Тіл - тірегім, соғып тұрған жүрегім атты жас ақындар байқауына қош келдіңіздер
Құттықтау және кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар мен оқушылар, кеш қонақтары! Сіздерді 22 қыркүйек — Тіл мерекесі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Өз ана тіліміздің мәртебесін асқақтата білейік!
«Тіл — тірегім, соғып тұрған жүрегім» атты жас ақындар байқауына қош келдіңіздер! Адамзат дүниеге келген сәттен бастап ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ән салады.
Ана тілі — біздің ар-ожданымыздың, адамгершілігіміздің айнасы. Адам ана тілімен бақытты, ана тілімен асқақ. Тіл — халықтың ажырамас бөлігі.
Тіл туралы тағылым
Ұлы Абайдың өзі «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп таңырқап тағзым еткен — осы тіл. Тілімізге құрмет жасау арқылы біз елімізге құрмет жасаймыз.
Поэтикалық жолдар
Ана тілім, дана тілім — Тәңірім,
Сақтай білген сан ғасырлар жарығын.
Тілім менің — Абай, Ахмет сөйлеген,
Бұғаулауға, шұбарлауға көнбеген.
Байқаудың ашылуы
«Тіл — тірегім, соғып тұрған жүрегім» атты жас ақындар байқауын ашуға рұқсат етіңіздер. Жас ақындарға сәттілік тілеу мақсатында сөз кезегін мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Өмірбек ағайға береміз.
(Ағай сөз сөйлейді.)
Ана тілінің құдіреті
Ана тілі — адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Ана тілі жүректің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына.
Қазақ тілі — аса бай, икемді тіл. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш пен текеметке ою түсіруге болады. «Бұл тілден май тамады» десе де жарасады.
Халықтың тілі мен жырына құлақ салсаң, небір алуа-шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың.
Өлең оқу: 5-сынып оқушылары
Ортаға ана тіліміз туралы өлең шумақтарын оқитын 5-сынып оқушыларын шақырамын. Сөз кезегі өздеріңізде.
Ана тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.
Ана тілін білмеген — ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген — халқын сүйіп жарытпас.
Туған тілім — бабам тілім — өз тілім,
Туған тілім — анам тілім — өз тілім,
Туған тілім — далам тілім — өз тілім,
Туған тілім — адам тілім — өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
Үш тіл және ортақ құндылық
Бүгінде ана тіліміз қоғамдық өмірде бірнеше тілмен қатар дамып келеді. Жастарымыз үш тілді қатар меңгеріп жатыр. Олай болса, үш тілде қатар орындалатын әнді қабыл алыңыздар: «Әрқашан күн сөнбесін».
Тәуелсіздік тірегінің бірі — тіл. Тіл — халқымыздың қазынасы, сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолымыздың шежіресі. Егемендігіміз баянды, ұлттық рухымыз биік болсын десек, туған тілімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Сондықтан әр адам өзінің ана тілін қорғауға да, құрметтеуге де міндетті. Қазақ тілі — біздің ана тіліміз, мемлекеттік тіл ретінде үлкен мәртебеге ие.
Тарихи дерек және апталық
1989 жылдың 22 қыркүйегінде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Тіл мерейін көтеру мақсатында Қазақстанның барлық мектептерінде қазақ тілі апталығы өткізіледі. Бүгінгі іс-шарамыз осы тіл апталығына арналады.
(Сахнаға назар аударыңыздар: арнайы дайындалған бейне-көрсетілімдер.)
Қорытынды ой
Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз тілін қалай сүйе білумен өлшенеді. Бұл туралы ақындар да талай толғаған.
Сүйемін туған тілім — анам тілім,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін.