Бала тәрбиесі күрделі құбылыс

Тақырыбы

Әке, Ана — үш-ақ әріп тіршілік, Үш әріптен үлбірейді гүл шығып.

Мақсаты

Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру; тәрбиенің ең тамаша ордасы — отбасы екенін терең ұғындыру; бала тәрбиесіндегі ата-ананың орнын айқындау; оқушының оқу мен тәрбиеге жауапкершілігін күшейту; мектеп пен ата-ана байланысын нығайту.

Түрі

Дөңгелек үстел

Өту барысы

Музыка жай ойналып тұрады. Қатысушылар диалог, ойын, жағдаяттық тапсырмалар арқылы тәжірибе алмасады.

Кіріспе

Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар! Бала тәрбиесі — күрделі құбылыс. Баланы жан-жақты жетілген, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу — қоғамымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі.

Отбасы — баланың бесігін тербеткен ұясы. Халқымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Ата-анаға баладан жақын жан жоқ, сондықтан әрбір ата-ана баласының әдепті, білімді болып өсуін қалайды.

Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы — адам. Бала — әр ата-ананың болашағы, өмірінің жалғасы. Ал бала тәрбиесінің мемлекеттік маңызы бар екені жайлы ойды көне ойшылдар да бекер айтпаған: «Бала тәрбиесі — мемлекеттің маңызды міндеті».

«Жапырақ тамырдан нәр алады» демекші, бүгінгі дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Мақсатымыз — балаңызбен қарым-қатынасты бұрынғыдан да жақсартып, тәрбиеге уақыт пен көңіл бөлудің маңызын нақты әрекет арқылы көрсету.

Негізгі ой

  • Ұстаз — бағыт беруші, ата-ана — жалғастырушы әрі демеуші.
  • Балаға ең керегі — тұрақты қолдау, сенім және сабырлы диалог.
  • Салыстыру емес, ерекшелігін түсіну және дамыту маңызды.

Еске салу

Бала қателессе, қатты жазғырудан бұрын оның талпынысын байқап, қолдау білдіріңіз. Асығыс қорытынды — баланың өзіне деген сенімін әлсіретеді.

«Жанұя» ойыны: ата-ана баласын қаншалықты біледі?

Ойын мақсаты — ата-ананың баласын қаншалықты танитынын байқау. Доп арқылы кезекпен сұрақ қойылып, ата-ана жауап береді.

1

Балаңыздың туған күні қашан?

2

Сынып жетекшісінің толық аты-жөні қандай?

3

Балаңыз спорттың қай түрін жақсы көреді?

4

Балаңыз аяқ киімнің қандай өлшемін киеді?

5

Балаңыздың парталас көршісі кім?

6

Бүгін сабақтан қандай баға алды?

7

Балаңыздың сүйікті түсі қандай?

8

Балаңыз мектеп табалдырығын қай жылы аттады?

9

Балаңыздың сүйікті асы қандай?

10

Балаңыз сізді ренжіткенде, ең алдымен, аузыңызға қандай сөз түседі?

«Баланы жастан бақпасаң, жамандықтан қақпасаң…» дегендей, баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ. Бүгінгі ұл — ертеңгі әке; бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Олар бізге қарап өседі, бойын түзейді.

Балаға қолдау: салыстыру емес, сенім

Бала әрдайым ата-ананың аялы алақанын қажет етеді. Қиындық туған сәтте ол қолдау іздейді, өзіне сенім артылғанын сезінгісі келеді.

Қандай жағдай болмасын, баланың өзіне деген сенімін оятып, жанынан табылу маңызды. Қателік жасаған кезде шыдамдылық танытып, оны өзге балалармен салыстырудан аулақ болыңыз. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар — оны танып, құрметтеу керек.

Нені ескерген дұрыс?

  • Сәтсіздік — қабілетсіздік емес, үйрену жолындағы кезең.
  • Талпыныстың өзін қолдау — ішкі мотивацияны күшейтеді.
  • Бала ата-ананың бағасын да, үмітін де өте нәзік сезінеді.

Жағдаяттық тапсырмалар

1-топ

11 жастағы ұлыңыз мектептен келе сала ашумен: «Құрысын мектеп! Бармаймын!» дейді.

Баланың сезімі

Өкпе, күйзеліс, түсінілгісі келу, қорғаныс.

Ата-ананың әрекеті

Сабырға келіп, алдымен тыңдау; нақты не болғанын сұрау; эмоциясын мойындау; бірге шешім іздеу.

2-топ

5-сыныптағы қызыңыз: «Математикадан болатын бақылау жұмысынан қорқамын» дейді.

Баланың сезімі

Сенімсіздік, қобалжу, қолдауға мұқтаждық.

Ата-ананың әрекеті

«Бірге дайындалайық» деу; уақыт жоспарлау; қысқа жаттығулармен сенім қалыптастыру; нәтижеден бұрын еңбегін мадақтау.

Неден сақ болу керек?

«Сен мүлде дайындалмайсың, сондықтан өз еңбегіңді аласың!» немесе «Бүгін шаршап тұрмын» сияқты жауаптар баланың жүрегіне немқұрайлық болып тиеді. Бала сіздің тыңдауға дайын екеніңізді, оның ісіне бейжай қарамайтыныңызды сезінетіндей болсын.

Мектеппен байланыс — ортақ жауапкершілік

Кейде ата-ана баланың сәтсіздігіне қарап, «ештеңеге икемі жоқ» деп асығыс түйін жасайды. Соның салдарынан бала өзіне сенуден қалады, ал ата-ана мектеппен байланысын әлсіретеді. Сондықтан мектеппен тұрақты қарым-қатынас жасап, баланың жағдайын біліп, іс-шараларға белсенді қатысу маңызды.

Осындай белсенді отбасылардың бірі ретінде Халдаровтар жанұясын үлгі етуге болады: олар қалалық деңгейдегі отбасылар сайысында ІІІ орын алған.

Өнер көрсетілім

Ән: «Ана»

Тапсырма: ауыр сөзді қолдауға айналдыру

Кінәлайтын, үмітті сөндіретін сөздер

  1. «Сенен ешқандай жақсылық шықпайды, нөлсің.»
  2. «Неге сен басқа балалардай емессің?»
  3. «Немене ұсқынсыз болып кеткенсің: шашың дудыраған, үстің кір-кір.»
  4. «Тағы осылай істесең, менен таяқ жейсің.»
  5. «Сенің кесіріңнен өмірі жолымыз болмады.»
  6. «Жұмысқа барарда сенің мектеп жиналысың да қабаттасып қалды-ау.»

Қолдайтын, сенім тудыратын балама сөйлемдер

  1. «Сенің қолыңнан көп нәрсе келеді. Еңбектенсең, міндетті түрде жетістікке жетесің.»
  2. «Сенің өзгеше болуың — қалыпты нәрсе. Өз жолың бар, сен де істей аласың.»
  3. «Кел, өзіңді жайлы сезіну үшін үстіңді реттеп алайық: шашыңды тара, киіміңді ауыстыр.»
  4. «Қиындықты бірге жеңеміз. Енді бұл қылықты қайталамауға келісейік.»
  5. «Үлкендердің мәселесіне сен кінәлі емессің. Сенің болашағың алда, арманыңды биік қой.»
  6. «Бүгін жұмыстан сұрана алмаймын, бірақ бос уақытымда сынып жетекшіңмен міндетті түрде жолығамын.»

Кейде біз мән бермейтін бір ауыз сөз баланың жанын ауыртып, бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ойланбай айтылған ұрыс баланы жат қылыққа итермелеуі де ықтимал.

Тренинг: «Шар» және «Өтінемін» ойыны

Ата-ана, жанұя — шағын мемлекет. Бұл мемлекеттің тұғыры мықты болуы үшін, жақсылыққа жақын, адамгершілігі мол, намысшыл ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

«Өтінемін» ойыны

Мақсаты: ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, бір-біріне көңіл бөлу, тыңдай білу дағдыларын күшейту.

Ереже

Жүргізуші «өтінемін» сөзін айтса ғана тапсырма орындалады. «Өтінемін» айтылмаса — орындалмайды.

Сиқырлы сөздер

«Рахмет», «өтінемін», «оқасы жоқ», «мархабат» және т.б.

Тапсырмалар үлгісі

  • Секіріңдер.
  • Оң аяқтарыңды көтеріңдер.
  • Өтінемін, алақандарыңмен қол шапалақтаңдар.
  • Өтінемін, бір-біріңді құшақтаңдар.

Қорытынды: мандариннің мәні

Бала тәрбиесі — ең маңызды мәселе. Ең бастысы — ата-ананың бала өміріндегі орны мен ықпалы зор. Бүгін сіздер бала тәрбиесіне қатысты ойларыңызды ортаға салдыңыздар.

Неге мандарин?

Іс-шара соңында мандарин ұсынудың мәні бар: мандарин — жұмсақ, нәрлі, дәруменге бай, тез жеміс беретін өсімдік. Сол сияқты біз де балаларымызға жұмсақ мінез танытып, жан-жақты тәрбие берейік.

Әке, Ана — үш-ақ әріп тіршілік, Үш әріптен үлбірейді гүл шығып. Үш-ақ әріп дүниені танытқан, Үш-ақ әріп қойған жыршы ғып.

Осы оймен дөңгелек үстелді аяқтаймыз.