Тəтті тосап
Оқу қызметі туралы қысқаша мәлімет
Білім беру саласы: Коммуникация. Әлеуметтік бөлім: Драма. Тақырыбы: «Күнді іздеген достар» (сахналау).
Мақсаты
- Ертегі туралы түсініктерін бекіте отырып, сахналау арқылы мазмұнын меңгерту.
- Кейіпкерлердің атрибуттары арқылы іс-әрекетін, эмоциялық көңіл күйін әсерлі жеткізуге үйрету.
- Рөлдерді дұрыс орындауын қадағалау, кейіпкерлердің сөз мәнерін және қимыл-қозғалысын келтіріп ойнауға баулу.
- Сөздерді анық, дұрыс айтуға және байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру.
- Достыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Алдын ала жұмыс
Дайындық
- «Күнді іздеген достар» ертегісін оқу.
- Ойын-жаттығуларды іріктеу.
- Көрнекіліктерді дайындау.
- Сахна алаңын безендіру.
Қолданылатын құралдар
- Ерден атай, Айару (ойыншықтар).
- Айналар, сюжетті суреттер.
- Театр атрибуттары, бетперделер.
- Әліппе-дәптер.
Сөздік және билингвальді жұмыс
Сөздік жұмыс
Билингвальді компонент
- әтеш
- петух
- балапан
- цыпленок
- мысық
- кошка
Сабақ барысы
1) Мотивациялық-қозғаушылық кезең: «Шаттық шеңбері»
Балалар шеңберге тұрып, жылы жүзбен бір-біріне қарап, өлең жолдарын айтады:
Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген.
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз,
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.
Педагог: «Балалар, бізге Ерден атадан хат келді. Келіңдер, бірге оқиық».
Балалар жиналып, хат мазмұнымен танысады.
2) Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең
Айару хат жолдап, көмек сұрайды: ертегі әлеміндегі жан-жануарлар мен құстар сөйлемей, күлмей, тіпті жүре алмай қалыпты. Барлығы сиқырланып қалған. «Не істесек болады?»
Балалар жануарлар мен құстарға жанашырлық білдіріп, көмектесуге келіседі. Ол үшін тапсырмаларды орындап, сиқырды бұзуға тырысады.
1-тапсырма: Артикуляциялық жаттығулар
«Тәтті тосап»
Біз тәтті тосапты жақсы көреміз. Тосап ернімізге жұғып қалыпты.
Тілді ерінге қойып, тосапты жалап алғандай, айналдыра қимылдатады.
«Сағат»
Көңілді тіл күнде ертемен далаға шығып, жан-жағына амандасады.
Тілді сыртқа шығарып, ырғақпен оңға-солға, солға-оңға қозғайды.
«Түтікше»
Ерінді дөңгелетіп, алға қарай түтікше тәрізді ұстап тұру.
Жаттығуды айнаға қарап 3–4 рет қайталайды.
Педагог: сиқырлы таяқшаның көмегімен әр баланы ертегі кейіпкеріне айналдыратынын айтады. Кез келген баланың басына таяқшаны қойып, жануарды немесе құсты атайды.
Балалар қай ертегіде кездесетін кейіпкер екенін тауып, сол образға еніп, қимыл арқылы көрсетеді. Педагог кейіпкер туралы қысқа үзінді айтуды сұрайды.
Сергіту сәті
«Шөжелерім» әуенімен ырғақты қимылдар жасайды.
2-тапсырма: Өлеңді әртүрлі эмоциялық екпінде айту
Балалар өлеңді ұрысу, қуану, жылау сияқты әртүрлі көңіл күймен қайталайды:
Тауық тары жинапты,
Оны ешкімге қимапты,
Бөтекесін толтырып,
Қамбасына құймапты.
Қыста тауық қақылдап,
Тары іздеп жүр тақылдап.
Педагог: «Жарайсыңдар, балалар! Сендер аңдарды сиқырдан құтқардыңдар».
Ертегіні еске түсіру: сұрақ-жауап
Педагог «Күнді іздеген достар» ертегісін суреттерді кезекпен көрсете отырып баяндайды да, балаларға сұрақ қояды:
- Ертегіде не туралы айтылды?
- Қандай кейіпкерлер кездесті?
- Балапан неден қорықты?
- Оған кім көмектесті?
Ертегі біздің қиялымызға қанат бітіреді. Ол жамандықтан аулақ жүруге, жақсылық жасауға, адалдыққа үйретеді.
Балалардың жауаптары (үлгі)
- Ертегі кішкентай балапан туралы.
- Кейіпкерлер: әтеш, балапан, мысық, түлкі, қоян.
- Аспанды бұлт торлап, күннің көзі жоғалып, айналаны қараңғылық басқанда, балапан қатты қорықты.
Сөздік жұмыс: «бұлт торлап», «күрт салқындап» сөз тіркестерінің мағынасын нақтылап, сөйлем ішінде қолданады.
3-тапсырма: Сурет арқылы кезеңдерді анықтау және көңіл күйді бейнелеу
- Суретте ертегінің қай кезеңдері бейнеленгенін анықтау.
- Балапан мен оның достарының көңіл күйін сипаттау.
- Ым-ишара арқылы көңіл күйді көрсету: қорқу, жылау, қуану.
- Көңіл күйді сурет салып көрсету.
Театрланған ойын: сахналау
Педагог ертегіні театрланған ойын арқылы сахналауды ұсынады және қоржынынан театр бетперделерін шығарады. Балалар текшедегі кейіпкерлердің суреттеріне қарап, рөлдерге бөлінеді.
Әр бала өз рөліндегі сөздерді мәнерлеп айтып, қимыл-қозғалысын кейіпкер бейнесіне сәйкес келтіреді.
3) Рефлексиялық-түзетушілік кезең
Педагог: қорытынды жасап, балаларды марапаттайды.
- «Балалар, бүгінгі театрландырылған ойын сендерге ұнады ма?»
- «Қай кейіпкердің рөлін ойнаған ұнады?»
Ерден ата балаларға оқу қызметіндегі жұмысты бағалауды ұсынады: ұнады — жасыл қоржынды, ұнамады — қызыл қоржынды таңдайды.
Күтілетін нәтижелер
Жасайды
Музыка ырғағына сәйкес қимыл-қозғалыс жасайды.
Түсінеді
Сахнада ойын серіктесінің ойымен үйлесуді түсінеді.
Қолданады
Кейіпкерлердің сөз мәнерін, түрлі дауыс күшін, интонацияны қолданады.