Қожаның анасы
6-сыныпқа арналған сабақ жоспары
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінен үзіндіге негізделген (презентациямен) сабақ: «Түбінде адам болатын бала».
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Электронды оқулық
- Кеспе қағаздар
Сабақ форматы
Түрі: аралас сабақ
Әдістері: сұрақ-жауап, пікірталас, топтық тапсырмалар
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Повесть бойынша оқушылардың білімін тиянақтау, Қожа бейнесіне талдау жасап, ойды жүйелі жеткізуге үйрету.
2) Дамытушылық
- Ойын ашық айтуға, көркем әрі еркін сөйлеуге дағдыландыру
- Ой-өріс пен дүниетанымды кеңейту, сабаққа қызығушылықты арттыру
3) Тәрбиелік
- Сыпайылыққа, ұстамдылыққа тәрбиелеу; дауыс көтермей сөйлесу мәдениетін қалыптастыру
- Жақсы мен жаманды ажырата білуге дағдыландырып, жағымды қасиеттерді үлгі ету
Сабақтың барысы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды түгелдеу, назарын сабаққа аудару.
-
II. Үй тапсырмасын сұрау
- «Мынау кім?»
- «Қай сәт бейнеленген?»
-
III. Жаңа сабақ: «Түбінде адам болатын бала»
- Қожа мен Жантас бейнесі
- «Білген сайын келеді біле бергім»
-
IV. Сабақты бекіту
«Не үйрендім, не білдім?»
-
V. Сабақты қорытындылау
«Бақытты балалық шақ» тақырыбымен ой түю.
-
VI. Бағалау
Оқушылардың жауаптары мен белсенділігіне сай бағалау.
-
VII. Үйге тапсырма
Тапсырмалар төменде беріледі.
Үй тапсырмасын сұрау: «Мынау кім?»
Оқушыларға кейіпкерлердің портреттері көрсетіліп, берілген мінездемелер бойынша кім екенін табады.
«Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу; сабақ үстінде сыбырлап, сыпсыңдағыш.»
Жауабы: Жантас
«Мен оқулық емес, қант аламын. Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз.»
Жауабы: Қожа
«Біз екеуміз таныс шығармыз деймін.»
Жауабы: Майқанова апай
«Мүмкін, орныңа барып айтатын шығарсың?»
Жауабы: Анфиса Михайловна
«Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, теңгесі емес, бақандай бір қарасы жүр.»
Жауабы: Сәйбек қарт
«Сен оқуды тастасаң, “маған ілесіп тастады” деп екеуімізді бірдей қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін, кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер.»
Жауабы: Сұлтан
«Қай сәт бейнеленген?»
«Төбемнен шатыр етіп, жай түскендей болды. Не істерімді білмеген меңіреу халде орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп, суық терім шығып кетті. Ох, шіркін-ай!»
«Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін.»
«Маңдайдан буым бұрқырап, есік алдына шықтым. Сәйбек ата көрінбейді. Омырауымды ағытып, желпініп, ойланып тұрмын: “Не деп шешер екен? Мектептен шынымен-ақ шығара ма?”»
Жаңа сабақ: Қожа мен Жантас бейнесін талдау
Талқылауға арналған сұрақтар
- 1 Лагерьге жолдама бермегені үшін Майқанова апайды ренжіткен Қожаның ісіне қалай қарайсың?
- 2 Оқулық алу үшін мұғалімді алдауы дұрыс па? Неге?
- 3 «Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қойып, тәжім еттім...» Осы әрекет Қожаның қандай қырын байқатады?
- 4 «Қысқы кешті» жаттамаған Жантас не істеді? Оны қалай бағалайсың?
- 5 «Қысқы кешті» жаттамаған Қожа қандай күйде болды?
- 6 «Біз лагерьге баратын болдық. Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың». Осы сөздер Жантастың қандай сипатын көрсетеді?
- 7 «— Бұл кім? — Мен ғой, ата. Мен Қожамын... — Сені мұғалім етеміз дей ме? — Директор етеміз дейді». Бұл диалог Қожаның қандай мінезін ашады?
- 8 «— Мама! Сен жылап жатырмысың? ... Ең соңғы рет кешірші! Ант етемін!» Бұл сәт Қожаның қандай қасиетін танытады?
- 9 Қожаның «құпия кеңес» құрып, түзу жолға түсемін деп серт беруі нені білдіреді?
Ой тастау
Қалай ойлайсыңдар, Қожаның әдепті жолға түсуіне не себеп болды: анасын аяуы ма, Сәйбек қарт пен Оспановтардың айтқан естеліктері ме, әлде Майқанованың педкеңестен шыға берісте айтқан сөзі ме?
Венн диаграммасы (идея)
Қожа — жақсы қырлары
Мейірім, ар-ұят, өзін түзетуге ұмтылыс, шындыққа жақындау.
Қожа — әлсіз тұстары
Асығыстық, тентектік, бір сәттік эмоцияға берілу, қателікке жиі ұрыну.
«Құпия кеңестің» қаулысы (Қадыров)
Қожаның жеке бас тәртібіне байланысты мәселені талқылай келе, «құпия кеңес» мынадай қаулы қабылдайды:
-
Бірінші.
Тәртіпсіздік адамды жексұрын көрсетеді және келешек үшін зиян. Сондықтан қалай болғанда да тәртіпті болуым керек.
- Ешкімге тиіспей, өз жайыма жүремін; досым болсын, қасым болсын, бейбіт қатар өмір сүруге тырысамын.
- Егер біреу тиіссе, «Аулақ жүр. Жақсылық көрмейсің» тәрізді ескерту жасаймын. Тыңдамаса, қажет деп тапсам, қорғану үшін қарсы әрекет етуге құқылымын деп санаймын.
- Тұрпайы сөз айтпаймын; үлкенді «аға», кішіні «іні» деп сыйлаймын.
-
Екінші.
Әрбір тәртіпсіздігім үшін өзімді дер кезінде жазалап отыруым керек. Жаза түрлері:
- Өзім тиісіп шатассам — сол күні бір мезгіл ас ішпеймін.
- Біреуді жазықсыз тілдесем — демалыста үйден шықпаймын (өзімді «үйге қамаймын»).
- Сабақта тыныш отырмай ескерту алсам — үзілісте тысқа шықпай, орнымда отырамын.
- Үй маңына келген мал-жанды таспен ұрып қумауға міндеттенемін. Егер қайталанса — екі рет жүгіріп барып келем.
-
Үшінші.
Сұлтанмен достық қарым-қатынасым бұдан былай үзіледі. Бүгіннен бастап біздің сертіміздің күші жойылады.
-
Төртінші.
Сабақты жақсы оқу — үлгілі оқушының бірінші белгісі. Осы тоқсан ішінде қалай болғанда да озат оқушылардың қатарына қосылуым керек.
- Сабақтан бір сағат та себепсіз қалмаймын.
- Үй тапсырмасын уақытында орындаймын.
-
Бесінші.
Міндеттемелердің орындалуын бақылау үшін күн сайын ұйықтар алдында өз-өзіме есеп беріп, жақсы-жаман қылықтарымды дәптерге жазып отырамын.
Осы айтылғандарды жүзеге асыру — мен үшін үлкен сын.
Сергіту сәті (жылдам сұрақтар)
- «Менің атым Қожа» авторы
- Соқпақбаев
- Зоология пәнінің мұғалімі
- Оспанов
- Сынып жетекшісі
- Майқанова
- Қожа жаттамай келетін өлең
- «Қысқы кеш»
- Қожаның досы
- Сұлтан
- Қожаның анасы
- Миллат
- Жанардың бағасының орысша атауы
- «Пять»
Әдебиетке қысқа анықтама: «Повесть» деген не?
Көлемі жағынан әңгімеден ұзақтау, оқиғалары жинақы, негізінен бір арнада өрістейтін, кейіпкерлері көп емес шығармалар болады. Оқиғалы көркем шығарма қара сөзбен баяндалса, оны повесть дейміз.
Экрандағы Қожа: кейіпкерлер мен орындаушылар
Қожа рөлінде
Нұрлан Санжар — «Қазақфильм» ұлттық компаниясының телевизиялық фильмдер бірлестігінің редакторы, кинодраматург.
Сұлтан рөлінде
М. Көкенов — әскери журналист.
Жанар рөлінде
Гүлнар Құрабаева — энергетика инженері.
Түйін ой: Бердібек Соқпақбаев әлемі
Бердібек Соқпақбаевтың бейнесі ұмытылмайды: оның шығармасын оқыған әр адам балалық шағына «саяхат жасап», өткенін еске алып, бір күліп қалады. Нарынқол топырағынан түлеп ұшқан, Хан Тәңірі баурайында қанат қаққан Мұқағали мен Бердібек — талант тәрбиелейтін тұтас бір мектепке айналғаны ақиқат.
Шабыт сөз
Лаула, лаула жігер оты!
Самға, самға қиял құс!
Асығатыным да, аңсайтыным да — ертеңгі болашағым.
Сабақты қорытындылау: фильм жетістігі
Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен дүниежүзілік фестивальде қазақ киносы тарихындағы тұңғыш халықаралық жүлдеге ие болды.
2000 жылы ЮНЕСКО әлемдік киноның жүз жылдығына орай фильмнің бір эпизодын таңдап, соның негізінде пошта маркасын шығарды. Бұл — қазақ киносының орасан зор жеңісі.
Үй тапсырмасы
1) Шығарма жазу
Біз Қожамен қоштаспаймыз: Қожаның басынан өткен оқиғалар сендердің өмірлеріңде де кездесті ме? «Балалық шақ» тақырыбында шығарма жаз.
2) Ізденіс тапсырмасы
Ашылмай қалған бір бейне бар. Ол кім? Тауып, талдап кел.