Өтенің баласы Сраж - қазір аудандағы беделді балалардың әкесі

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы

№24 Ү. Түктібаев атындағы орта мектеп, информатика пәні мұғалімі — Зейнуллаева Лаура

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ата-баба тегін білу — ұрпаққа аманат»

Мақсаты

  • Адамгершілікке баулу.
  • Елін, жерін, ұлтын сүйетін азамат болып қалыптасуына ықпал ету.
  • Өзара құрмет сезімін ояту және өзгенің пікірін сыйлауға тәрбиелеу.

Түрі

Сын тұрғысынан ойлау.

Көрнекілігі

Слайдтар, буклеттер, парақшалар, цитаталар.

Қолданылған әдістер

Фактілерді жинау Рөлдік ойын Галереяға саяхат Сиқырлы таяқша Кейіпкерге хат
«Жеті атасын білген ер, Жеті жұрттың қамын жер.»
Халық даналығы

Сабақ барысы

I. Қызығушылықты ояту

Сынып үш топқа бөлінеді. Әр топ өз атауын және ұстанымын таныстырады. Талқылауға ұсынылатын сұрақтар:

  • «Ата-баба» ұғымын қалай түсінеміз?
  • Жеті атамызды білеміз бе?
  • Отбасы шежіресін қалай зерттеп, нақтылай аламыз?

II. Мағынаны тану

1) «Фактілерді жинақтау» әдісі

Оқушылар үйдегі ата-аналарынан, қариялардан сұрап, жақын адамдар мен туыстарының естеліктерін жинайды. Отбасы тарихы мен өз ата-тегінің шежіресін зерттеп, жазбаша түрде рәсімдейді. Суреттер, газет мақалалары және атадан балаға ауысып келе жатқан мұралар да қамтылады.

Әр топ өз материалын дауыстап оқып, жинаған әдебиеттерін, суреттерін, құжаттарын көрсетіп дәлелдейді. Бұл жұмыс оқушылардың жеке ізденісіне, дерекпен сөйлеуіне және жүйелі ойлауына көмектеседі. Дайын зерттеу жұмыстары оқушы портфолиосына енгізіледі.

2) Рөлдік ойын

Әр топ өз мүшелерінің зерттеуі негізінде шағын көрініс қояды. Мақсат — деректі көркем түрде жеткізіп, ойды әсерлі ұсыну.

3) «Галереяға саяхат»

Топтар бір-бірінің дайындаған көрнекіліктерін, буклеттерін және әдебиеттерін аралап көріп танысады. Осы арқылы оқушылар өз жұмысына сын көзбен қарап, нәтижесін салыстырып бағалайды.

III. Ой-толғаныс

4) «Кейіпкерге хат» әдісі

Әр оқушы өзі таңдаған кейіпкеріне (атасы, әжесі, тарихи тұлға немесе отбасы мүшесі) арманын, сағынышын, сырын, сұрағын қиялмен өріп хат ретінде жазады. Бұл тәсіл оқушының ішкі ойын, сезімін еркін жеткізуіне, қиялын дамытуына және өз көзқарасын қалыптастыруына ықпал етеді.

Оқушы тақырыпты «кейіпкерге айналдырып», онымен бірге қуанады, ойланады, армандайды, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ұмтылады.

Әбдімұрат Айкеннің хаты

Үзінді

Ата, сіз мектепте ұстаз болып, физика пәнінен сабақ бердіңіз. Зейнетке шықтыңыз. Сіз кеткеннен кейін 2002 жылы 1-қыркүйекте бірінші сыныпқа бардым, қазір 5-сыныпта оқимын. Оқуым озат.

Сіз қайтқан кезде 4 айлық болған Арайлы қазір 5 жаста. 2006 жылдың 12 ақпанында Нұрқан атты ініміз дүниеге келді, қазір 1 жаста.

Ата, сіздің бейнеңізді әрқашан жадымызда сақтап, «рухыңыз разы болсын» деп айтып отырамыз. Немереңіз — Айкен.

Әли Темірханның естелігі

Тарихи дерек

Менің атам — Сармолдаев Әли, 1923 жылы дүниеге келген. 1941–1945 жылдары неміс фашистеріне қарсы соғысқа қатысқан. 1941 жылы ауылдастарымен бірге майданға аттанып, Мәскеу түбіндегі қалаларды қорғауға қатысады.

1943 жылы ауыр жараланып, госпитальда 6 ай емделіп елге оралады. Елге келген соң ауыл шаруашылығында еңбек етіп, соғыстың аяқталуына өз үлесін қосқан. Жарақаттың салдарынан 1975 жылы қайтыс болған.

Мен атамның сіңірген еңбегін мақтан етемін.

Шарападин Самұраттың шежірелік әңгімесі

Шежіре

Баймұрат атам дәулетті болған. Ауылдың солтүстік-шығысында Елшібай көлі маңындағы негізгі қонысы қазір «Баймұрат қыстауы» деп аталады. Төрт түлік малы түгел болып, шөбін орып, малын бағатын адамдар да көп болған деседі. Бірақ атам өзге байлардай қысым көрсетпей, өте жомарт кісі болған дейді.

Бір қызына құда түскенде «құдаға тай сойыңдар» депті. Сонда қасындағы ақылшылар «қазақта салт-дәстүрден аттамайды» деп, ақыры қой сойдырған екен.

Арқада үлкен ас болып, соған бара жатқан алпыс кісі «Баймұрат бай — бай, бізге шай ішетін кесе табылар ма екен?» деп аттан түседі. Атам алдын ала сезгендей, алпыс түрлі кесемен шай берген екен.

Қосымша дерек

Бірде Нұрада ат жарыс болады. Жұрттың бәрі кеткенде, үйде қалған есі кемістеу кемпір самаурынның шаласын жерге сөндірмей тастап кетіп, от ажырыққа тиіп, атамыздың алтынмен апталған, күміспен қапталған үлкен қонақ үйі өртенеді. Жанып болғанда алтын-күміс балқып ағады. Атамыз келіп көріп тұрып: «Құдай от бәлеңнен, су бәлеңнен сақтасын» депті.

Атамыздың екі әйелінен 14 баласы болған. Кеңес үкіметі орнап, байлардың мал-мүлкі тәркіленген кезде көптеген байлар жан сауғалап қашқан. Ал атамыз «балаларым аман болсын» деп, бар байлығын үкіметке беріп, Арал қаласындағы бір баласының қолына барып тұрады.

5–6 жылдан кейін елдегі ұлы Сиқымның қолына келіп, қазіргі Жолбарысты деген жерде қайтыс болады. 1939 жылы атамызды түнде Елшібайдан қайықпен өткізіп, Нұраға жерлеген. Жерленгеннен кейін үкімет адамдары іздеп таба алмапты.

«Бай өлсе де ескерусіз қалмасын» деп тиын шашқан Өте деген адам айдауға жіберілген. Өтенің баласы Сраж — қазір ауданда беделді азаматтардың әкесі.

Атамыздың басына қорым салуға балалар қорқып, тек 1956 жылы ғана салған. Құлпытасты әкем Талғат 1996 жылы қойды.

Біз атамыздың ұрпағы бүгінде бір тайпа ел болып отырмыз. Атамыздың екінші баласы Сиқым 1976 жылы, келіні (әжем) 1988 жылы қайтыс болды. Сол кісілерден естіген әкем қазір қырықтан асты.

Баймұрат байдың кенже баласы Бердақтың әйелі — кенже келін Мәриям әжеміз талай атаға қызмет еткен. Ол кісі әлі тірі, 90 жасқа келді. Қазір Қазалы қаласында тұрады.

Атамыздың Самұрат деген ағасы болған, бірақ одан ұрпақ қалмаған. Үлкендер «сол аталарың ескерусіз қалмасын» деп айтып отырады екен. Әжем дүниеден өткен соң, өз атам Шарападин үлкен атамның құрметіне маған Самұрат деп ат қойған.

5) «Сиқырлы таяқша» әдісі

Оқушылар бүгінгі тәрбие сағатында не үйренгенін және қандай әсер алғанын ауызша бөліседі. Сынып жетекшісі қорытынды жасап, белсенді топты марапаттайды.