Сабақтас құрмалас сөйлем, оның түрлері

Қазақ тілі • 9-сынып

Сабақтас құрмалас сөйлем және оның түрлері: «Телевидение» тақырыбы арқылы меңгерту

Бұл сабақта оқушылар «телевидение» туралы мәлімет жинақтай отырып, сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін ажыратып үйренеді, мәтінмен жұмыс жасайды және тест тапсырмалары арқылы білімін бекітеді.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: «Телевидение» тақырыбы бойынша мағлұмат беру; сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін ажырата білуге үйрету.
  • Дамытушылық: тіл байлығын дамыту, ой-өрісті кеңейту, ойды ауызша жүйелі жеткізуге дағдыландыру, сөздік қорды молайту.
  • Тәрбиелік: мемлекеттік тілге құрметпен қарауға, тілді саналы әрі ерікті меңгеруге тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және формат

Сабақ түрі
Жаңа білім беру
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта (слайдтар), перфокарталар, үлестірмелі карточкалар, бағалау парақтары, стикерлер
Әдіс-тәсілдер
Аудару, іздендіру, сұрақ-жауап, талдау, түсіндіру

Күтілетін нәтиже

  • «Телевидение» тақырыбы бойынша негізгі ұғымдарды сөздікпен бекітеді.
  • Мәтінді түсініп оқып, аударып, негізгі ойды анықтайды.
  • Сабақтас құрмалас сөйлем түрлерін мысал арқылы таниды.
  • Тест арқылы білімін тексеріп, өзіндік рефлексия жасайды.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  • Кезекшімен қысқаша сұхбат жүргізу.
  • Сабақтың мақсатын хабарлау: «Телевидение» лексикалық тақырыбын меңгеру және сабақтас құрмалас сөйлем түрлерін ажырату.

2) Үй тапсырмасын тексеру

Үй тапсырмасы — салалас құрмалас сөйлем және оның түрлері. Оқушылар екі топқа бөлініп, перфокарталар арқылы білімін пысықтайды.

Мақсаты: салалас құрмалас сөйлем бойынша алған білімді жүйелеу және бекіту.

Жаңа тақырып: «Телевидение»

Сөздікпен жұмыс

Қазақша Орысша
өтпелі переходный
бастан кешіру проходить
көбею увеличиться
саты уровень
өзгерістер изменения
сандық цифровой
үрдіс процесс
мән значение

Тапсырма: берілген сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңдар.

Мәтінмен жұмыс

1-тапсырма

Мәтінді түсініп оқып, орыс тіліне аударыңдар.

Бүгінде телевидение бүкіл әлемде өтпелі кезеңді бастан кешіп отыр. Ақ-қара түсті теледидардың орнына қазір түрлі түсті теледидарларды пайдалану көбейді. Бұл өз кезегінде телехабар таратуды жаңа бір сатыға көтерді. Түрлі түсті телевидение туралы айтқанда, әлемде радио мен телевидение жүйесінде үлкен өзгерістер жүріп жатқанын атап өткен жөн. Телехабарды түсіру мен таратуда сандық техника мен технологияны қолдану үрдісі қалыптасты. Бұл — үлкен жетістік. Сонымен қатар жер серіктік және кабельдік телевидениенің кеңінен жүзеге асуы соның айғағы. Бұл радио мен телевидение дамуының стратегиялық мәнін айқындайды. Қоғамдық телевидение көбіне халықты жаңалықтармен, сондай-ақ білімдік және танымдық бағдарламалармен қамтуға ұмтылады.

Қосымша: мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңдер.

Дәптермен жұмыс және бекіту

2-тапсырма

Мәтін бойынша хронологиялық кесте құрастыр.

Ескерту: мәтін оқулықтың 161-бетінде берілген.

Сергіту сәтінен кейін кестені толықтыру ұсынылады.

Сабақтас құрмалас сөйлем түрлері (мысалдар)

Анам қонақ келсе, дастарқанды жайнатып қояды.

Шартты бағыныңқы

Екі қолы дірілдеп, Оспан ішке кірді.

Қимыл-сын бағыныңқы

Досым маған келген соң, мен театрға бардым.

Мезгіл бағыныңқы

Мен қанша тесіле қарасам да, Маржан маған назар аудармады.

Қарсылықты бағыныңқы

Күн жылы болғандықтан, біз серуенге шықтық.

Себеп бағыныңқы

Ол оқымақшы болып, қалаға кетті.

Мақсат бағыныңқы

Берілген сөздерден сөйлем құрастыру (үлгілер)

  1. Қазақстан телеарнасы эфирге алғаш рет 1958 жылы 8 наурызда шықты.
  2. КТК телеарнасы 1991 жылдан бастап жұмыс істейді.
  3. 31 арна хабарларының таратылуы 1998 жылы 12 сәуірден басталды.
  4. 1967 жылы Алматыда алғашқы «Орбита» қабылдау станциясы іске қосылды.

Тест тапсырмалары (ОЖСБ-ға дайындық)

Сұрақтар

Төмендегі тапсырмаларда дұрыс жауапты таңдаңыз.

1) Құрмалас сөйлемдегі шылау түрі:

Кешкі астан кейін жеміс жеу керек немесе қымыз ішкен де пайдалы.

  • A) Талғаулықты
  • B) Ыңғайластық
  • C) Қарсылықты
  • D) Себеп-салдар
  • E) Кезектес

2) Себеп-салдар салалас құрмалас сөйлемнің жалғаулығын белгілеңіз.

  • A) Немесе
  • B) Және
  • C) Біресе
  • D) Бірақ
  • E) Сондықтан

3) Кейінді ықпалды белгілеңіз.

  • A) Кілемді
  • B) Кітабы
  • C) Баспана
  • D) Жастар
  • E) Қазақтың

4) ІІІ жақтағы бұйрық рай етістікті анықтаңыз.

  • A) Жазып
  • B) Жазу
  • C) Жазсын
  • D) Жазуды
  • E) Жаздық

5) Күрделі сын есімді анықтаңыз.

  • A) Жеп-жеңіл
  • B) Сары
  • C) Жуан
  • D) Көркем
  • E) Ақ

Жалғасы

6–10 сұрақтар.

6) Үш түбірден біріккен сөзді белгілеңіз.

  • A) Жезқазған
  • B) Қызылорда
  • C) Ақтау
  • D) Екібастұз
  • E) Көкшетау

7) Қос сөзі бар сөйлемді анықтаңыз.

  • A) Мен туған қаламды ерекше сүйемін.
  • B) Балалар қатар-қатар тізіліп тұра қалды.
  • C) Көкшетау қаласы Қазақстанның солтүстігінде орналасқан.
  • D) Астана қаласы қарқынды даму үстінде.
  • E) Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабын жазды.

8) Есімнен жасалған туынды зат есімді анықтаңыз.

  • A) Талғат көмекке ұмтылды.
  • B) Кітапханадан кітап алып оқыды.
  • C) Жақсы дос табу қиын.
  • D) Адал болған дұрыс.
  • E) Бірақ жетіп үлгермеді.

9) Тұйық етістікті көрсетіңіз.

  • A) Әпер
  • B) Ексін
  • C) Төгемін
  • D) Әкелді
  • E) Жабу

10) Ырықсыз етісті анықтаңыз.

  • A) Кірісті, жүрісті, айтысты
  • B) Жуылды, қаралды, тазаланды
  • C) Тоқтат, айтқыз, шегеленді
  • D) Салдыр, тіктір, сендір
  • E) Жуын, киін, таран

Қорытынды, бағалау және рефлексия

Қорытындылау

«Телевидение» кілт сөзі бойынша кластер толтыру арқылы сабақ мазмұнын жинақтау.

Үй жұмысы

Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін жаттау.

Бағалау және рефлексия

Мұғалім оқушылардың өзара бағалауын бақылап, қорытынды бағаны шығарады. Сабақ соңында оқушылардың көңіл күйін анықтап, қысқаша кері байланыс алынады.