Баласының біліміне алаңдап

Тақырыбы

Мектеп – кеме, білім – теңіз (бастауышпен қоштасу мерекесі)

Мақсаты

  1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын ұғындыру, бастауышта алған білімнің берік негіз екенін дәлелдеу.
  2. Алғаш қалам ұстатқан ұстазбен қоштасып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру; әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт-сапар тілеу.
  3. Мектепті, ұстазды құрметтеуге баулу; білімге құштарлықты арттыру; елін сүйетін адал ұл-қыз етіп тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Слайд-презентация
  • Дәптерлер, оқушы жұмыстары
  • Қанатты сөздер

Негізгі ой

Мектеп – кеме. Білім – теңіз. Балалар осы кемемен алыс сапарға аттанып, білім теңізінде жүзуді үйренеді.

Кіріспе

Музыка ойнап тұрады. Сыныптың теңізші ұл-қыздары О. Газмановтың «Я морячка, ты моряк» әніне билеп шығады. Одан кейін «матростар биімен» сынып түгел сап түзеп, ортаға келеді.

Капитанның сөзі

«Бәріміз түгелміз бе? Қане, тексерейін. Кім жоқ екен?»

Оқушыларды мінезі мен қырына қарай атап шығу: Суретші Әлкен, Пысық Нұрғанат, Білгіш Елхан, Әнші Марал, Сыпайы Анара, Тілалғыш Камила, Ынталы Аяжан, Ерке Еламан, Епті Ерасыл, Биші Меруерт, Батыл Бақытжан, Ақылды Бағлан және сынып оқушылары толық аталады.

Хормен айтылатын ұран

Мектеп – кеме, білім – теңіз, Барар жолға тез жетеміз. Адаспаймыз ұлы жолда, Ұстаз берген білім қолда.

Капитан: «Алыс сапарға жол салып берген ұстаз еңбегіне әрқашан бас иеміз». Барлығы тағзым етеді.

Негізгі бөлім: Ұстазға мың алғыс

Ақбаян

Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ы. Алтынсарин атамыздың сөзі – мәңгілік өлшем. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білім мен тәрбиенің жүзеге аспайтыны анық. Данышпан да, еңбеккер де, арман қуған жеткіншек те бір адамға қарыздар. Ол – ұстаз! Сондықтан ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Бізді үлкен жолға салған ұстазға алғысымыз шексіз.

Өлең жолдары

Жадыра: Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны, Айқара есік ашып тастағаны. Бір мереке думан боп осы маңда, Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны. Енді міне, сағымдай боп өте шықты, Төрт жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті? Ұстаз-ана жасады мына бізден Ел таңғалар азамат, бір-бір мықты.

Балтабек: Үйретіп бізге алғаш әліппені, Ұстазым ғылымға жол салып берді. Адамның ой-арманы, мақсаттары Оқудың сәулесімен жарық көрді.

Ақтоты: Өмірге жол бір өзіңнен бастадым, Әріптерді алғаш сенен жаттадым. Ұстаз-ана, естен кетпес мәңгілік, Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.

Бақытжан: Әлі есімде мектепке алғаш барғаным, Өз қолыммен әліппені алғаным. Санай ашып әліппенің парағын, Әріптерге үнсіз ұзақ қарадым.

Ән

«Ұстазым» әні орындалады.

Камила, Ержан

«Бүгіннен бастап небір елді аралай аламыз. Бізге ағылшын, орыс тілін жақсы білу керек. Әрине, шетел тілін еркін меңгердік. Олай болса, білімімізді көрсетейік!»

Көріністер

  • Орыс тілінде орындау (Бағлан)
  • Ағылшын тіліндегі шағын көрініс
  • Қазақша попурри, соңында мұғалімге алғыс айту

Бағланның алғысы

Ұстаздар, сіздерді айтып мақтанамыз, Бейнеңіз жүректерде сақталады. Біз әлі биіктерден көрінеміз, Үміт пен сеніміңіз ақталады.

Бәрі: «Мың алғыс сізге біздей түлектерден, мың алғыс мына отты жүректерден!»

Өнерлі өрендер

Фортепианода Елхан мен Айымгүлдің орындауында этюд.

Мұғалімнің толғанысы

4 сыныпта төрт мұхиттай күн кештік, Әр сыныбы – бір мұхиттай тереңдік. Терең жүзіп, терең оқып білім ап, Ой-сананың маржанына кенелдік.

Би

1-сыныптан бері салынған оқушылар шығармашылығынан үзінділер, 8 наурыз мерекесіне арналған би.

Ағылшын биі

Нұрай, Жадыра, Меруерт орындауында.

Ата-аналармен бөлім: «Алты материк» тапсырмалары

Мұғалім: «Білім қуған, ізденімпаз теңізшілердің бармайтын жері, баспайтын тауы болмайтын шығар. Ал ата-ана – әрқашан қолдаушы, тілекші». Ортаға 6 ата-ана шығады. Слайд арқылы тапсырмалар беріледі.

Еуразия

Білім туралы 10 мақал-мәтел айтыңыз.

Африка

Тірі табиғат пен өлі табиғат түрлерін атаңыз.

Аустралия

9-дың квадраты (81) мен 3-тің кубының (27) айырмасын табыңыз. Жауабы: 54.

Солтүстік Америка

Адам қоныстанбаған материкті атаңыз. Антарктида.

Оңтүстік Америка

Бейнеу гимназиясына биыл неше жыл? 15 жыл.

Антарктида

Балаңыз қай пәнді сүйіп оқиды?

Көрініс: «2030 жылындағы 4 “А” сыныбы»

Рамазанның кіріспе сөзі

Өнер десе ішкен асын жерге қояр халықпыз, Балалықты артқа тастап, есейіп те қалыппыз. Болашақтың кілтін ұстап, бір-бір маман боламыз, Бойымызға жиған-терген білім нәрін алып біз.

Сахна желісі

Автор: «Ұлт болашағын ойлаған ұстаз ертеңгі ұрпақ үшін өз ойын ортаға салмақ болып қала әкіміне келеді». Қала әкімінің орнында бір жас жігіт отырады. Ол – ұстаздың шәкірті.

  • Ұстаз (Гүлназ апай) жастардың туған жерге оралып, Бейнеуді көркейтуі туралы ұсыныс айтады.
  • Әкім өзін таныстырады: «Мен Боранбаев Бақытжанмын».
  • Сыныптастарының жетістіктерін атап өтеді: Рамазан – денсаулық саласында, Нұрай – білім саласында, Еламан – банк ісінде, Жадыра – өнер саласында, Елхан – ғылымда, Балтабек – ел басқару ісінде және өзге оқушылар – кәсіпкерлік бағытта.

Қорытынды ой

Білім теңізінде еркін жүзген шәкірттер мектеп кемесімен болашақты шарлап, әрқайсысы өз саласының тірегіне айналады. Еліміздің байрағын әлемге танытатын жасампаз ұрпақ алда – капитан болып жүзеді.

Хор және би

Хор: «Атамекен». Би: «Қосалқа» (Жадыра, Нұрай). Слайдта оқу жылындағы оқушы жетістіктері көрсетіледі.

Қоштасу сөздері

Аяжан

Балалықпен тәртіп бұзсақ, кешіруді сұраймыз, Терең білім алуды енді мақсат етіп шыңдаймыз. Алтын ұя мектеп даңқын даралап тағзым етеміз, Білімді әрі жалғастырып, арманға біз жетеміз.

Әлкен

Өтті сенде қызық шағым, Бастауышым – балбұлағым. Қоштасар күн жетті міне, Қимастықпен қол бұлғадым.

Нұрғанат

Өзіңсің балауса көктемім, Мен сенен нәр алдым, көктедім. Өмірде алғашқы өткелім, Хор: «Рахмет саған, бастауыш мектебім!»

Қорытынды: Марапаттау және алғыс

Құрметті шәкірттер! Төрт жыл бойы білім нәрімен сусындап, негізгі білімді Бейнеу гимназиясынан алдыңыздар. Енді сол еңбектің нәтижесін көрсететін сәт келді.

Бағалау мен ынталандыру жүйесі

  • Апта сайын кемі 6 «5» жинаған оқушы – жасыл марапат.
  • 9 «5» жинаған оқушы – қызыл марапат.
  • 13 «5» жинаған оқушы – сары алтын түстес марапат.

Жыл соңында әр түстен кім қанша жинағаны саналып, 1 орын, 2 орын, 3 орын иелері анықталады. Бұл оқушылар күннен-күнге ынталанып, оқуға көп күш салды. Рақмет және құттықтаймыз!

Белсенді ата-аналарды марапаттау

Мектеп өміріне етене араласып, қоғамдық шараларда белсенділік танытқан ата-аналарымыз да бар. Олар – баласының оқуына үнемі қолдау көрсетіп, сыныппен бірлесе еңбек еткен үлкен тірек.

«Қамқор ата-ана»

Ақбаянның әжесі, Бақытжанның анасы, Жадыраның анасы, Елханның анасы, Нұрайдың анасы, Бағланның анасы, Ақтотының анасы және өзге де белсенді ата-аналар атап өтіледі.

«Үлгілі ата-ана»

Аяжанның анасы, Балтабектің анасы, Маралдың анасы, Аружанның анасы және тізімдегі өзге де ата-аналар марапатталады.

Ұстаздың ақ тілеуі

Қымбатты шәкірттерім, теңіздей терең білім алып, болашаққа бет алған желкенді қайықтарыңыз ешқашан тоқтамасын. Асау толқынды өмірдің қиындықтарын жеңіп, ұстаз берген білім мен тәрбиені қару етіп, талмай жүзе берулеріңізге шын жүректен тілектеспін.

Шәкірттерге естелік суреттер табысталады. «Қабыл алыңыздар. Сәт сапар, шәкірттер! Жолдарыңыз болсын!»