Біріккен сөздер. Сөздерді оқы

Сабақтың тақырыбы

Біріккен сөздер.

Түрі

Жаңа сабақ.

Әдісі

  • Зерттеу
  • Салыстыру
  • Әңгімелеу
  • Сұрақ-жауап

Құрал-жабдық

  • Көрнекіліктер: сызбалар, суреттер
  • Техникалық құрал: интерактивті тақта
  • Жаңа технология: сын тұрғысынан ойлау, дамыта оқыту

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Біріккен сөздердің екі түбірдің бірігуі арқылы жасалып, тұтас бір ұғымды білдіретінін және бір сұраққа жауап беретінін ұғындыру. Сөйлем ішінен біріккен сөздерді табуға, әртүрлі түбірлерден біріккен сөздер құрастыруға үйрету.

Тәрбиелік

Бірлесе жұмыс істеуді ұйымдастыру арқылы ізденімпаздыққа, ұқыптылыққа, сауаттылыққа, жинақтылыққа, туған жерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушыларды шығармашылыққа баули отырып, ойлау қабілетін дамыту және сөздік қорын молайту.

Негізгі ұғым

Біріккен сөз — екі не одан да көп түбірдің бірігіп, тұтас бір ұғымды білдіруі арқылы жасалатын күрделі сөз. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады.

Мысалдар

асқабақ қосаяқ Алатау Айдос Сарыағаш

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру бөлімі

  • Оқушыларды сабаққа дайындау
  • Сыныпты топқа бөлу

II. Психологиялық дайындық

Сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастыру, ынтымақтастық атмосферасын құру.

III. Өткен сабақты еске түсіру

Сұрақ

Күрделі сөздер дегеніміз не?

Жауап

Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді күрделі сөз дейміз. Олар бір сұраққа жауап береді.

Сұрақ

Күрделі сөздер қалай жасалады?

Жауап

Күрделі сөздер түбірлердің тіркесуі, бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.

IV. Жаңа сабақ

а) Суретпен жұмыс

Тақтадағы суреттерге сәйкес сөздерді сәйкестендіреміз:

тайлақ бірқазан Айгүл Айнагүл Ертіс Ботагөз
  • Бұл сөздер қалай жазылып тұр?
  • Сөз құрамына талдаймыз: әр сөздің неше түбірден құралғанын анықтап, дәлелдейміз.

ә) Ережені қорыту

Екі не одан да көп түбір бірігіп, тұтас бір ұғымды білдірсе, ол біріккен сөз болады. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады.

Бүгінгі сабақта осы ережені қолдануды үйренеміз және күннің жадын жазамыз.

V. Оқулықпен жұмыс

8-жаттығу

  • Сөздерді оқы.
  • Олардың қалай жасалғанын анықта.
  • Оқыған сөздеріңді сөз құрамына талда: әр сөз неше түбірден құралған? (ауызша)

VI. Дәптермен жұмыс

9-жаттығу

Сөздерді оқып, көшіріп жаз:

Аққу бұзаубас Ақмарал шаңсорғыш балмұздақ егеуқұйрық Жетіқарақшы шекара

VII. Өздік диктант

Мәтінді жатқа жаз:

«Кемпірқосақ»

Күн күркіреп, себелеп, Жаңбыр жауып, басылды. Көкжиекке керемет Кемпірқосақ асылды.

VIII. Топпен жұмыс

1-топ

  • Аңдар: …, …
  • Құстар: …, …

2-топ

  • Өсімдіктер: …, …
  • Жер-су атаулары: …, …

IX. Суретпен жұмыс

Суретке қарап, «Хайуанаттар бағына саяхат» тақырыбына әңгіме құрап жаз. Мәтін ішінде біріккен сөз болып келетін аң-құстарды жазуды ұмытпа.

X–XI. Ойындар

X. «Жоғалған сөздерді тап»

Берілген тапсырма бойынша жоғалған сөздерді тауып, біріккен сөздерді дұрыс жаз.

XI. «Кім жылдам?»

«Ақтөбе» сөзінен баспалдақ (сөз тізбегі) жаса.

XII. Қорытынды

Талқылау сұрақтары

  • Не білдік?
  • Сабақ несімен ұнады?
  • Сабақта белсенді қатысқан кімдер болды?

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен белсенділігіне қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

11-жаттығу: біріккен сөздерге қатысты мақал-мәтелдер жазып келу.