Оқушыларға қазақ халқының сәндік қолданбалы өнері жайлы мағлұмат беру
Бейнелеу өнері пәні • Ашық сабақ жоспары
Сәндік-қолданбалы өнер: ою-өрнектерді түрлі-түсті қағаздан қиып, жапсыру
Бұл сабақта қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері мен ою-өрнек мәдениетінің мазмұны, түрлері және түстердің мән-мағынасы қарастырылады. Тәжірибелік бөлімде оқушылар қағаздан ою қиып, композиция құрастырып, жапсыру арқылы өз жұмыстарының үйлесімін бағамдайды.
Сабақтың түрі
Пәнаралық байланыс: қолөнер, әдебиет.
Әдісі
Түсіндіру, жасап көрсету.
Көрнекілігі
Сәндік-қолданбалы өнер туындылары, суреттер, плакат, интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері туралы мәлімет беру, ою-өрнектің ерекшелігі мен мазмұнын түсіндіру.
Дамытушылық
Ою-өрнекке қызығушылықты арттыру, шығармашылық қабілетті дамыту.
Тәрбиелік
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, бағалап-қастерлей білуге тәрбиелеу.
Жаңа тақырып: сәндік-қолданбалы өнер және ою-өрнек
Сәндік-қолданбалы өнер — ою-өрнек, темір өңдеу, ағаш өңдеу, тұрмыстық және өндірістік бұйымдарды көркемдеп безендіру сияқты бағыттарды қамтитын кең ұғым. Қазақ қолөнерінің сан қырлы түрлері, соның ішінде құбылмалы ою-өрнек өнері, ши тоқу, алаша (қазіргі гобелен), сырмақ сыру және өзге де түрлер ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналып, басқа елдерге де танымал болды.
Қарт шеберлер қазақ ою-өрнегін шартты түрде екіге бөледі: ұлттық, ежелден келе жатқан оюлар және басқа халықтардан енген интернационалдық ою-өрнектер. Ұлттық ою-өрнектің айрықша белгісі — қандай ұғым бейнеленсе де, негіз ретінде «мүйіз» өрнегі жиі ұштасып отырады.
Негізгі ұғымдар
- Өнер
- Өмір құбылыстарын, қоғамдық болмысты, адамның іс-әрекеті мен көңіл күйін образды көркем тіл арқылы бейнелейтін пішін мен мән бірлігі.
- Өрнек
- Бір нәрсенің бетіне түсірілген әр түрлі үлгідегі әуезді нақыш-бедер (узор).
- Ою-өрнек
- Халық мәдениеті мен дәуір қолтаңбасын танытатын көркем мәнер; ежелден келе жатқан озық үлгілердің бірі.
Ою-өрнектің тарихы терең. Орхон–Енисей жазулары таңбаларының арасынан құс бейнесіне, жан-жануарлардың ізіне ұқсас өрнек үлгілерін кездестіруге болады.
Қазақ ою-өрнектерінің негізгі топтары
Қазақ ою-өрнектері мазмұны мен бейнелеу нысанына қарай төмендегі сегіз топқа жіктеледі:
-
1) Аң-құсқа қатысты
Аңдардың дене бітімі мен қимылын меңзейтін өрнектер.
-
2) Құстарға байланысты
Құс бейнесі мен оның белгілерін ишаралайтын өрнектер.
-
3) Жер-суға байланысты
Өзен, көл, жер бедері тәрізді ұғымдарға жақын нақыштар.
-
4) Аспан әлеміне байланысты
Күн, ай, жұлдыз және аспан кеңістігіне қатысты өрнектер.
-
5) Жәндіктерге байланысты
Түрлі жәндіктердің пішіні мен ырғағын танытатын элементтер.
-
6) Адам қаңқасына байланысты
Адам дене құрылымын меңзейтін стильденген өрнектер.
-
7) Қару-жараққа байланысты
Құрал-сайман, қару пішініне ұқсас сәндік белгілер.
-
8) Геометриялық
Сызық, ромб, дөңгелек секілді геометриялық құрылымдар.
Түстердің мағынасы
Ою-өрнек салумен қатар бояу түстерін қолданудың да өзіндік мәні бар. Түстердің символдық мағыналары төмендегідей:
Ақ
Әділет, шындық, тазалық.
Қара
Жер, береке.
Жасыл
Көктем, жастық.
Қызыл
Күн, от.
Сары
Даналық, білім.
Көк
Су, ашық аспан.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Сынып оқушыларын түгендеу.
- Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру.
II. Өткен сабақты тексеру
- Үй тапсырмасын тексеру.
- Өткен тақырып бойынша ауызша сұрақтар қою, анықтамаларды сұрау.
- Оқушылар жұмыстары бойынша шағын көрме ұйымдастыру.
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Сәндік-қолданбалы өнердің бағыттары, ою-өрнектің шығу тарихы, түрлері және түстердің символикасы түсіндіріледі. Оқушылар ұғымдарды бекітіп, мысалдар арқылы талдайды.
IV. Сергіту сәті
«Оюхан мен Жоюхан» көрінісінен үзінді көрсету. Оюханның Жоюханға жолдаған хаты бойынша қысқа сахналық бөлім.
V. Сарамандық бөлім
Қарапайым қағаз бетіне ою-өрнек элементтерін қиып, композиция құрастырып жапсыру жұмысы орындалады:
- Оқушыларға шаблондар таратылады.
- Өрнек пен бұйымның түстік фоны бір-бірімен үйлесімді болуы ескеріледі.
- Өрнек элементтері өзара тепе-теңдік пен композициялық үйлесім сақтай отырып орналастырылады.
VI. Қорытынды бөлім
- Жаңа тақырып бойынша сұрақ-жауап жүргізу.
- Аяқталған жұмыстарды қарап шығу, тексеру.
- Оқушыларды бағалау.
VII. Үй тапсырмасы
- Ою-өрнектерден тұскиіздің бір түрін құрастырып, жапсыру.
- «Сәндік-қолданбалы өнер» тақырыбына реферат жазу.