Сабаққа жақсы қатысқан балаларды атап өтіл, сабақты аяқтау

Сабақ тақырыбы

Ы. Алтынсарин — «Әке мен бала»

Мақсаты

  • Қазақтан шыққан тұңғыш педагог Ы. Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы білім қалыптастыру.
  • Тыңдай білу және әңгімелей білу іскерліктері мен дағдыларын дамыту.
  • Әңгіме мен ертегінің айырмасын ажырата білуге үйрету.

Көрнекіліктер

Ы. Алтынсариннің портреті, тақырыпқа қатысты суреттер.

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Балалар: Сәлеметпіз.

Бүгін бізде көркем әдебиет сабағы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, партада ереже бойынша дұрыс отырамыз.

Әңгіме: «Әке мен бала»

Бір адам баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатады. Жолда жатқан аттың ескі тағасын көріп, баласына: «Анау тағаны, балам, ала жүр», — дейді.

Бала: «Сынып қалған ескі тағаны алып не қылайын?» — деп жауап береді. Әкесі үндемейді: тағаны өзі алып, жүре береді.

Қаланың шетінде темірші ұсталар болады. Сонда келген соң әкесі кері бұрылып, әлгі тағаны үш тиынға сатады. Одан әрі жүріп, шие сатып отырғандардан үш тиынға біраз шие сатып алады.

Шиені орамалына түйіп, әкесі жол бойы бір-бірлеп жей береді. Бір кезде оның қолынан бір шие жерге түсіп кетеді. Артында келе жатқан бала тым қызығып келе жатады да, жерге түскен шиені жалма-жан алып, аузына салады.

Аздан соң тағы бір шие түседі, одан кейін тағы бірі… Бала әр жерге түскен шиені алу үшін қайта-қайта еңкейіп, шамамен он шақты рет жерден алып жейді.

Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен ұсынып тұрып былай дейді: «Көрдің бе, жаңағы тағаны жамансынып, жерден бір-ақ рет еңкейіп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың».

Сұрақ-жауап

  • Суреттен кімді көріп тұрсыңдар?

  • Сендер Ыбырай атаның қандай өлеңдерін, ертегілерін, әңгімелерін білесіңдер?

  • Бүгін Ы. Алтынсариннің «Әке мен бала» шығармасымен таныстық. Не түсіндіңдер?

  • Баланың істегені дұрыс па?

  • Неге дұрыс (немесе дұрыс емес) деп ойлайсыңдар?

  • Әкесі баласына қандай сөз айтты?

  • Баланың мінезі сендерге ұнады ма?

  • Сендер әкелеріңнің тілін аласыңдар ма?

  • Суретке қарап, әңгімені еске түсіріп, мазмұнын айтып беріңдер.

Қорытынды

Сабаққа белсенді қатысқан оқушылар атап өтіледі. Сабақ қорытындыланып, аяқталады.