Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы
Мақсат пен күтілетін нәтиже
Сабақ мақсаты
- Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы нақты мағлұмат беру.
- Ақын өлеңдеріндегі Исатай бейнесін тарихи деректермен салыстырып, тұжырым жасауға үйрету.
- Махамбет шығармашылығы арқылы әдебиет теориясының негізгі ұғымдарын меңгерту.
- Оқулық пен қосымша деректерге сүйеніп, өз пікірін қорғау мен дәлелді сөйлеу дағдысын дамыту.
- Тарихи ұлттық сананы қалыптастырып, ерлікке және патриотизмге тәрбиелеу.
Оқыту нәтижесі
Оқушылар тақырыпты меңгеріп, білім қоржындарын Махамбет шығармашылығымен толықтырады; тарихи оқиғалар мен көркем мәтін арасындағы байланысты талдап, өз ойын дәлелмен жеткізеді.
Негізгі екпін: азаттық идеясы, азаматтық үн, елдік рух.
Сабақ барысы: кезең-кезеңімен
I. Ұйымдастыру және «Шақыру» кезеңі
Мұғалім оқушылармен амандасып, назарды сабаққа шоғырландырады және тиімді жұмыс істеуге жағдай жасайды.
Флеш-тренинг «Жүрек жылуы»: сыныпта жылы, мейірімді атмосфера орнату. Оқушылар дөңгеленіп тұрып, бір-біріне сәттілік тілеп, жүрекжарды жылы сөз айтады.
II. Топқа бөлу (үй тапсырмасын пысықтау арқылы)
Оқушылар өткен тақырып бойынша — Дулат Бабатайұлының «Аягөз, қайда барасың?!» өлеңінің шумақ жолдарын құрастыру арқылы 5 топқа бөлінеді.
1-топ
Тауды екіге жарасың,
Тастың қашап арасың,
Кесіп өтіп кезеңді,
Аягөз, қайда барасың?
2-топ
Тарбағатай тауынан
Тоқсан сала қосылып,
Тоғыз өзен түйісіп,
Ақтың төмен жосылып.
3-топ
Ағының тасты ағызып,
Арнаң қалды осылып.
Күркіреген үніңнен
Аңдар қашты шошынып.
4-топ
Қырға суың тарады,
Ойға суың барады.
Тоғанменен тосылып,
Аягөз, сенің бойында.
5-топ
Несібe, ырыс тегіс қой,
Сай-салаң толған жеміс қой.
Қырың — малдың кіндігі,
Ойың — өнім егіс қой.
Оқушылар өз топтарына орналасады.
III. Үй тапсырмасын тексеру: «Миға шабуыл»
Мұғалім сұрақтар қояды, оқушылар қысқа да нақты жауап беруге ұмтылады:
-
Шешендік өнер дегеніміз не?
-
Шешендік өнердің пайда болуы неге байланысты?
-
Қазақ риторикасын сөз еткенде алдымен кімді айтамыз?
-
Қазақ халқының би-шешендерін атаңдар.
-
Үш жүздің билерін атаңдар.
-
Біз қай жүзге жатамыз?
-
Қай би-шешеннің нақыл сөздерін білесіңдер?
IV. Негізгі бөлім: тарихи дерек және көркем мәтін
Мұғалім кіріспе сөз сөйлеп, тарихи деректермен таныстырады. Оқушылар Махамбет туралы бейнефильмді тамашалайды.
ХІХ ғасырда Бөкей ордасында Ресей патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі болды. Оның басшылары — Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы.
Олар халықты хан-сұлтандар мен үстем топтардың әділетсіздігіне қарсы көтерді. Көтерілістің негізгі себептері: шаруалардың шұрайлы қонысынан, жер-суынан, өрісінен айырылуы; хан-сұлтандар мен патша өкіметінің езгісіне түсіп, қыспақ көруі.
Махамбет — тек көтеріліс басшысы емес. Ол ақын, әрі күрескер: қаруымен де, жалынды сөзімен де халқына қызмет етіп, сол дәуірдің рухын өлеңімен аманат етіп қалдырды.
«Жұмыр қылыш» күйі бойынша АКТ қолданылып, сабақ барысында бейнежазба фоны беріледі.
«Жигсо» әдісі: оқушылар жаңа ақпаратты алдымен жеке меңгереді, кейін топ ішінде талқылайды. Соңында әр топ өз тұжырымын басқа топтарға түсіндіріп, сұрақтар қояды.
V. Топтық жұмыс: мәтінмен талдау және Венн диаграммасы
Мұғалім үлестірме мәтінді таратып, жұмыс жоспарын түсіндіреді. Диалогтік оқыту арқылы мәтіннен Исатай мен Махамбеттің бейнелеріндегі ұқсастықтарды табу тапсырылады.
Тапсырма
Венн диаграммасын толтыру, дәлелдерді мәтіннен келтіру.
Бағалау тәсілі
Дұрыс жауап үшін әр сұраққа 1 ұпай (фишка) беріледі.
Тексеру
Диаграмма нәтижесін тақтамен салыстырып, қорытынды жасау.
VI. Шығармашылық жұмыс: постер қорғау
«Азаттық үшін алыcқан қазақтың арыстан ұлдары» тақырыбы бойынша әр топ өз ойын постер арқылы ұсынады. Қосымша деректер мен ұялы телефонды (рұқсатпен) пайдаланып, ортақ өнім әзірлейді және қорғайды.
Негізгі талап: ойдың нақтылығы, дәлелдің дәйектілігі, сөйлеудің шешендігі.
VII. Сергіту сәті
Мұғалім «Қара жорға» әнін қосады. Оқушылар экрандағы қимылды қайталап, бірге билейді.
VIII. Рефлексия және бағалау
Топ көшбасшылары топ мүшелерінің жұмыс деңгейіне қысқаша талдау жасайды.
«Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі: стикерге екі ұнаған тұс және бір ұсыныс жазып, тақтаға жапсырады.
Нәтижелі жұмыс үшін қорытындылау: «Үш шапалақ».