Екі балықшы, әңгімелері

Сабақ мақсаты

Білімділік

Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаянымен таныстыру. Мәтіндердің мазмұнын түсіндіру арқылы оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыру, негізгі идеясы мен тақырыбын ашу.

Тәрбиелік

Ана тілі сабағына зейінділікті, байқағыштықты және пәнге тұрақты қызығушылықты арттыру. Өз бетінше білім алуға, ізденіске тәрбиелеу.

Дамытушылық

Ойлау, көру және есте сақтау қабілеттерін дамыту. Өз ойын анық әрі толық жеткізуге, ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру.

Сабақтың құрылымы

  1. 1 Ұйымдастыру бөлімі
  2. 2 Үй тапсырмасын тексеру (күзетшілер тапсырмасы)
  3. 3 Үй тапсырмасын бекіту (балық аулау ойыны)
  4. 4 Жаңа сабақты түсіндіру («1-үй — А»: компьютермен жұмыс)
  5. 5 Оқулықпен жұмыс («2-үй — Д»)
  6. 6 Дәптермен жұмыс («2-үй — Д»)
  7. 7 Сергіту сәті
  8. 8 Тізбектеп оқу, дуалдан өту
  9. 9 Тірек сызба арқылы жұмыс
  10. 10 Жаңа сабақты бекіту (кеспе қағаздар, үңгір есігі)
  11. 11 Бағалау
  12. 12 Үйге тапсырма (білім кілті)

Сабақтың барысы: «Білім кілтін» құтқару саяхаты

1) Ұйымдастыру бөлімі

Мұғалім оқушылармен амандасып, сабаққа қажетті құралдарды дайындауды ұсынады. Психологиялық дайындық ретінде «шар» жаттығуы орындалады.

Пошта жәшігіндегі хат

Кімге: М. Жұмабаев атындағы орта мектеп, 15-кабинет, 2 «Б» сыныбы

Кімнен: Жанашыр дос

Хаттың мазмұны:

«Құрметті 2 “Б” сыныбының оқушылары, көмектесіңдер! Жауыз сиқыршы Екілік түн ортасында “Білім кілтін” ұрлап, балалар білімсіз қалсын деп, үлкен көлдің арғы жағындағы қамалдың түбіне жасырып қойыпты. Қамал түбінде үңгір бар. Үңгірдің ішінде білім кілті жасырылған. Жол қиын, бірақ сендерді үлкен олжа күтіп тұр!»

Мұғалім оқушыларға: «Балалар, көмектесеміз бе?» — деп сұрақ қояды. Алда екі күзетші тұрғаны айтылады: олар тапсырманы орындаса ғана өткізеді.

2) Үй тапсырмасын тексеру: «Күзетшілер тапсырмасы»

Үй тапсырмасы ретінде Ж. Кәрбозиннің «Жиырма тиын» әңгімесінің мазмұны сұралады. Оқушылар әңгімені сахналық көрініс арқылы көрсетеді.

Қорытынды:

Оқушылардың жақсы дайындығының арқасында күзетшілердің тапсырмасы сәтті орындалады, саяхат жалғасады.

3) Үй тапсырмасын бекіту: «Балық аулау ойыны»

Көлге келіп, балық аулау ойыны арқылы сұрақтарға жауап беріледі.

1-балық

«Жиырма тиын» әңгімесі кімнің атынан баяндалған?

2-балық

Бірде Алтайдың апасы оны қайда жұмсады?

3-балық

Дүкенге жақындағанда қандай оқиға болды?

4-балық

Алтай Қанатқа қалай көмектесті?

5-балық

Апасы Алтайдың ісін қалай бағалады?

Алтын балық

Алтайға мінездеме бер.

  • Тілалғыш
  • Шыншыл
  • Адал
  • Қайырымды
  • Әдепті
  • Ақкөңіл

Ойын аяқталған соң саяхатшылар алға жылжиды: алда «А» әрпі бар жалау ілінген үй көрінеді.

4) Жаңа сабақты түсіндіру: «1-үй — А» (компьютермен жұмыс)

Ахмет Байтұрсынов — көрнекті ғалым, дарынды ақын, қоғам қайраткері.

Ол Қостанай облысы, Торғай өңірінде, Сартүбек атты жерде дүниеге келген.

«Қазақ» газетін шығаруға атсалысқан. Балаларға арналған тұңғыш қазақ әліппесін жазған.

Толық мәлімет компьютер арқылы көрсетіледі.

Келесі үйдің алдында өрмекші тор құрып кетіпті. Торды алып тастағанда, оқулықпен жұмысқа арналған тапсырма ашылады.

5) Оқулықпен жұмыс: мәтіндермен танысу

«Мен қалай оқуға бардым?»

Менің Әбіш деген құрдасым бар еді. Әкесі оны оқуға берді. Бір күні ойнайын деп бардым. Әбіш кітап оқып отыр екен. Тыңдасам, кітабында жұмбақ, мақал, өлең және басқа да жақсы сөздер көп екен. «Оқу үйренсем, мен де сондай оқыр едім» деп ойға қалдым. Үйге қайтып келдім. «Оқуға барамын», — дедім. Әкем мен анам бұл ойымды ұнатты. Ертеңіне әкем мені оқуға апарып берді.

«Екі балықшы»

Екі балықшы балық сүзді. Сүзекті сүйреп шығуға таянғанда, сүзек ауырлай бастады. Бір балықшы тұрып: «Сүзек жаман!» — деді. Екінші балықшы: «Сүзек жақсы, сен өзің бос тартасың!» — деді. Сөйтіп екеуі керісіп қалды. Олар керісіп тұрған кезде сүзектегі балықтар қашып кетті.

«Ата насихаты»

Әкесі балаларына «Тату тұрыңдар» деп талай айтқан екен. Бірақ балалары тілін алмай, араздаса береді. Бір күні әкесі бір байлам шыбық әкеліп: «Сындырыңдар!» — дейді. Балалары сындыра алмайды. Әкесі шыбықтарды шешіп: «Енді бір-бірлеп сындырыңдар!» — дейді. Балалары оп-оңай сындырады. Сонда әкесі: «Араздасып араларың ашылса, сендер де мына шыбықтай боласыңдар. Ұйымшыл болыңдар: бірлігі бар елді жау жеңуі қиын», — дейді.

6) Дәптермен жұмыс: нақыл сөздер

1. Керісудің кесірі — келісімді кетіреді.

2. Тірліктің күші — бірлікте.

Алда дуал көрінеді. Дуалдан өту үшін сергіту сәті жасалып, кейін мәтіндер тізбектеп оқылады.

7–8) Сергіту сәті және тізбектеп оқу

Оқушылар сергіп алып, кейін мәтіндерді тізбектеп оқиды. Мақсат — дуалдан өтіп, үңгірге жақындау.

Идея:

Тапсырмаларды бірлесе орындау арқылы ғана алға жылжуға болатыны айқындалады.

9) Тірек сызба арқылы жұмыс

Жылдар

1873–1938

Туған жері

Қостанай облысы, Торғай өңірі

Қызметі

Ғалым, ақын, қоғам қайраткері

Еңбегі

Тұңғыш қазақ әліппесін жазды

Қоғамдық ісі

«Қазақ» газетін шығаруға үлес қосты

10) Жаңа сабақты бекіту: «Үңгір есігін ашатын тастар»

Үңгірдің есігін ашу үшін кеспе қағаздардағы сұрақтарға жауап беріледі.

1-тас

«Мен қалай оқуға бардым?» әңгімесі кімнің атынан баяндалған?

2-тас

Ақынның оқуға баруына не себеп болды?

3-тас

«Екі балықшы» әңгімесіндегі негізгі ой қандай?

4-тас

Әке қандай ақыл айтты?

5-тас

Ахмет Байтұрсынов кім?

Нәтиже:

Сұрақтарға жауап берілген соң үңгір ашылып, ішінен «Білім кілті» табылады. Оқушылар білімге ұмтылудың, бірлік пен ұйымшылдықтың құнын түсінеді.

11) Бағалау

Мұғалім оқушылардың белсенділігін атап өтіп, бағалайды.

12) Үйге тапсырма

  • А. Байтұрсынов: «Мен қалай оқуға бардым?» мәтінін оқу.
  • «Екі балықшы» мәтінін оқу.
  • «Ата насихаты» мәтінін оқу.

Сабақ соңында мұғалім: «Сабақ аяқталды. Сау болыңдар, балалар!» — деп қоштасады.