Ата - аналар арасында бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру
Өту формасы: коучинг
ҰБТ — болашаққа қадам
Бұл коучинг ата-аналарға баланы қолдаудың нақты жолдарын ұсынуға, мектеппен бірлесе әрекет ету мәдениетін нығайтуға және бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Мақсаты
Ата-аналар арасында бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру; ата-аналық міндеттерді саналы түрде ұстануды қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже
- Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау бойынша жүйелі жұмысқа ықпал етеді.
- Ата-ана мен мектеп байланысын нығайтады.
- Мектепке деген көзқарасты жағымды бағытта өзгертеді.
Түйін
Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
Коучинг құрылымы
Бағдарлама тренингтер, топқа бөлу, ойтолғау, сауалнама, ақпараттық бөлім және кері байланыс кезеңдерінен тұрады.
1) Ұйымдастыру: «Шаттық шеңбері»
Дөңгеленіп тұрып, бір-бірімізбен жақынырақ танысамыз:
- Атыңыз.
- Балаңыздың аты.
- Балаңыздың бір жағымды қылығы (мінезі немесе әрекеті).
2) Топқа бөлу: «От, Күн, Ай»
Қатысушылар үш топқа бөлінеді. Әр белгі — баланың оқу дағдысы мен белсенділігіне қатысты бейнелі сипаттама.
От
Қай кезде де, қандай жағдайда да «жанып» жүретін, білімін насихаттайтын, алда болатын белсенді оқушылар.
Күн
Айналасына жылу сыйлап, жарқырап, белсенді жұмыс істейтін, бірақ әлі де нақты нәтижеге толық жете қоймаған оқушылар.
Ай
Ойшыл, арманшыл, болашаққа үміті зор, бірақ белсенді іске бірден кірісе алмайтын, ұпайы төмендеу оқушылар.
3) «Саты» тренингі
Балаңыздың арманы қандай? Сол мақсатқа жету үшін қазір қандай қадамдар жасалып жатыр? Осы жылы ең басты міндет қандай?
Ойды нақтылау үшін сөйлемді аяқтаңыз:
«ҰБТ — болашаққа басты қадам. Менің (біздің) ең маңызды міндетім — …»
4) Ойтолғау
Қысқа жазба: балаңыздың әлеуеті, оның мотивациясы және ата-ана қолдауының ең тиімді түрі туралы ойыңызды қағазға түсіріңіз.
Ата-аналарға арналған сауалнама
Бұл сұрақтар балаңыздың оқу бағытын, мінез-құлық ерекшелігін және қолдау қажеттілігін нақтылауға көмектеседі.
- 1. Балаңыздың ең қызықты оқу пәні:
- 2. Балаңыз үшін ең қиын оқу пәні:
- 3. Қандай мамандыққа балаңыз икемсіз?
- 4. Мінез-құлық ерекшеліктерін атаңыз:
- 5. Балаңыз не нәрсеге әуес?
- 6. Балаңыздың оқу деңгейі қандай?
- 7. Балаңыздың бойынан мына қасиеттерді көре аласыз ба (адал, ұстамды, сабырлы, тәртіпті т.б.)?
- 8. Үлкендерге балаңыздың көзқарасы қандай?
- 9. Балаңызды қалай бағалайсыз немесе қандай баға бересіз?
- 10. Балаңыз мұғалім берген тапсырманы міндетті түрде орындай ма?
Ақпараттық бөлім: ҰБТ не үшін маңызды?
ҰБТ-ның рөлі
ҰБТ — білім беру ұйымдарын объективті бағалау, олардың нақты рейтингін көрсету, оқушылар мен мұғалімдердің жоғары нәтижеге ұмтылысын ынталандыру құралы.
ҰБТ-ның мақсаты
Бітірушілердің жоғары білімге тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беру және білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін қалыптастыру.
Ата-аналарға кеңес: баланы ҰБТ-ға психологиялық дайындау
- 1) Алдын ала тестілеу кезіндегі ұпайларға немқұрайды қарамай, дұрыс ақыл-кеңес беріңіз.
- 2) Дайындалатын белгілі бір уақыт пен орынды тұрақтандырып беріңіз.
- 3) Көңіл күйіне және денсаулығына үнемі назар аударыңыз.
- 4) Балаңыздың жетістікке жететініне сенім артып, қолдау сөзін жиі айтыңыз.
- 5) Дұрыс тамақтануына мән беріңіз: дәрумендер, жеміс-жидек, су ішу тәртібі.
- 6) Шамадан тыс ауыртпалық жүктемеңіз, демалысын қадағалаңыз.
- 7) Ешқашан сынап-мінемеңіз: сабырмен түсіндіріп, тұрақтылыққа баулыңыз.
Назарда ұстаңыз
- Таңдау пәндері
- ҰБТ форматы
- Мамандық пен бағдар
«Автор орындығы»
Қатысушылар қысқаша пікір бөліседі: балаға қандай қолдау маңызды, отбасы қандай нақты қадам жасай алады, мектеппен байланыс қалай күшейеді.
«Тазарту» тренингі (релаксация)
Бұл жаттығу күйзелісті азайтып, ойды жинақтауға көмектеседі. Қиын жағдайларда қайталап отыруға болады.
- 1) Терең дем алып, барынша баяу шығарыңыз.
- 2) Денеңізді босаңсытыңыз.
-
3) Іштей мына сөздерді айтыңыз:
«Мен өмір сүруіме кедергі келтіретін барлық өкпе-реніштен тазарғым келеді.»
«Мен барлық қысымнан осылайша босаймын.»
«Мен жанға жайлылық пен тыныштық сезінемін.»
«Мен өз қалпымдамын. Өз өмірімнің ағысымен жүремін.»
«Мен өкпені ұмыттым, кешірдім.»
Кері байланыс: «Екі жұлдыз, бір тілек»
Бүгінгі коучинг туралы пікіріңізді және ұсынысыңызды жазыңыз. Сонымен қатар балаңызға арналған жылы лебізіңізді де қалдырыңыз.
Мектеп «қоржынына»
- Екі жұлдыз: ұнаған екі тұс.
- Бір тілек: жақсартуға ұсыныс.
Сынып «қоржынына»
Балаңызға арнаған ой-толғау, тілек, қолдау сөзі.
Қорытынды
Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиедегі мақсат — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару», — деген.
Ендеше, балаларымыздың болашағына нық қадам жасайтын ҰБТ-ны сапалы тапсыру үшін ата-ана мен мектеп бірлесе әрекет етіп, ынтымақтастықта нәтижелі жұмыс жасауға шақырамын.
Назарларыңызға рахмет!