Бүгінгі тәрбие мүлдем керісінше
Иманды ұрпақ тәрбиелеп жүрміз бе?
Жалғыздық — Аллаһқа ғана жарасқан. Ал адамзат баласы үшін перзент өсіріп, оны тәрбиелеуден асқан бақыт бар деу қиын. Өйткені әрбір өнегелі отбасының асыл арманы мен мақсаты — ұрпақ жалғастырып, жақсы тәрбие беру.
Перзент — Аллаһ тарапынан әке-шешеге берілген аманат әрі сый. Сол аманатты қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, сәбиді азамат етіп тәрбиелеп, ел қатарына қосу — әр ата-ананың мойнындағы міндет. Сондықтан аманатқа қиянат жасамау — дініміздің басты әмірлерінің бірі.
Жауапкершілік өлшемі
Баласына жақсы тәлім-тәрбие берген ата-ана Аллаһтың разылығына бөленсе, керісінше, тәрбиені назардан тыс қалдырып, немқұрайды қараған ата-ана жауапкершілікке тартылады.
Бір сәтке өзге жаратылыстарға да ғибрат көзімен қарайық: кез келген жануар өз төлін апаттан қорғаштап, мейірімін аямайды. Бұл да — Аллаһтың жан-жануарға берген шапағаты.
Құранда: «Расында, адамзатты көркем бейнеде жараттық», — деп адам жаратылысының сұлулығы айқындалады. Сонымен қатар адам баласына Аллаһ ақыл, тіл және жақсы мен жаманды ажыратып, әрекет ету үшін қалау еркіндігін берген. Демек, осы нығметтер арқылы адам өзі және отбасы үшін ақыретте жауап береді.
Құранда: «Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді оттан қорғаңдар», — деп арнайы бұйрық бар.
Бала тәрбиесі — қоғамның басты мәселесі. Ал қоғам отбасы мүшелерінен құралады. Ендеше, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеу алдымен ата-анаға, кейін тұтас қоғамға кесірін тигізеді.
Бүгінгі салғырттық қайдан шығады?
Көркем етіп жаратылған балдай тәтті сәбиге көркем мінез-құлық дарытып, әдепті етіп тәрбиелеу — ата-ананың еншісіндегі іс. Алайда бүгінгі таңда кей ата-ана бала тәрбиесіне салғырт қарап, перзент алдындағы міндетін толық орындай алмай жүр.
Қоғам болған соң түрлі ата-ана, түрлі тәрбие деңгейі болары анық. Бірақ тәрбие өзегі бір жерден шықпаған соң, қайшылықтар да кездеседі. Бірі баласына ішіп-жемін жеткізумен ғана шектелсе, енді бірі тәрбиенің негізгі тізгінін «көшеге» ұстатқандай әсер қалдырады.
Ең қауіпті үрдістер
- Тәрбиені тек материалдық қамқорлықпен шектеу.
- Өсиет пен өнеге керек кезде баланы бақылаусыз гаджетке тәуелді ету.
- Компьютерлік ойындарға қадағалаусыз жіберіп, қатыгездік пен мейірімсіздікке жол ашу.
Мұндай немқұрайдылықтың салдарынан өз ата-анасын сыйламай, қарсы сөз айтып өскен жастарды көргенде, кімді кінәлаймыз? Тәрбиенің тамыры — отбасында.
Имандылық — тәрбиенің өзегі
Аллаһ Тағала және Оның елшісі Мұхаммед (с.а.у.) бақытты ғұмыр кешудің жолын көрсетіп бергені анық. Бүгінгі «батыстың лас мәдениетіне» еліктеп, имандылықты ескіліктің жолы деп түсінетін тар ұғым рухани жұтаңдыққа алып барады.
Пайғамбар өсиеті
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бала тәрбиесі жайында: «Балаларыңыз тілі шығып сөйлей бастағанда, ең алғаш үйретер сөздеріңіз — “Лә иләһә иллаллаһ” болсын», — деп тәрбиені неден бастау керектігін көрсеткен.
«Лә иләһә иллаллаһ» — имандылық қағидаларының қайнар бұлағы. Ал кей жағдайда, керісінше, баланың тіліне жаман сөзді үйретіп, кейін оны қойдыра алмай жататынымыз да жасырын емес.
Бала жүрегі ақ парақ секілді тап-таза: не берсең, талғамастан қабылдайды әрі соны жадында сақтайды. Бір сөзбен айтқанда, не үйретсең — соны қағып алады. Кішкентайынан әдепке дағдыланған бала тәрбиелі, өнегелі болып өседі.
Жақсы тәрбие үшін ата-анаға сауап жазылады. Ал тәрбиесіздікке жол берілсе, дұрыс бағыт бермегені үшін жауапкершілік жүктеледі.
Сондықтан балаға алдымен имандылықты, әдептілікті, жақсы істерді үйретіп, жаман қылықтың бәрінен сақтандыра білуіміз керек. Өйткені Ислам бала тәрбиесін ата-анаға парыз еткен. Сонымен бірге, бала тәрбиесіне қоғам да ортақ жауапты.
Ата-ананың басты міндеттері
Ата-ананың бала алдындағы басты міндеттерінің бірі — жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру. Бұл жайында Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Әкенің бала алдындағы міндеті — жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру», — деген.
Жақсы ат қойғаннан кейін сәбиге ислами тәрбие беру — аса маңызды міндет. Ата-ана имандылық тәрбиесі арқылы өзін де, бала-шағасын да екі дүниенің қиыншылығынан сақтап, бақытқа жетелейді.
Ең үлкен кемшілік
Өкінішке қарай, кей ата-ана баласына кішкентайынан Жаратушысы бар екенін түсіндіріп, Аллаһтың атын танытуды назардан тыс қалдырады. Аллаһ деген ұғым санасына сіңбей өскен сәби иманы әлсіз болып, бұзақылыққа біртабан жақын тұруы мүмкін.
Мұның салдарынан бала ер жеткенде имандылыққа бет бұрмай кетуі ықтимал. Дінсіз тәрбие көрген ұл-қыз ақыретте ата-анасынан: «Дінімді, Жаратушымды, пайғамбарымды, халал мен харамды неге үйретпедің?» — деп сұрағанда, ата-ана не деп жауап береді?
Олай болса, ата-аналар қауымы бауыр еті баласының тәрбиесіне немқұрайды қарамай, дінді үйретіп, имандылыққа тәрбиелеуді басты назарда ұстағаны абзал.
Оқуға жеңіл болу үшін мәтін өңделіп, орфографиясы мен тыныс белгілері түзетілді.