісін, тіл байлығын, тапқырлық пен ізденімпаздық қасиеттерін дамыту.
Көрнекіліктер
- Әріптер, гүлдер, шарлар
- Әліппе және «Ана тілі» макеті
- Ы. Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі
- Ы. Алтынсариннің портреті
Барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Қымбатты аталар мен ақ жаулықты аналар, ұстаздар және оқушылар! Бүгін 1-сынып оқушылары өздерінің сүйікті Әліппесімен қоштасқалы отыр. Міне, бүгін біз барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі болған Әліппені аяқтадық. Бүгін біз шексіз қуаныштымыз.
Ендеше, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, алғысымызды айтып, өзімізден кейінгі кішкентай іні-қарындастарымызға табыс ету — біздің міндетіміз. Сондықтан осы уақытқа дейін алған білімдерімізді көрсетіп, ән-күймен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.
Шашу
Шашу, шашу шашыңдар,
Ақ сандықты ашыңдар.
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасаңдар.
(*Шашу шашылады*)
Жүрекке жылы сөз
Кенен Әзірбаев атамыз айтқандай, кішкентай бүлдіршіндеріміздің бал тіліне құлақ салайық.
Бала деген, шіркін-ай, балдай екен,
Тәттілігі жая мен жалдай екен.
Арып-ашып даладан келгеніңде,
Бал иісін таттырып алдайды екен.
Қонақтарды қарсы алу: оқушылардың сәлемдесуі
Бекзат
Ассалаумағалейкум, халайық!
Әсел
Армысыздар, құрметті қонақтар! Бүгін біз шексіз қуаныштымыз, себебі алғаш сауатымызды ашқан досымыз — Әліппемен қоштасамыз.
Мәдина
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Ниетулла
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар!
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.
Лаура
Қош келіпсіз ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім менен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.
Мейірбек
Шаттанамын мен бүгін, шаттанамын,
Әріп сырын түсіндім, мақтанамын.
Әріп сырын үйреткен Әліппем де
Түстей болып міне бүгін артта қалды.
Ән
«Қуанышым — қазынам»
Сұрақ-жауап: алты айда не үйрендік?
- Әсемай
- Біз көп нәрсе үйрендік.
- Мейірбек
- Есеп шығаруды, санауды.
- Әсел
- Ән айтуды, ойнауды.
- Мерей
- Сурет салуды, бояуды.
- Едіге
- Денені шынықтыруды.
Мұғалім
Мектепке қай айда келдіңдер?
Хормен
Қыркүйек.
Мұғалім
Алғаш мектепке келген күн сабақ қай пәннен басталады?
Хормен
Әліппе.
Мұғалім
Алғаш қазақ балалары үшін әліппе оқулығын кім жазған?
Хормен
Ы. Алтынсарин.
Мұғалім
Білім туралы Ыбырай аталарың қандай өсиет қалдырды?
Хормен
«Кел, балалар, оқылық! Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық.»
Жұмбақ-сұрақ
Бар білімнің бастауы, бар ғылымның бастауы. Жас балаға нұр шашқан, қандай кітап тіл ашқан?
Хормен: Ол — сүйікті Әліппе!
Кейіпкер: Әліппе ортаға келеді
Хор
Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе
Сәлеметсіздер ме, менің сүйкімді достарым, ата-аналар, ұстаздар, қонақтар!
Армысыңдар, жас достар, армысыздар, ата-ана.
Болашаққа жол бастар Әліппең келді ортаға.
Балалар, мені оқып не үйрендіңдер?
Мерей
Келгенде алғаш мектепке
Білмеуші едік әріпті.
Оқимыз қазір ертек те —
Үйреттің оны, Әліппе.
Асила
Енді біз жаза аламыз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза боп саған жүреміз,
Қош бол, сүйікті Әліппе!
Едіге
Әліппе, менің Әліппем,
Өшпейтін нұрлы әріппен
Есігін аштым білімнің,
Өзіңнен кілтті алып мен.
Миіргүл
Әліппе алып қолыма,
Білімнің аштым есігін.
Ақ ниет тілеп жолыма,
Жазылды тұңғыш есімім.
Би нөмірі
Үнді биі — Қаржанова Мадина
Сөз құрау: «Отан»
Балалар өнер-білімнің барлығы да мектептен басталады. Біз Әліппенің арқасында көп нәрсені оқып-үйрендік, жүрекке жылы тиетін «Отан», «Ана», «Мектеп» сөздерімен таныстық. Ендеше «Отан» сөзін құрап, тақпақ айтайық.
О
Ораз барды орманға,
Оншақты оған бала ерді.
Омарташы оларға
«Ожау, ожау!» — бал берді.
Т
Таңданысты есіткен
Түлкі тәсіл тауыпты.
Төбедегі тесіктен
Тағы әкетті тауықты.
А
Асқар аға Астанаға
Асанды алғаш ала барды.
Алып тауды, Алатауды,
Алматыны аралады.
Н
Нағыз малсақ Нұркенже
Нарға барып нан берді.
Нар нанды жегенше,
Ноқталап та үлгерді.
Ана туралы жыр
Сендер үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қуансаң қуанып, ренжіссең жұбататын асыл жан — Ана. Ана — біз үшін ең ардақты адам. Ендеше, «Ана» сөзіне байланысты өлең жолдарын тыңдайық.
А
Аспанда ару ай да бар,
Айдай сұлу қайда бар?
Айлы түнде жап-жарық,
Асыр салып ойнайық.
Н
Найза боп тиеді
Намысы зорға да.
Нансаң сол киелі нанды
Нанда сен қорлама.
А
Атам жақсы көреді,
Алса алғыс өзені.
Алқа топта мақтар кеп:
«Атасына тартқан!» — деп.
Ән
«Аналар жыры» — Қаржанова Лаура
«Мектеп» сөзіне арналған тақпақтар
Біздің білім алатын ордамыз — мектеп. Мектеп — екінші үйіміз. Оқумен қоса ән мен биді де үйренеміз. «Мектеп» сөзіне арналған тақпақтарды айтайық.
М
Мүсінші болар Мүсілім,
Маралдың жасап мүсінін.
Мұражайға мектептің
Мұны тарту етпекші.
Е
Есенкелді есті екен,
Ерке Ерланға ермеді.
Ерте тұрып есік пен
Еден сырлап ерледі.
К
Келер көктем көңілді,
Көкпен бояп өңірді.
Көкжиектен кешкісін
Кемпірқосақ көрінді.
Т
Түлкі, түлкі, түлкі де
Түк айласыз бұл күні.
Түгелісіп қулығы,
Түгел жұртқа күлкілі.
Е
Есейіп құттай балғындар
Елге қызмет жасады.
Ертең сенің алдыңнан
Есігін мектеп ашады.
П
Перде менен пернені
Панар білмей шатасты.
Перде — терезе жапқыш қой,
Перне неге қатысты?
Би
Саршаев Нұрсұлтан
Әріптер шежіресі
Бүгін біраз ойнайық, сөздер сырын айтайық. Ал сонымен, әріптер шежіресін бастайық.
Ниетулла — А
А әрпінен басталады Абай ата есімі, тербетілген сырлы әуенмен — өлең-жырдың бесігі.
Үмітай — О
О — конструктор, ойнайтын бөлшектер, ойнайтын бөбектер.
Мейірбек — Е
Е-ні ұмытпас ешқашан елін сүйген жарандар.
Әсел — У
У — жалауша, мұны біл: еліміздің туы — бұл.
Мерей — М
М дегенің — мал болар, қадір тұтқан бабалар.
Әсемай — Ш
Ш — шытырмақ, текше ғой, алты қырын екшей ғой.
Едіге — Ғ
Ғ — ғажап бояу жағады, Ғали сурет салады.
Айнура — Р
Р — ракета зымырап, ғарышқа оны ұшырам.
Ержан — П
П — параход жүзетін, палубасы ұзын тым.
Асила — Б
Б дегенің — бабамыз, Бауыржандай батыр ғой.
Мәдина — Ұ
Ұ — ұшақ ұшатын, бұлттарды құшатын.
Азима — Ө
Ө — өгіз өңкиген, өн бойы дөңкиген.
Бекзат — Ә
Ә әріптен табамыз әжемізді — ақылгөй.
Миіргүл — Г
Г әрпімен гүлдеген қызғалдақты қырат тау.
Лаура — Ф
Ф — футбол ойыны, аяқ доп дейді оны.
Би
Қазақша би — қыздар тобы
Ата-аналарға алғыс және ойын
Кешегі сәби балаңыз — жарады, міне, қараңыз! Ғылым-білім жолына енді қайық саламыз.
Құрметті ата-аналар, балаларыңыздың осындай деңгейге жетуіне сіздердің қолдауларыңыздың үлесі өте зор.
Ойын: «Аққала құрастыру»
Бөліктердің артында жазылған тапсырмаларды орындау: мақал-мәтел айту, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту.
Ән
«Қошақаным»
Қонақ: «Ана тілі»
Бүгінгі тойымызға тағы бір қонақ келе жатыр. Орын дайындайық. Міне, балалар күткен қонағымыз да келіп қалды, қарсы алайық. Балалар, бұл қонағымызды танисыңдар ма? Кім екен?
Хормен: Ана тілі!
Ана тілі
Туған елдің тілімін, ақылы мен танымын. Түсіндірер бәріне — Ана тілі пәнімін.
Балалар, енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар. Мен сендерге қызықты ертегілер мен әңгімелер ұсынамын. Тек ынта қойып, мені ұқыпты оқысаңдар, көп нәрсені үйренесіңдер.
Әліппе
Балалар, сендердің білімдеріңді көріп ризамын. Енді мен кетейін.
Әліппемен қоштасу
Әсемай
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Толқындатып сөйлеттің.
Мәдина
Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем.
Сенің арқаң оқи-жаза білгенім,
Сауатты адам санатына кіргенім.
Әсел
Тіл тұсауын кестің сен,
Аяулы анам болып сен.
Айыбымды кештің сен,
Қош бол, құтты Әліппем.
Ән
«Қош бол, құтты Әліппем»
Хор
Қош бол, сүйікті Әліппем!
Бәрімізді сүйіп өткен, балаларға үйреткен
Әліппе мен ұстазға бас иеміз құрметпен.
Ән
«Ата-әже»
Би
«Қара жорға»
Математика бөлімі
Оқушылар, Әліппеден көп қызық әңгімелер мен тақпақтар үйрендіңдер. Енді математикадан алған білімдеріңді тексерейік.
Табақта бес алма, қолымда екі алма. Қоссақ барлығы болады неше алма?
Хор: Жеті алма.
Терең ғылым — сананың тегі деп ой саламын. Маңызды етіп оқыңдар математика сабағын.
Бекзат — 1
1 дегенім — бесік, шықтым содан өсіп.
Лаура — 2
2 дегенім — егін, далам, тауым, көгім.
Мерей — 3
3 дегенім — үміт, үміт — жақсы жігіт.
Асила — 4
4 дегенім — төзім, төзе білем өзім.
Едіге — 5
5 дегенім — бақыт, бағалайтын уақыт.
Миіргүл — 6
6 дегенім — ақыл, тыңдағаның мақұл.
Ержан — 7
7 дегенім — жалау, жүректегі алау.
Үмітай — 8
8 дегенім — сөзім, серт беретін кезім.
Азима — 9
9 дегенім — тоқтау, елдің жоғын жоқтау.
Айнура — 10
10 дегенім — Отан, қорға соны, ботам!
Ән
«Мен қазақтың баласы»
Хор
Біз — өмірдің гүліміз.
Қорытынды тілек
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып-жазатын халге жетті —
Құтты болсын қадамы балалардың!
Балалардың білімі құтты болсын,
Денсаулығы әрқашан мықты болсын.
Білімдерін әрі қарай дамытатын,
Ерінбейтін еңбекқор мықты болсын.
Қымбатты шәкірттерім, білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын, қадамдарың құтты болсын!
Бүгінгі кеш әр үйдің той басы деп саналар. Балалардың есімі әулеттерге таралар. Ырым етіп, ертеңгіліктің соңында ақ тілекпен баршаға қонақтар тілегін айтар.
Осылайша мерекелік кешіміз аяқталды. Ендігі сөз кезегі — ата-аналарға.