Отбасы татулығы, Алпысқа келгеннен ақыл сұра Аңыз әңгіме
Сабақтың тақырыбы
Отбасы жарастығы
Мақсаты
- Отбасы жарастығы және отбасының өсіп-дамуы туралы түсінік беру.
Міндеттері
- Отбасын қадірлеу, адам өміріндегі отбасының орны туралы мағлұмат беру.
- Оқушылардың өз отбасын құрметтеуін арттыру.
- Өз отбасына деген сүйіспеншілігін және мақтаныш сезімін күшейту.
Көрнекілігі
Мақал-мәтелдер, суреттер, жүрекшелер, карточкалар.
Әдісі
Сұрақ-жауап, көрнекілік әдістері.
Шаттық шеңбері
М. Қуанышбеков
Анаң — күнің, жүрегің,
Әкең — өмір тірегің.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Әжең — асыл-ардағың,
Атаң — дана қорғаның.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Ағаң — қамқор асқарың,
Інің — мөлдір аспаның.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Әңгімелесу
Тақырыптық әңгіме: «Отбасы татулығы», «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» (аңыз әңгіме).
Талқылау сұрақтары
- Отбасы туралы әңгіменің мәні неде?
- Неліктен патша «Алпыстан асқаннан ақыл сұра» деген мақалдың мағынасын жаңғыртып, қарттарды аман-сау алып қалды?
- «Отбасы жарастығы» ұғымын қалай түсінесіңдер?
- Отбасы сыйластығына қалай қол жеткізуге болады?
- Отбасы татулығы адамға қандай табыстарға жетуге көмектеседі?
Дәйек сөз
«Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің»
Халық мақалы
Мақалдың мағынасын талқылап, отбасындағы тәрбие мен үлгінің адамның мінезі мен өмірлік бағытына әсерін түсіндіру ұсынылады.
Жаңа ақпарат
Адам үшін өмірдегі ең қымбат құндылық — отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық және бауырмалдық болса, береке-бірлік нығаяды.
Бір-бірін аялап, кешіріп, түсіне білген жанұяның іргесі берік болады.
Тапсырма
Суреттер бойынша әр оқушы отбасы мүшелері туралы сөйлем құрап айтады.
Сергіту сәті
Біз кішкентай баламыз,
Ата-ана тілін аламыз.
Бір-бірімізге қамқор болып,
Тәрбие, білім аламыз.
Көрініс: «Сыйластық»
Оқушылар рөлге бөлінеді: ата-әже, әке-ана, аға-іні, әпке. Әр кейіпкер отбасыдағы мейірім мен жауапкершілікті іс-әрекетімен көрсетеді.
- Ата — кішілерге ақыл айтады.
- Әже — ертегі айтып, жүрекке жылу береді.
- Ана — мейірім мен қамқорлық танытады.
- Аға — үлгі көрсетеді.
- Әпке — жылы сөз айтып, қолдау білдіреді.
Жүрекшелермен жұмыс
Әр оқушыға жүрекше таратылады. Берілген мақал-мәтелдерге сүйене отырып, өз отбасына арналған тілегін жазады және сынып алдында оқып береді.
Ата — асқар тау, Ана — бауырындағы бұлақ, Бала — жағасындағы құрақ.
Ата — бәйтерек, Бала — жапырақ.
Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызынан құтыла алмайсың.
Қорытынды аңыз
Тәрбие сағатын «Ағаштан жасалған ыдыс» атты аңызды әңгімелеу арқылы қорытындылауға болады.
Отбасының адам өміріндегі мәні
- Сүйіспеншілікті сезінуге үйретеді.
- Жақсылыққа жетелейді.
- Еңбектенуге және білім алуға көмектеседі.
- Үлкендерді құрметтеуге, кішілерге қамқор болуға тәрбиелейді.
«Әкеме» әні
Сөзі: О. Сүттібаев
Әні: Ә. Сүлейменов
Ұшырдың баптап ұядан,
Кетпейсің ойдан, қиялдан.
Арманға биік қол созсам,
Тұрасың демеп жиі алдан.
Қайырмасы
Көңілім бүгін алаңды,
Күттің бе, әке, балаңды?
Шаттық пен жарқын тойыңа
Сыйлаймын сазды бұл әнді.
Сабақ соңында ән орындалып, тәрбие сағаты аяқталады.