Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері

Өмірбаяны

Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде дүниеге келген. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған.

1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң» газеті редакциясына қызметке тұрған. Осы жылдары өлеңдері аталған газетте және «Шұғыла» журналында жиі жариялана бастайды.

1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына өлеңдері енген.

Қызмет жолы

Бірнеше жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер болды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор қызметтерін атқарған.

Қазақтың қара өлеңін жинақтап, екі томын жариялады. Қазіргі кезде зейнеткер. Сонымен бірге «Балауса» баспасында «Әдеби мұра» бағдарламасы аясында әлем балалар әдебиетінің қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысып жүр.

Марапаттары мен атақтары

  • 1996 жылдан — Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.
  • Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
  • Ерен еңбегі үшін және «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері.
  • Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері.
  • Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Дереккөз: alashainasy.kz