Денсаулық тобының тақырыбы Темекіге қарсы Болашақ тобының тақырыбы Есірткіге қарсы Салауат тобының тақырыбы Ішімдікке қарсы
Тәрбие сағаты
Салауатты өмір – нұрлы болашақ
Өмір — табиғаттың адамға сыйлаған ең қымбат қазынасы. Ұзақ та мәнді ғұмырдың берік тірегі — денсаулық. Бүгінгі қоғамда адам денсаулығын сақтау — ең өзекті мәселелердің бірі. Денсаулық жоғалса, оны қайта қалпына келтіру әрдайым оңай емес.
Ел болашағы үшін әр азаматтың дені сау, білімді, әл-ауқаты жоғары болуы маңызды. Сондықтан мектептің басты міндеттерінің бірі — денсаулығы мықты, өмірлік мақсатын айқындай білетін, салауатты өмір салтын ұстанатын тұлға тәрбиелеу.
Мақсаты
Білімділік
Шылым шегу, есірткі қолдану және ішімдік ішу сияқты зиянды әдеттердің адам денсаулығына, мінез-құлқына және болашағына тигізетін зиянын түсіндіру; олардан сақтану жолдарын көрсету.
Дамытушылық
Оқушылардың өмірге құштарлығын арттыру, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету; жаман әдеттерден саналы түрде аулақ болуға дағдыландыру. Өз бетінше ізденуге, зерттеуге баулу және жауапкершілігін күшейту.
Тәрбиелік
Қоғамға пайдалы, дені сау, жаны таза, болашаққа нық сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу. Өзара сыйластық пен ұйымшылдықты қалыптастыру.
Сайыс құрылымы
Топтар
-
1-топ: «Денсаулық»
Бағыты: Темекіге қарсы
-
2-топ: «Болашақ»
Бағыты: Есірткіге қарсы
-
3-топ: «Салауат»
Бағыты: Ішімдікке қарсы
Бағалау жүйесі
Көктемнің алғашқы гүлі — жауқазын арқылы ұпай жинау тәсілі қолданылады. Әр кезеңде топ алған ұпайына сәйкес жауқазын алады.
- Қызыл жауқазын 10 ұпай
- Сары жауқазын 9 ұпай
- Қызғылт жауқазын 8 ұпай
Сайыс соңында ең көп жауқазын жинаған топ жеңімпаз атанады.
Кезеңдер
-
1) Таныстыру
Әр топ өз ұраны мен төсбелгісін таныстырады.
-
2) Жоба қорғау
Зерттеу жұмысын слайд арқылы түсіндіріп, қорғайды.
-
3) «Уланбасын өмірің» (үй тапсырмасы)
Эссе жазу, өлең оқу немесе авторлық өлең ұсыну.
-
4) «Жылдам тап»
Берілген сөздермен денсаулыққа қатысты мақал-мәтел айту.
-
5) Жарнама
Салауатты өмір салтын насихаттайтын сурет салып, таныстыру.
-
6) «Жаманнан жирен»
Берілген ұғымға ассоциация құру, саны мен дәлдігі бағаланады.
-
7) Проблемалық сұрақ
«Жасөспірімдердің зиянды әрекеттерге баруының себебі не?» — талқылау.
-
8) «Есіңде сақта!»
«Салауатты өмір» сөзіне ортақ ассоциация құру.
Ұрандар
«Денсаулық» тобы
Темекіден түтін сорсаң — уланып,
Өзіңді-өзің жіпсіз байлап шырмайсың.
«Болашақ» тобы
Есірткіні даттаймыз,
Салауатты өмір салтын сақтаймыз.
Біз — жасөспірім қауымы,
Жаман жолды баспаймыз.
Ақылды, нық сеніммен
Болашаққа аттаймыз.
«Салауат» тобы
Болар бала кісілікке үйір,
Тозар бала ішімдікке үйір.
Жоба тақырыптары
Темекінің зияны
«Денсаулық» тобы темекінің адамға және қоғамға әсерін зерттеп, қорғайды.
Есірткісіз болашақ
«Болашақ» тобы есірткінің зардабы мен алдын алу жолдарын ұсынады.
Ішімдіктің зияны
«Салауат» тобы ішімдікке тәуелділіктің салдарын түсіндіреді.
«Жылдам тап»: мақал-мәтелдер
Әр топқа сөздер жиынтығы беріліп, сол сөздерді қатыстыра отырып, зиянды әдеттер мен денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдерді жылдам айту тапсырылды.
«Денсаулық» тобы
Сөздер: тіле, сырқат, дәрі, ауыз, жарлы, нұқсан
- Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле.
- Сырқат — тән жарасы, қайғы — жан жарасы.
- Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ.
- Ішің ауырса, аузыңды тый.
- Жарлының байлығы — денінің саулығы.
- Арақ — арыңа нұқсан, темекі — тегіңе нұқсан.
«Болашақ» тобы
Сөздер: жирен, жолама, байлық, ем, салауат, шымыр
- Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен.
- Есірткіге жолама, жетелейді молаға.
- Денсаулық — зор байлық.
- Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде.
- Салауатты өмір — көтеріңкі көңіл.
- Шынықсаң шымыр боларсың.
«Салауат» тобы
Сөздер: шарап, әзәзіл, жеті, күлдіреді, азғын, ас
- Кәпір ғұрыпты бұзады, шарап шырқты бұзады.
- Әзәзіл қоздырады, арақ тоздырады.
- Жол жеті түнде, арақ тал түсте адастырады.
- Арақ алдымен күлдіреді, күлдіріп отырып бүлдіреді.
- Арақ ішті дегенше, азғын жолға түсті де.
- Арақ — атаңнан қалған ас емес.
Проблемалық талқылау
Сұрақ
Жасөспірімдердің зиянды әрекеттерге баруының себебі не?
Әр топ өз көзқарасын дәлелдеп, жеке жауапкершілік, орта ықпалы, ақпараттық қысым, қызығушылық пен «сынап көру» факторы сияқты себептерді талқылайды.
«Есіңде сақта!»
Қорытынды кезеңде барлық топ «Салауатты өмір» ұғымына ассоциация құрып, салауатты өмір сүру үшін қажетті дағдылар мен құндылықтарды атайды: дұрыс тамақтану, спорт, ұйқы, тәртіп, тазалық, пайдалы орта, мақсат, білім.
Қорытынды ой
Бүгінгі сайыс түріндегі тәрбие сағаты өз мәресіне жетті. Бұл кездесуден зиянды әдеттердің салдары туралы маңызды ақпарат алдыңдар деп сенеміз. Сендер — 7-сынып оқушыларысыңдар, ал ата-ана мен ұстаздар қауымы сендердің болашақтарыңа әрдайым алаңдайды.
Кейбір балалар туа бітті денсаулық мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамға пайдасын тигізуге талпынып жүреді. Ал сендердің денсаулықтарың бар, дене мүшелерің бүтін. Ендеше осы аманатқа қиянат жасамай, зиянды әдеттермен өмірлеріңді уламаңдар, өз болашақтарыңа балта шаппаңдар.
Түйін
Зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын тұрақты серік етіңдер. Сонда ғана болашақтарың жарқын болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын азамат болып қалыптасуларыңа толық негіз бар.